Бүгiн, 12:42
1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?Қазақ өнерінде Голливудтың кез келген драмасынан асып түсетін тағдырлар бар. Соның бірі – айтыскер ақын Оразалы Досбосынов пен әнші Ажар Түзелбекқызының махаббат хикаясы. Бірі – суырыпсалма жырдың жүйрігі, бірі – сыңғырлаған дауысымен тыңдарманын баураған әнші.
Өз заманының жұлдызды жұбы атанған қос өнерпаздың өмірі өкінішке қарай, тым қысқа болды. Ал олардың махаббаты туралы сыр шертетін «Сағындым сені» әні жылдар өтсе де, тыңдарманның жүрегін тебірентіп келеді.
Бұл әнді естігенде көпшіліктің есіне ең алдымен Оразалы мен Ажар түседі. Өйткені шығарма жай ғана сағыныш туралы ән емес. Ол – сүйген жарынан айырылған адамның жан жарасы, аяқталмай қалған армандар мен артта қалған естеліктердің әуенге айналған көрінісі.
Оразалы мен Ажар қалай танысты?
Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. Жас кезінен айтыс өнеріне араласып, аз уақыт ішінде суырыпсалма ақындығымен елге танылды. Оның қарсыласын сөзбен түйреп, ойын ұтқыр жеткізетін айтыс мәнері тыңдарманды тәнті етті. Халық арасында «Құлманбеттің құлыны» атанған ақын қазақ айтысының көрнекті өкілдерінің біріне айналды.
Ал Ажар Түзелбекқызы 1977 жылғы 29 қаңтарда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының Тасты ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінен әнге жақын болды. Тілі шыққаннан ән салған Ажар балабақша мен мектептегі мәдени шаралардан қалмай, аудандық байқауларға қатысып жүрген. Тіпті айтыс аламанында да бақ сынаған. Анасы қызының өнерге деген құштарлығын қолдап, сахналық киімдерін тіктіріп, керек-жарағын түгендеп беретін болған.
Мектепті бітірген соң ата-анасы Ажарды Шымкентке оқуға жіберуді ойлағанымен, ол Алматыға аттанып, қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына өз күшімен оқуға түседі. Өнер жолындағы бұл батыл қадам оның мінезіндегі қайсарлықты аңғартса керек.
Ажар студент кезінде тұрмысқа шықты. Жас жұбайлардың өмірі бірден жайлы арнаға түсе қойған жоқ. Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтар, студенттік шақ, тұрмыс тауқыметі мен балалар тәрбиесі екеуіне де оңай тимеді. Соған қарамастан, олар өнерден қол үзбей, отбасын құруға, өмірден өз орнын табуға бірге талпынды. Олардың шаңырағында Нұрайша мен Нұрсұлтан дүниеге келді, – дейді Ажардың әпкесі Нәзира Түзелбек өз естелігінде.
Айтуынша ақын жарын ерекше еркелетіп, айналасындағыларға да Ажарды мақтанышпен таныстыратын. Қайын жұртына әзілдеп, «күн нұрынан жаралған қайын жұртым» деп қалжыңдайтын көрінеді. Жақындарының айтуынша, олардың тұрмысында қиындықтар болғанымен, бір-біріне деген ықыласы мен сыйластығы ерекше еді.
Оразалы енді-енді тұрмысы түзеліп, жақсы күндерге жетіп келе жатқанда өмірден өтті. Ажар кейінгі жылдары жарының өзі армандаған бақуатты өмірді көре алмағанына өкінетінін айтып отырған. Оның ішінде «Ораз осы жақсы күндерді көрмей кетті ғой» деген өкініш қалыпты.
«Сағындым сені» әні қалай дүниеге келді?
Бұл әннің тарихы Оразалының қазасынан бұрын басталған. Оның әуенін Роза Әлқожа небәрі 14 жасында жазған екен. Кейін есейіп, өнер жолына түскен соң Роза журналист ретінде Ажардан сұхбат алып, екеуі жақын араласып кетеді. Әнші Ажар әуенді ұнатып, оған сөз жаздыруды ұсынады. Өлеңін белгілі ақын Исраил Сапарбай жазған.
Алайда әннің тағдыры күтпеген жерден өзгереді. Әнге сөз жаздыру жайы талқыланып жүргенде Оразалы Досбосынов жол апатынан қаза табады. 2004 жылғы 30 қазанда 29 жасында өмірден өткен ақынның қазасы қазақ өнеріне ауыр соққы болды.
Роза Әлқожа бастапқыда бұл әнді Ажарға беруге жүрексінген. Өйткені әу баста лирикалық туынды ретінде дүниеге келген шығарманың қазаға байланысты жоқтау әніне айналуын қаламаған. Бірақ жарының қазасынан кейін Ажар осы ән арқылы ішіндегі сағынышын жеткізгісі келеді. Ол Розаға өтініш жасап, әнді орындауға рұқсат сұрайды.
Роза Әлқожаның естелігінде Ажардың бұл әнді Оразға арнағысы келгені айтылады. Ақыры әннің сөзін Исраил Сапарбай жазып, Ажар студияда шығарманы бір деммен орындап шығады. Кейін оған бейнебаян түсіріледі. Осылайша, жасөспірім кезінде жазылған әуен жылдар өте келе бір отбасының тағдырын елге танытқан туындыға айналды.
«Сағындым сені» әнінің тыңдарманға ерекше әсер ететін тұсы да осында. Әнді тыңдаған адам Ажардың дауысынан жай ғана сағынышты емес, сүйген адамын қайта көре алмайтынын түсінген жанның шарасыздығын сезеді. Көпшілік үшін бұл шығарма Оразалыға қойылған рухани ескерткіш іспетті болды.
Жарынан айырылған соң
Оразалының қазасынан кейін Ажар екі баласымен жалғыз қалды. Отбасына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін ол тойларға барып ән айтты, еңбек етті. Жақындарының көмегіне де сүйенді. Әпкесі Нәзира Түзелбектің айтуынша, ата-анасы зейнетақысын бөлісіп, Ажарға қолдау көрсеткен.
Бірақ ол қиындыққа мойыған жоқ. Жарына арнап ән жаздырды, бейнебаян түсірді, балаларын жеткізуге тырысты.
Жары өмірден өткен соң қайтсем балаларыма тапшылық көрсетпеймін деп көп еңбектенді. Қиналды. Бірақ онысын ешкімге білдірген емес, ұлы мен қызына әкесінің жоқтығын білдірмеуге тырысып бақты, – дейді Роза Әлқожа «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында.
Жылдар өте Ажар жаңа өмір бастауға бел буады. Қайта тұрмыс құру туралы шешім қабылдап, Оразалының ата-анасының алдынан өткен. Қайын ата-енесі оған батасын берген. Алайда Ажардың жаңа өмірге деген үміті ұзаққа созылмады.
Арада жеті жыл өткенде қайталанған қасірет
2011 жылғы 14 мамырда Ажар Түзелбекқызы мінген көлік Алматы – Талдықорған тасжолында апатқа ұшырады. Көлік ағашқа соғылып, әнші Қапшағайдағы ауруханада көз жұмды. Ол небәрі 34 жаста еді.
Ең ауыр сәйкестік – Ажардың да сүйген жары секілді жол апатынан қаза табуы. Оразалы 2004 жылы өмірден өтсе, Ажар араға жеті жыл салып бақилық болды. Екі өнерпаздың тағдырын қатар еске алған жұрт үшін бұл қайғылы оқиға олардың махаббат хикаясына тағы бір мұңды парақ қосты.
Ажардың қазасы туралы естеліктерде оның соңғы күндері де айтылады. Әнші композитор әрі ән әрлеуші Ермек Елгезековтің студиясына барып, Оразалыға арнаған жаңа әндер жинағын дайындауды жоспарлаған. Тоғыз әннің алдына тоғыз өлең жаздырып кеткені жөнінде мәлімет бар.
Сол өлеңдердің арасындағы «Жұлдыз боп ағып бара жатырмын» деген жолдар кейін жұрттың назарын аударды.
Оразалының айтыстағы отты жырлары мен Ажардың әуезді әндері әлі де тыңдарман жүрегінде. Бірі сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырса, екіншісі ән арқылы ішкі сезімін жеткізе білді. Екеуінің де ғұмыры қысқа болғанымен, артында қалған мұрасы ұмытылған жоқ.
Бүгінде «Сағындым сені» әні әр орындалған сайын тыңдарманды осы қос өнерпаздың тағдырына қайта жетелейді. Біреу оны сүйген адамға деген сағыныш деп қабылдайды, енді бірі айырылысудың азабы мен жоғалтудың өкініші деп түсінеді. Бірақ әннің тарихын білген адам үшін оның мағынасы әлдеқайда терең.
Бүгiн, 12:42
1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?Кеше, 14:06
Бакалавриат енді 3 жыл бола ма? Қазақстанда оқу мерзімі қысқаруы мүмкін мамандықтар аталды15 Қазан, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһары15 Қазан, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленеді