Роналдиньо 11 жылдан кейін алаңға оралды: аңыз футболшы жанкүйерлерді таңғалдырды

Роналдиньо 11 жылдан кейін алаңға оралды: аңыз футболшы жанкүйерлерді таңғалдырды

Мадина Асылбекова
Фото: REUTERS

Бразилия футболының жарық жұлдызы Роналдиньо 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет ресми матчқа қатысты.

46 жастағы футболшы Италияның үшінші дивизионында өнер көрсететін «Равенна» клубының сапында алаңға шығып, жанкүйерлерге нағыз мереке сыйлады.

Ол «Форлиге» қарсы өткен 14-тур ойынында негізгі құрамнан орын алды. Кездесу алаң иелерінің жеңісімен аяқталды – 2:0. Ал «Алтын доп» иегері бірінші таймда команданың гол салуына тікелей үлес қосты.

«Жанкүйерлерге ерекше күн сыйлағым келеді»

Роналдиньоның алаңға шығуы италиялық шағын қала үшін айтулы оқиғаға айналды. Матч билеттері түгел сатылып, көрермендерге арнап 1800 орындық уақытша трибуна да орнатылды. Кездесуді тамашалауға «Миланның» бұрынғы футболшылары Дида мен Сержиньо да келді.

Жанкүйерлер стадионға ойын басталмай тұрып-ақ жиналып, бразилиялық жұлдызды зор қошеметпен қарсы алды. 2002 жылғы әлем чемпионы көрермендерге иіліп сәлем берді. Ал қыздыру жаттығуы кезінде өзінің әйгілі финттерін көрсетіп, жанкүйерлерді бірден баурап алды.

Роналдиньоның қайта оралуы стадионға жиналған көрермендер үшін ғана емес, футбол жанкүйерлері үшін де үлкен оқиға болды. Тіпті матч Нью-Йорктегі Таймс-сквер алаңындағы алып экраннан көрсетілген.

Бразилиялық футболшы соңғы ресми кездесуін 2015 жылғы қыркүйекте «Флуминенсе» сапында өткізген еді. Араға 11 жыл салып қайтадан алаңға шығуына «Равенна» президенті Игнацио Чиприанимен достығы себеп болған.

Бұл – Игнацио Чиприанимен арамыздағы достық пен болашаққа құрған ортақ жоспарларымыздың нәтижесі. Өмірімде ерекше, қайталанбас сәтті бастан өткергім келеді. Бұл күн командадағы өзге футболшылар үшін де есте қаларлық матч сыйласа екен деймін. Солай болғанын қалаймын, – деді Роналдиньо.

Сондай-ақ ол жаңа жанкүйерлерін қуантуға мүмкіндік туғанына риза екенін жеткізді.

Қазір футболға қайта оралып, алаңға шығудың сәті түсті. Бұл маған ерекше қуаныш сыйлайды. Жанкүйерлерге тамаша күн сыйлағым келеді. Барлығымыз осы сәттен ләззат аламыз деп үміттенемін, – деді бразилиялық жұлдыз.

Айта кетейік, Игнацио Чиприани «Равенна» клубын 2024 жылы сатып алған. Ол команданы Италия футболының жоғары дивизионына шығаруды көздейді. Ал Роналдиньо бұл жобаға футболшы ретінде ғана емес, клубтың ортақ иелерінің бірі ретінде де қосылған.

«Равенна» қазіргі уақытта жоғары дивизионға жолдама алуға үміткер командалар қатарында. «Форлимен» кездесуге дейін клуб В тобында 13 ойыннан кейін 29 ұпай жинап, екінші орында тұрған. Кестеде одан жоғары тек «Специя» болған.

Роналдиньоның пасынан басталған гол

Роналдиньо алаңға оныншы нөмірлі жейдемен шықты. Командадағы әріптестері шабуыл кезінде оған жиі пас беруге тырысты. Бразилиялық шебер де допқа аяғы тиген сайын трибуналарда отырған жанкүйерлердің қошеметіне бөленіп, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.

Кездесудің 19-минутында оның бұрыштамадан асырған добы Джулио Донатиге жетті. Қорғаушы баспен соққы жасағанымен, «Форли» қақпашысы команданы голдан аман алып қалды.

Ал 36-минутта Роналдиньо «Равеннаның» есеп ашуына көмектесті. Ол әріптесі Эдоардо Лонардиге пас беріп, ал Лонарди допты Джулио Донатиге жеткізді. Қорғаушы айып алаңының сыртынан қатты соққы жасап, допты қақпаның бұрышына дәл бағыттады. Осылайша, алаң иелері есепте алға шықты.

Бразилиялық жұлдыз бірінші таймды толық өткізіп, үзілісте алаңнан алмастырылды. Ойыннан шыққан соң ол стадионды айналып өтіп, жанкүйерлермен қоштасты. Сондай-ақ Дида мен Сержиньомен құшақтасып амандасты.

Sky Sport арнасына берген сұхбатында Роналдиньо алаңнан кеткісі келмегенін жасырмады.

Өзімді керемет сезініп тұрмын. Осындай жас футболшылармен бірге алаңға шығу ерекше әсер қалдырды. Бірінші тайм көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қайта ораламын ба? Оны президент шешеді. Егер ол хабарласса, неге шықпасқа? Равеннада матч алдындағы ерекше көңіл күйді сезіну маған қатты ұнады, – деді ол.

Жас футболшының арманы орындалған күн

«Равенна» ойыншылары да Роналдиньомен бір алаңда өнер көрсету мүмкіндігіне ерекше қуанды.

Керемет күн болды. Роналдиньо – қадірлі қонақ. Бүгін көптеген бразилиялықтың арманын орындадым деп айта аламын: онымен бір командада ойнадым, – деді «Сан-Паулу» клубының түлегі, 24 жастағы жартылай қорғаушы Винисиус Ди Стефано.

Қарсылас команда футболшылары да бразилиялық жұлдызбен жүздесуге асыққан. «Форли» ойыншыларының кейбірі матч басталмай тұрып-ақ Роналдиньомен құшақтасып, амандасып үлгерген.

Кездесудің екінші таймында «Равенна» тағы бір гол салды. 58-минутта Винисиус Ди Стефаноның пасын Симоне Рабби голға айналдырып, есепті 2:0-ге жеткізді.

Оқи отырыңыз

{