Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрінісБаянауыл Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Туристік инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде биыл курорттық аймақ бір маусымда 300 мыңға дейін туристі қабылдай алады.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Vizit Bayanaul «Сарыарқа сыры» заманауи визит-орталығының ашылуы болды. Салтанатты рәсімге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Баянауылдың тарихи-рухани маңызы мен туристік әлеуетіне ерекше тоқталып, өңірдің табиғи және мәдени мұрасын сақтай отырып, заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінде Баянауылда туристік саланы жаңғыртуға бағытталған жүйелі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Жаңа нысанның ашылуында сөз сөйлеген өңір басшысы туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз Баянауылдың әлеуетін толық ашатын және оны Қазақстандағы туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналдыратын заманауи туристік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Бүгін біз жай ғана визит-орталықты емес, тарих, мәдениет және рухани мұраны заманауи технологиялармен ұштастыратын орталықты ашып отырмыз. Бұл – өңірдің болашағына салынған инвестиция. Біздің мақсатымыз – Баянауылды қайта-қайта келгің келетін мекенге айналдыру, – деді Асайын Байханов.
Жаңа визит-орталық Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің келушілеріне арналған негізгі ақпараттық және бағыт-бағдар беретін орталыққа айналады. Мұнда туристер бағыттар, табиғи көрікті жерлер, киелі нысандар мен өңірдің мәдени мұрасы туралы жан-жақты ақпарат ала алады.
Жалпы аумағы 740 шаршы метрді құрайтын кешенде туристік бағыттардың цифрлық картасы бар интерактивті аймақ, музей кеңістігі, конференц-зал, коворкинг, трансформер-кітапхана, кофехана, ана мен бала бөлмелері және жайлы демалыс аймақтары орналасқан.
Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект технологияларының қолданылуы. Заманауи мультимедиялық шешімдердің көмегімен келушілер интерактивті форматта Баянауыл өңірінің табиғатымен, тарихымен және бай мәдени мұрасымен таныса алады. Жаңа нысан өңірдің туристік экожүйесін дамытудағы маңызды буынға айналып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыруға қосқан үлесі үшін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «Еуразиялық топ» ЖШС-нің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі менеджері Балым Гаязова, YouthArt қалалық даму қорының құрылтайшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кристина Бекмурзаева және «СМУ-Астана LTD» ЖШС-нің директоры Еркін Қапаров марапатталды.
Сол күні белгілі өлкетанушы, туризм саласының үздігі, «Елім-ай» сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Алтынбек Жұматұлы 25 жылдан астам уақыт бойы архив құжаттарын зерттеп, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеп, көнекөз қариялардың естеліктерін жинақтап келеді. Оның өмірінде қасиетті Қоңыр әулие үңгірінің орны ерекше. Ол осы киелі орынның ұзақ жылдардан бергі шырақшысы ретінде туристерге Баянауылдың тарихы мен аңыздарын, рухани мұрасын таныстырып жүр. Кітап бес бөлімнен тұрады және өңір тарихына, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Қаныш Сәтбаевтың, Әлкей Марғұланның және Ермұхан Бекмахановтың мұрасына қатысты бірегей материалдарды қамтиды.
Тұсаукесерге жиналған қауымға «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, белгілі айтыскер Аспанбек Шұғатаев арнау айтты. Іс-шараға танымал өлкетанушылар, жазушылар және қоғам қайраткерлері Сайлау Байбосын, Қайыржан Ахметов, Болат Аманбаев, Серік Елікбай, Асыл Әбіш және Бейбіт Бөжен қатысты.
Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов Баянауылдың кіреберіс жолында орнатылған жаңа стеламен де танысты. Биіктігі 30 метр болатын заманауи сәулеттік нысанда салт атты бейнесі, ұлттық ою-өрнек пен қазақ үйінің кереге элементтері көрініс тапқан. Оның жанында табиғи тастан жасалған Bayanaul жазуы орнатылып, аумағы толық абаттандырылды. Мұнда кіреберіс және жаяу жүргіншілер жолдары салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде Баянауыл соңғы жылдардағы туристік инфрақұрылымды жаңғыртудың ең ауқымды кезеңдерінің бірін бастан өткеруде. Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің жағалауы кешенді түрде абаттандырылып, заманауи жағажайлар, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен қызмет көрсету нысандары салынуда. Сабындыкөл жағасында ұзындығы бір шақырым болатын серуендеу аймағы салынса, Жасыбай көлінің орталық жағажайы спорт және балалар алаңдарымен, демалыс орындарымен, санитарлық модульдермен және фуд-корттармен жабдықталды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Баянауыл курорттық аймағына 270 мың турист келген. Ішкі туризм көрсеткіші 27 пайызға, ал сырттан келушілер саны 25 пайызға артқан. Биыл өңірге келетін туристер саны 300 мың адамға дейін жетеді деп күтілуде.
Жұмыс сапарының қорытындысы Сабындыкөл жағасында өткен Bayanaul FEST фестивалімен түйінделді. Спорттық жарыстар, отбасылық байқаулар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, бас сахнада Жұбаныш Жексенұлы, KeshYou тобы, Нұрболат Абдуллин және Kalifarniya өнер көрсетті.
Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?