Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрінісПавлодар облысындағы Баянауыл ұлттық табиғи паркі соңғы жылдары еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың біріне айналып келеді. Табиғаты көркем өңірге келушілер саны жыл сайын артып, соған сәйкес туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқын алған. Биыл курорттық аймаққа 300 мыңға дейін турист келеді деп күтілуде.
Баянауыл – Қазақстандағы ең көне ұлттық парктердің бірі. Ол 1985 жылы құрылған. Аумағы шамамен 68 мың гектарды алып жатқан парк ерекше гранитті тауларымен, қарағайлы ормандарымен, мөлдір көлдерімен және табиғи ескерткіштерімен танымал. Мұндағы Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері жаз мезгілінде демалушылар көп келетін орындардың қатарында. Сондай-ақ Кемпіртас, Найзатас, Қоңыр әулие үңгірі секілді табиғи нысандар отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын тудырып келеді.
Қазіргі таңда Баянауылда соңғы жылдардағы ең ауқымды абаттандыру жобаларының бірі жүзеге асырылып жатыр. Негізгі жұмыстар Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің жағалауында жүргізілуде. Жоба аясында заманауи жағажайлар, қоғамдық демалыс орындары, серуендеу аймақтары және туристерге қызмет көрсететін жаңа нысандар бой көтеруде.
Сабындыкөл жағасында ұзындығы бір шақырым болатын жаңа жағалау салынды. Бұл аумақ демалушылардың серуендеуіне және жайлы демалысына қолайлы етіп жабдықталған. Ал Жасыбай көлінің орталық жағажайы толық жаңартылып, мұнда спорт және балалар ойын алаңдары, демалыс аймақтары, санитарлық модульдер, фуд-корттар мен басқа да сервистік нысандар пайдалануға берілді. Жүргізілген жұмыстардың басты мақсаты – туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз демалыс ортасын қалыптастыру.
Инфрақұрылымның жақсаруы өңірдегі туристік көрсеткіштерге де оң әсерін тигізіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Баянауыл курорттық аймағына 270 мың турист келген. Оның ішінде ішкі туризм көрсеткіші 27 пайызға, ал шетелден келген туристер саны 25 пайызға артқан. Биыл бұл көрсеткішті 300 мың адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Өңірде оқиғалық туризмді дамытуға да басымдық берілуде. Осы мақсатта түрлі мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – жуырда Жасыбай көлінің жағасында өткен Bayanaul FEST фестивалі. Фестиваль аясында спорттық жарыстар, отбасылық сайыстар, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары мен концерт ұйымдастырылды. Мерекелік кеште Жұбаныш Жексенұлы, KeshYou тобы, Нұрболат Абдуллин және Kalifarniya сахнаға шығып, көрермендерге өнер көрсетті.
Туристік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту, сервис сапасын жақсарту және мәдени-көпшілік іс-шараларды көбейту Баянауылдың туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ішкі туризмнің одан әрі өркендеуіне серпін береді.
Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?