30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Чемпионшиптегі «Мидлсброға» қарсы матчта санның артқы бұлшықетінен жарақат алып, бірнеше апта ойындарға қатыспайды. Бұл туралы «Бернли» бас бапкері Ники Хайен мәлімдеді. Оның айтуынша, 18 жастағы футболшының маусым алдындағы дайындығы да толыққанды болмаған. Жарақат Сәтпаев Англия футболындағы ең үздік ойындарының бірін өткізген кездесуде болды. «Терф Мур» стадионында өткен матч 1:1 есебімен аяқталып, қазақстандық футболшы кездесудің үздік ойыншысы атанды.
Жарақат қалай алынды?
Сәтпаев «Бернли» сапында қатарынан үшінші рет негізгі құрамда алаңға шығып, «Мидлсброға» қарсы ойында 80 минут өткізді. 81-минутта алаңнан ауыстырылған кезде ол ақсандап, санының артқы жағын ұстап шықты.
Ойыннан кейін бірден Хайен шабуылшының аяғын жай ғана құрысуы мүмкін деп болжаған. Ол ешкім ұзақ мерзімді жарақат алғысы келмейтінін айтып, 90 минут бойы ойнау тәжірибелі футболшылардың өзі үшін қиын екенін, жас ойыншы үшін тіпті ауыр екенін атап өтті. Алайда кейінгі медициналық тексеру жағдайдың күрделірек екенін көрсетті. Нақты диагноз бойынша Сәтпаевтың санның артқы бұлшықеті зақымданған.
Осы жарақатына байланысты Сәтпаев «Бернлидің» келесі матчына – «Бристоль Ситиге» қарсы кездесуге қатыса алмады. Бұл ойында команда 1:2 есебімен жеңілді. Чемпионаттағы бес турдан кейін клуб әлі жеңіске жеткен жоқ. Екі ұпай жинаған «Бернли» турнир кестесінің соңында, 24-орында тұр.
Хайен жағдайға қатысты не деді?
«Бернли» бапкері журналистерге шабуылшының бірнеше аптаға қатардан шығуы назар аударуды қажет ететін белгілердің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, Сәтпаевтың маусым алдындағы дайындығы толық болмаған. Сондықтан клуб жас футболшыға түсетін жүктеме мен оны жарақаттан қорғау қажеттілігінің арасынан тепе-теңдік табуға тырысып жатыр.
Хайен диагноз ресми түрде расталмай тұрып-ақ осыған ұқсас пікір айтқан. Ол 18 жастағы футболшының қатарынан үшінші матчта алаңда толық дерлік тайм өткізіп жүргеніне назар аударған. Әзірге бас бапкер Сәтпаевтың нақты қашан қатарға қосылатынын айтқан жоқ.
«Терф Мурдағы» жанкүйерлердің реакциясы
«Мидлсброға» қарсы ойынды «Бернли» жанкүйерлері жарақат жағдайына байланысты да есте сақтайтын болды. Сәтпаев ауыстырылған кезде трибунадағы жанкүйерлердің едәуір бөлігі орындарынан тұрып, қазақстандық футболшыны қол шапалақтап шығарып салды. Дәл осы кездесуден кейін шабуылшы ресми түрде матчтың үздік ойыншысы деп танылды.
Шетелдік басылымдар «Бернли» жанкүйерлерінің клубқа келгеніне небәрі бірнеше апта болған қазақстандық футболшының есімін ұрандатқанына назар аударды. Ағылшын футболын жазатын аккаунттардың бірі жас футболшыны ерекше талант ретінде атап, оның есімін есте сақтау керек екенін жазды. Ал кей жанкүйерлер оның ойын мәнерін аңызға айналған Уэйн Рунимен салыстырып, алаңның барлық бөлігінде белсенді ойнайтынын атап өтті.
Ұлттық құрама ойындары және «Бернлидің» күнтізбесі
19 қыркүйекте «Дерби Каунтиге» қарсы матчтан кейін клубта ұлттық құрамалардың ойындарына байланысты үзіліс басталады. Ол шамамен үш аптаға созылады.
Дәл осы кезеңде Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы ойындарын өткізеді. 26 қыркүйекте Талғат Байсуфинов бастаған команда сырт алаңда Фарер аралдарымен кездессе, 29 қыркүйекте Словакияға қонаққа барады. Сәтпаевтың жарақатына байланысты оның бұл екі матчқа да қатысуы әзірге сұрақ белгісінде.
«Бернли» клубының маусымы тек 10 қазанда сырт алаңда «Уотфордқа» қарсы матчпен қайта жалғасады. Одан кейін ойындар жиілейді: 13 қазанда команда өз алаңында «Чарльтон Атлетикті» қабылдайды, ал 17 қазанда «Терф Мурға» «Вулверхэмптон» келеді. Осы уақытқа дейін Сәтпаевтың қалпына келуіне бапкер айтқан бірнеше апта жеткілікті болуы мүмкін.
«Бернли» Лига кубогынан шығып қалды
Ағылшын Лига кубогындағы жағдайды да атап өткен жөн. Көптеген жанкүйерлер «Бернлидің» турнир барысында ағылшын футболының алпауыттарымен кездесуі мүмкін екенін күткен еді.
Алайда клуб жарыстан 26 тамызда-ақ шығып қалды. Екінші раундта «Брэдфорд Ситиге» қарсы негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталып, пенальти сериясында алаң иелері 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша «Бернлидің» биылғы Лига кубогында ағылшын футболының топ-клубтарымен кездесуге мүмкіндігі қалмады. Ал Англия кубогына келсек, Чемпионшип командалары дәстүр бойынша негізгі кезеңнің бірінші раундынан бастап қараша айында жарысқа қосылады.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды