«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың үш жылдық кірісі белгілі болды

«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың үш жылдық кірісі белгілі болды

Ажар Лаубаева
Фото: Самұрық-Қазына

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен ұсталған «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың кейінгі жылдардағы табысы белгілі болды. Оның салық декларацияларында үш жыл ішінде 800 миллион теңгеден астам кіріс көрсетілген, деп хабарлайды El.kz интернет-порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Үш жылда қанша табыс тапқан?

Нұрлан Жақыповтың 2022-2024 жылдардағы салық декларацияларында жалпы сомасы 806 миллион теңгеден астам кіріс көрсетілген.

Ең жоғары көрсеткіш 2022 жылы тіркелген. Сол жылы ол 422 миллион 182 мың теңге табысын декларациялаған.

Ал 2023 жылы бұл сома екі еседен астам азайып, 186 миллион 543 мың 551 теңгені құраған.

2024 жылы декларацияланған кіріс 197 миллион 259 мың 412 теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 10,7 миллион теңгеге көп болғанымен, 2022 жылғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

Айта кетейік, декларацияда көрсетілген сомаларға Жақыповтың жалақысы кірмейді. Себебі жалақыдан салықты жұмыс беруші ұстап қалады. Ал декларацияның бұл бөлігінде азаматтың өзі салық төлеуге тиіс өзге де кірістері көрсетіледі.

Қай жылдары қандай қызмет атқарған?

Нұрлан Жақыпов 2022 жылы Kazakhstan Investment Development Fund Management Company компаниясының басқарма төрағасы болған. Оның декларациясындағы ең жоғары кіріс те осы кезеңге сәйкес келеді.

2023 жылдың сәуірінде ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Сол жылы декларацияланған табысы айтарлықтай азайған.

Ал 2025 жылға қатысты декларация деректері әзірге жарияланған жоқ.

Нұрлан Жақыпов не үшін ұсталды?

Бұған дейін Астанадағы Atlant тұрғын үй кешенінің маңында доллар купюралары шашылып жатқан видео әлеуметтік желіде тараған еді. Кадрлардан жерде жатқан ақша бумаларын, чемодандар мен сөмкелерді көруге болады.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевті және өзге де тұлғаларды ұстағанын хабарлады.

Олар сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

Алайда тұрғын үй кешені маңынан табылған ақшаның аталған тұлғалардың ұсталуына қатысы бар-жоғы әзірге нақтыланбаған.

Оқи отырыңыз

{