Мәдениет

«Сағыныш пен махаббат ешқашан ескірмейді»: «Біз жолығамыз» әнінің авторы Нұртас Тұрғанбекпен сұхбат

05.06.2026 17:15
Диана Орынбасар
Фото: Фото: коллаж AI / El.kz

Соңғы күндері әлеуметтік желіде ерекше қарқынмен тарап жатқан әндердің бірі – «Біз жолығамыз». Бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде ән TikTok пен Instagram желісінде мыңдаған адамның сүйікті туындысына айналды. Бірі оны жоғалтқан махаббатына арнаса, енді бірі өмірінде кездескен, бірақ бірге бола алмаған адамын еске алып тыңдап жүр. Әннің әсерлі әуенімен қатар, көпшіліктің жүрегіне жеткен сөздері де назар аудартты.

Жалпы «Біз жолығамыз», «Тоқта», «Бір ойлап аламын», «Шыныңды айт» секілді жастар арасында кең тараған әндердің мәтінін жазған ақын – Нұртас Тұрғанбек. Бүгінде оның қоржынында жүздеген ән бар. Дегенмен ақынның өзі үшін әннің сөзін жазу – жай ғана кәсіп емес, жүректен шыққан сезімді сөзге айналдыру.

Нұртас Тұрғанбектың архивінен

Әннің тағдырын тек әнші емес, ақын да арқалайды

Нұртас Тұрғанбек эстрадада ән авторларының еңбегі көбіне тасада қалып қоятынын жасырмайды.

Тыңдарман ең алдымен әншінің дауысын естиді, жүзін көреді. Бірақ әннің жүрекке жетуі үшін қаншама адамның жаны мен сезімі құйылғанын көпшілік ойлай бермейді. Кейде тіпті әншінің өзі де. Мен әнге де, сөзге де жеңіл қарамауға тырысамын. Алдымен әнді толық тыңдаймын. Егер жүрегіме әсер етсе ғана жазуға келісемін, – дейді ақын.

Оның айтуынша, кейде қаламгер еңбегіне құрмет көрсетілмей жататын жағдайлар да кездеседі.

Кезінде талай әнге тегін де, аз ғана қаламақыға да сөз жаздық. Кейін кейбіреулер «ауырлау екен, жеңілірек сөз керек» деп басқа адамға жаздырып алатын жағдайлар болды. Бұл – ең алдымен авторға деген құрметтің жоғы. Сол себепті кейін ондай адамдармен жұмыс істеуден бас тарттым, – дейді ол.

Мұқағали шығармаларын жаттап өскен бала

Нұртас Тұрғанбек ақындық жолының бастауын туған жерінен және Мұқағали поэзиясынан іздейді.

Кез келген қаламгердің тағдыры кіндік қаны тамған жерімен байланысты. Менің өлеңге келуіме Мұқағали Мақатаевтың шығармалары тікелей әсер етті. Мектепте жүргенде оның 250 өлеңі мен төрт поэмасын жатқа білетінмін. Соншалықты сезімді бұзбай, сол күйінде жеткізе алу үшін қандай талант керек деп таңғалып жүріп, өзім де өлеңге қалай келгенімді байқамай қалыппын, – дейді ол.

Бір әннен басталған достық

Бүгінде тыңдарман Нұртас Тұрғанбек пен Абзал Өтешовтің шығармашылық тандемін жақсы біледі. Бірақ бұл байланыс осыдан шамамен он жыл бұрын қарапайым ғана хабарламадан басталған. Абзал Өтешовтің айтуынша, ол кезде әндеріне сөз жазатын ақын іздеп жүрген.

Нұртас ағаға хабарласып, бір әніме сөз жазып беруін сұрадым. Әнді тыңдап болған соң бірден: «Бұл мұңды ән екен. «Күз көңілім, күз көңілім, көктемді қимай» деп бастаймыз», – деді. Кейін сол ән «Келме маған» деген атаумен жарық көрді. Біздің таныстығымыз да, достығымыз да дәл сол әннен басталды, – дейді әнші.

Кейін бұл шығармашылық байланыс ағалы-інілі сыйластыққа ұласқан.

Бір күні «Тоқта» әнін жазып жатырмын деп хабарластым. Қайырмасы «Тоқта» болуы керек дедім. Нұртас аға бірден қолдап, бірнеше күннен кейін мәтінді жіберді. Кейін бірге отырып түзету енгіздік. Осылайша талай ән дүниеге келді. Қазір танысқанымызға он жылдан асты. Соңғы шыққан әндерімнің көбінде ағамның үлесі бар, – дейді Абзал Өтешов.

@uteshov.kz

Ал Нұртас Тұрғанбек олардың шығармашылық байланысын былай сипаттайды:

Басында мәтінімнің бір сөзін де өзгерткізбейтінмін. Кейін Абзал еркелеп жүріп өз дегенін өткізе бастады. Қазір бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Тіпті кейде сөз қосып қояды. Ұрыссам, еркелеп құтылып кетеді. Қалай десек те, Абзал екеуіміз бір-бірімізді толықтыратын бауырларға айналдық.

Әр әннің өз тағдыры бар

Ақынның пікірінше, жақсы әннің артында міндетті түрде шынайы сезім тұруы керек.

Әр әннің өз тағдыры болуы керек. Сазгер оған өз сезімін береді. Ақын сол сезімді күшейтпесе, әлсіретпеуі тиіс. Кейбір әндер өмірден алынған әсерден туады. Кейбірі бір ғана сөзден немесе бір сәттік көңіл күйден басталады. Бірақ бәрінің түп-төркіні – адамның ішкі әлемі, – дейді ол.

Нұртас Тұрғанбек ән жазғанда ең алдымен орындаушыға емес, әуенге мән беретінін айтады.

Әуез жүрекке әсер етсе жарты сағаттың айналасында-ақ төгіліп түсе қалады. Кейде ұзақ уақытты алатын кездер де болады. Мысалы, Қанат Үмбетов орындайтын «Жүрегім, жүрегім» дейтін Дәурен Сердалиев ағамның сазына жазылған сөз менің бір ай уақытымды алған. Басында әнге қатты ғашық боп қап, сөз мүлде түспей қойды. Ғашық адамның сезімін жеткізуі қиын емес пе өзі?! Соны басқа адам жазса, күшті болатын сияқты боп, содан әйтеуір жазылды бір күні, – дейді ақын.

«Біз жолығамыз» неге жүрекке жетті?

Соңғы уақытта көптің ықыласына бөленген «Біз жолығамыз» әнінің құпиясы неде? Ақынның ойынша, тыңдарманды тартқаны – мәтіннен адам өз өмірін танып, әсерленуі.

Жақсы сөз адамға өз өмірін еске түсірген кезде ғана әсер етеді. Тыңдарман әннен өзін тапса, өткеніне көз жүгіртсе, біздің миссиямыз орындалды деген сөз, – дейді ол.

Сондай-ақ ақын әннің танымал болуы көбіне тыңдарманның жүрегіне байланысты екенін айтады.

Жазған дүниеңнің халыққа жеткенін қалайсың. Бірақ оның тағдырын ақын емес, тыңдарман шешеді. Бұл жерде шешімді халықтың жүрегі қабылдайды.

Сағыныш та, өкініш те – өмірдің сабағы

Нұртас Тұрғанбектің әндерін тыңдағанда сағыныш, өкініш, кешігіп қалған сезім жиі байқалады. «Біз жолығамыз», «Тоқта», «Бір ойлап аламын» секілді әндердің де негізгі өзегінде адамның ішкі күйі, жоғалтқан сәттері мен жүректе қалған сөздері жатыр. Ақын мұны өмірден бөле-жара қарамайды.

Адамның ең үлкен ұстазы – өмірдің өзі. Өмір белгісіз сағыныштан да, өкініштен де, «бір кем дүниеден» де тұрмайтын ба еді?! «Басынан өтпегеннің жүрегіне жетпейді» деген сөз бар ғой. Сондықтан адамның көргені де, сезінгені де шығармашылығына әсер етеді, – дейді ол.

Дегенмен ақын өз өмірін мұңға толы тағдыр ретінде қабылдамайды.

Жалпы алғанда, мен – бақытты адаммын. Отбасым, бала-шағам бар. Аллаға шүкір! – дейді Нұртас Тұрғанбек.

Бәлкім, оның әндерінің көпшілікке жақын болуының сыры да осында шығар. Өйткені ақын өмірден көргенін, жүрегінен өткізгенін ғана жазады. Ал жүректен шыққан сөздің жүрекке жететіні – өзгермейтін ақиқат.

«Адамның мұңы ешқашан ескірмейді»

Бүгінде Нұртас Тұрғанбек 250-300-ге жуық әннің мәтінін жазған. Оның шығармаларын Мақпал Жүнісова, Роман Майғазиев, Нұрлан Әлімжан, Нұрболат Абдуллин, Жігер Ауыпбаев және басқа да танымал орындаушылар орындап жүр. Соның ішінде бір ғана Қанат Үмбетовтің өзі «Сезімді қайтейін», «Мазаламайынынан» бастап 8-9 әнін шырқайды. Дегенмен ол үшін әннің ұзақ өмір сүруінің жалғыз шарты бар.

Ақша табу үшін жазылған ән емес, шынайы сезімнен туған ән ғана уақыт сынынан өтеді. Себебі адамның мұңы, сағынышы, махаббаты ешқашан ескірмейді, – дейді ақын.

Оның айтуынша, өнер адамы үшін ең маңызды нәрсе – сөз алдындағы жауапкершілік.

Сөздің жаны болады. Тағдырыңда болмаған дүниені ойдан құрап жазсаң, түбі сол тағдырыңа айналады. Өлеңнің де, өнердің де киесі бар. Соны сезінген адам ғана жүрегін аямай жаза алады.

Ал өз шығармаларының қайсысы өміріне ең жақын деген сұраққа ақын қысқа ғана жауап берді:

Барлық жазған өлеңдерімнің менің өмірімнен, сезімімнен тысқары қалғаны жоқ. Ерлан Жүніс деген ағам бар, соның «Сұлулық – сұлуық деп аталады, ақынның жүрегінен өткен кезде» дейтіні сияқты барлық жазған дүниемнің ішінде өз өмірім де, өз сезімім де бар. Кем дегенде әр сөзді жүрегімнен өткіздім ғой, – дейді ол.

Бәлкім, дәл осы себептен де Нұртас Тұрғанбектің әндері тыңдарман жүрегіне жақын шығар. Өйткені жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді.

Оқи отырыңыз