Сапарыңыз жайлы өтсін десеңіз: ұшақ жолаушылары білуі тиіс әдеп ережелері

Сапарыңыз жайлы өтсін десеңіз: ұшақ жолаушылары білуі тиіс әдеп ережелері

Мадина Асылбекова
Фото: © pixabay.com

Әдептің басты қағидаларының бірі – «Өзіңе қалай жайлы болса, өзгеге де солай жайлы болсын». Әсіресе әуе сапарында бұл ұстанымның маңызы арта түседі. Өйткені жолаушылар ұзақ уақыт бойы тар әрі жабық кеңістікте бірге отырады. Мұндай жағдайда бір адамның орынсыз әрекеті өзгелердің мазасын алып, әдеттегі өмірде байқала бермейтін келіспеушілікке себеп болуы мүмкін.

Әуе компанияларының жолаушыларға арналған ережелерінде ұшақтағы әр адам экипаж мүшелерінің нұсқауын орындауға, тәртіп сақтауға және қажет болған жағдайда электронды құрылғыларын өшіруге немесе ұшу режиміне ауыстыруға міндетті екені көрсетіледі.

Қауіпсіз әрі жайлы сапар үшін осы талаптарды орындау жеткілікті сияқты көрінгенімен, іс жүзінде әдептің өзге де қағидаларын ескерген жөн. Ұшақтағы мәдениетті мінез-құлық тек қауіпсіздік ережелерін сақтаумен шектелмейді.

1. «Сәлем» мен «сау болдың» қадірі

Бала кезден бойымызға сіңген қарапайым әдеп қағидаларының бірі – сәлемдесу. Оның мәні уақыт өткен сайын жоғалған жоқ. Ұшаққа кіргенде бортсеріктерге сәлем беріп, ұшақтан түскенде алғыс айтып, қоштасқан жөн.

Қасыңыздағы орынға басқа жолаушылар жайғасса, олармен да амандасқан дұрыс. Бірақ танысып, ұзақ әңгіме өрбіту міндетті емес. Егер көршіңіз тым көп сөйлеп, өз өмірін түгел баяндауға кіріссе, әңгімені сыпайы түрде тоқтатуға болады.

Мұндайда құлаққап тағып, тыныштық қажет екенін білдіруге болады. Өзіңізді жайсыз сезініп отырсаңыз, оны да ашық айтқан жөн. Ең бастысы – біреудің көңілін қалдырмаймын деп, өзіңізге қолайсыз жағдай туғызбау.

2. Телефонды дыбыссыз режимге қойыңыз

Қазіргі заманда смартфонсыз өмірді елестету қиын. Оның ішінде адамның жұмысы, жеке байланыстары, күнделікті тіршілігіне қатысты маңызды мәліметтер болуы мүмкін. Сондықтан телефонды пайдалану мәселесінде әдеп мамандары бұрынғыдай қатаң талап қоймайды.

Дегенмен өзгермейтін қағида бар: ұшақта телефонды дыбыссыз немесе діріл режиміне ауыстырған дұрыс. Видео көргенде, музыка немесе аудио тыңдағанда міндетті түрде құлаққап пайдаланыңыз.

Ұшақта тыныштық сақтауға мән берген жөн. Бір жақтан күлкілі видеоның дауысы естіліп, екінші жақтан баланың мерекелік қойылымы қосылып, тағы бір жерде хабарлама дыбысы үздіксіз шығып тұрса, демалғысы келген жолаушыға жайсыздық туғызады.

Оның үстіне ешкім өзгенің жеке әңгімесін немесе телефондағы дүниесін еріксіз тыңдауға міндетті емес. Сондықтан гаджетті пайдаланғанда айналадағы адамдардың тыныштығын да ойлаған абзал.

3. Тазалық, күтім және жеке кеңістік

Ұшаққа мінер алдында жеке гигиенаға көңіл бөлген жөн. Мүмкіндік болса, душ қабылдап, таза киім мен шұлық киіп, дезодорант қолданған дұрыс. Ал өткір иісті әтірді ерекше жағдайға қалдырған жөн.

Ұшақ салонында бет күтімін шамадан тыс жасау да әдепке жатпайды. Матадан жасалған бет маскасын немесе көз астына арналған патчтарды үйде қолданған дұрыс. Сапар барысында теріні сергіту үшін термалды су пайдалануға болады.

Ұшаққа тым қалың киініп бармаған жөн. Артық жылы киім терлетіп, ұзақ сапарды жайсыз етуі мүмкін. Аяқ киімді де орынсыз шешіп тастамаған дұрыс. Егер аяқ ісініп, аяқ киімді шешуге тура келсе, алдын ала таза шұлық пен ауыстыратын жеңіл аяқ киім дайындап алған жөн.

Ұйықтап жатқан жолаушы да өз әрекетіне жауапты. Қасыңыздағы адамның иығына басыңызды қойып жату – оның жеке кеңістігін бұзу. Өзге жолаушының орындығына сүйеніп, заттарын қозғауға да болмайды.

Ал орындықтың арқалығын шалқайтар алдында артта отырған адамға ескертіп алған дұрыс. Бұл – ұсақ көрінгенімен, өзара сыйластықты білдіретін маңызды әдеп.

Тағы бір бейресми қағида бар: ортаңғы орындықта отырған жолаушыға екі жақтағы шынтақтаянышты пайдалануға мүмкіндік берген жөн. Өйткені қатардағы үш орынның ішінде дәл осы орын ең қолайсыз саналады.

4. «Жалған джентльмендікке» жол бермеңіз

Әдеп ережелері бойынша өзге адамға дөрекі ескерту жасауға, бөтен баланы тәрбиелеуге араласуға немесе наразылықты айқаймен білдіруге болмайды. Бірақ сыпайылықты сылтау етіп, басқаның әдепсіз әрекетіне үнсіз төзе беру де дұрыс емес.

Мұндай жағдайды «жалған джентльмендік» деп атауға болады. Егер бір жолаушы айналасындағыларға қолайсыздық туғызып, тыныштықты бұзса немесе ортақ тәртіпті елемесе, бортсеріктерден көмек сұраған жөн.

Ұшақ экипажының міндетіне жолаушылар арасындағы мәселелерді реттеу, қажет болған жағдайда жанжалдың алдын алу да кіреді. Бортсерік әуе тасымалының ережелерін түсіндіріп, тәртіпті сақтауды талап ете алады. Осылайша мәселені өзара сөзге келіп шешуге тырысқаннан гөрі, оны жауапты қызметкерге тапсырған дұрыс.

5. Әдептің алтын қағидасы

Ұшақ пайда болмай тұрып-ақ адамгершіліктің алтын қағидасы қалыптасқан: «Өзіңе қалай қарағанын қаласаң, сен де өзгеге де солай қара».

Бұл ұстаным күнделікті өмірде де, әуе сапарында да өз маңызын жоғалтпайды. Қандай жағдайда қалай әрекет ету керегін білмей қалсаңыз, өзіңізді басқа адамның орнына қойып көріңіз.

Қасыңыздағы жолаушыға бұл әрекетіңіз жайлы бола ма? Оның тыныштығын бұзбайсыз ба? Өзгеге қолайсыздық тудырмайсыз ба?

Осы сұрақтарға жауап берсеңіз, дұрыс шешім қабылдау оңайырақ болады.

Ұшақтағы әдептің түпкі мәні – өзіңді ғана ойламай, ортақ кеңістіктегі адамдардың да жайлылығын ескеру. Өйткені сәтті сапар тек діттеген жерге аман жетумен емес, жол бойында өзгелерге құрмет көрсете білумен де өлшенеді.

Оқи отырыңыз

{