17.12.2025
17:20
470
Сапалы ұйқының алты басты қағидасы анықталды

Сапалы ұйқының алты басты қағидасы анықталды

Ұйқы саласының сарапшысы Лиза Артис сапалы әрі тыныш ұйқыға қол жеткізудің алты негізгі қағидасын атап өтті. Бұл туралы Daily Mirror басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Лиза Артистің айтуынша, ұйқыны дұрыс реттеудегі ең басты фактор – тұрақтылық. Сол себепті белгілі бір уақыт режимін қалыптастырып, соны күн сайын ұстану қажет. Дегенмен маман кейде кестенің бұзылуы қалыпты жағдай екенін де атап өтті.

Егер бір күні кеш жатсаңыз, келесі күні әдеттегі уақытта оянып, қайтадан сол қалыптасқан уақытта ұйықтауға тырысыңыз. Осылайша бір түнгі ұйқысыздық бүкіл режимді бұзып жібермейді, – дейді Артис.

Сондай-ақ маман ұйықтар алдында кемінде 20 минут бұрын смартфонды бір жаққа қойып, осы уақытты тынығуға арнауға кеңес береді. Жылы душ немесе ванна қабылдау, не жай ғана көрпеге оранып отыру ағзаны ұйқыға дайындайды. Алайда бұл бөлме тым ыстық болуы керек дегенді білдірмейді. Сарапшының айтуынша, ұйқыға ең қолайлы температура – 16-18 градус.

Бұдан бөлек, ұйқының сапасын арттыру үшін маман ауыр тағамды ұйқыға дейін кемінде үш сағат бұрын жеуді тоқтатуға және кешкі уақытта алкогольден бас тартуға кеңес береді. Оның сөзінше, мұндай әдеттер ұйқының бөлінуіне және тынышсыз өтуіне себеп болуы мүмкін.