Рөлі де, педалі де жоқ, бірақ айына 299 доллар төлейсіз: Tesla жаңа Cybercab көлігін ұсынды

Рөлі де, педалі де жоқ, бірақ айына 299 доллар төлейсіз: Tesla жаңа Cybercab көлігін ұсынды

Аян Қайырбаев
Фото: Tesla

Tesla компаниясы рөл мен педалі жоқ Cybercab электромобиліне тапсырыс қабылдай бастады. Алайда көлікті сатып алғандар оны кез келген жерде пайдалана алмайды. Ал автономды басқару қызметіне қол жеткізу үшін ай сайын 299 доллар (шамамен 132 900 теңге) төлеуге міндетті. Бұдан бөлек, компания көлікті қашықтан бақылап, барлық сапар туралы деректерді жинайды.

Илон Маск автономды көліктерді дамыту идеясын он жылдан астам уақыттан бері жүзеге асыруға тырысып келеді. Cybercab – Tesla тарихындағы рөлі мен педалі мүлде жоқ алғашқы модель. Демек, оны дәстүрлі тәсілмен қолмен басқару мүмкін емес.

Cybercab прототипі 2024 жылдың қазан айында таныстырылды. 2026 жылдың ақпанында Tesla-ның Техастағы зауытында модельдің тәжірибелік өндірісі басталды. Ал жаппай өндірісті 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Осы мақсатта компания сұранысы төмен Cybertruck пикапын шығаруды тоқтатуға шешім қабылдағаны хабарланды.

Cybercab қандай көлік?

Cybercab – екі орындық купе. Оның жүксалғышының көлемі 569 литрді құрайды. Көлікте артқы әйнек те, бүйір айналар да қарастырылмаған. Салонның алдыңғы панеліне 21 дюймдік сенсорлы экран орнатылған. Иесі көлікпен осы экран арқылы байланысады.

Cybercab кеңістікте бағдарлану үшін камералар мен спутниктік навигацияны пайдаланады. Жабдықтар тізімінде лидарлар мен алыс қашықтыққа арналған радарлар жоқ.

Әзірге Tesla аккумулятор сыйымдылығы, бір қуатта жүретін қашықтығы, қозғалтқыш қуаты және басқа да негізгі техникалық сипаттамаларын жариялаған жоқ.

Көлікті сатып алу үшін не қажет?

Cybercab әзірге барлық тұтынушыға қолжетімді емес. Оған тек Tesla компаниясынан арнайы шақырту сілтемесін алған клиенттер ғана тапсырыс бере алады.

Көліктің бастапқы бағасы – 29 990 доллар (шамамен 13,33 млн теңге). Тапсырысты рәсімдеу үшін 1000 доллар (шамамен 444 400 теңге) көлемінде қайтарылмайтын депозит төлеу қажет.

Алғашқы көліктерді сатып алушыларға жеткізу 2026 жылдың желтоқсанында басталуы тиіс. Бірақ әзірге оны тек Tesla штаб-пәтері орналасқан АҚШ-тың Техас штатындағы Остин қаласынан алуға болады.

Cybercab-ты пайдалану үшін ай сайын 299 доллар (шамамен 132 900 теңге) төлеп, автономды басқару қызметіне жазылу қажет. Көлікте қолмен басқару мүмкіндігі болмағандықтан, жазылымсыз электромобильді пайдалану мүмкін емес. Компания қызметке қолжетімділікті қашықтан бұғаттай алады.

Көлікпен кез келген жерге баруға болмайды

Cybercab әзірге Tesla Robotaxi қызметіндегі Model Y негізіндегі көліктер жүретін аумақтарда ғана пайдаланылмақ.

Қазіргі уақытта бұл қызмет Техас штатындағы бес қалада – Остин, Даллас, Хьюстон, Форт-Уэрт және Сан-Антониода, сондай-ақ Флорида штатындағы үш қалада – Майами, Орландо және Тампада жұмыс істейді.

Дегенмен аталған қалалардың өзінде Cybercab жүре алатын аумақтар шектеулі. Компанияның пікірінше, тек қауіпсіз деп танылған учаскелерде ғана көлікті пайдалануға болады. Мысалы, кейбір теміржол өткелдері бұл аумақтарға кірмейді. Сондықтан Cybercab мұндай жерлерді айналып өту үшін ұзақ бағытпен жүруге мәжбүр болады.

АҚШ-та көліктің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар бар

Cybercab-ты сертификаттау мәселесінде де қиындықтар туындаған. Tesla компаниясы көліктің АҚШ-тағы федералдық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетініне кепілдік берген. Алайда АҚШ Көлік министрлігіне қарасты Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы (NHTSA) компанияның мәлімдемесіне күмән келтіріп, тексеру бастады.

Реттеуші орган рөлі мен педалі жоқ көліктің қолданыстағы қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін анықтауға ниетті.

Қазір NHTSA автономды көліктердің пайда болуына байланысты федералдық қауіпсіздік стандарттарын қайта қарастырып жатыр. Оның ішінде дәстүрлі басқару тетіктері жоқ автомобильдерге қойылатын талаптар да бар. Алайда жаңа ережелердің нақты қандай болатыны және қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз.

Осыған қарамастан, Tesla алғашқы Cybercab көліктерін биыл сатып алушыларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жағдай америкалық реттеушілердің назарын аударған.

Иесі көлігін өзгерте алмайды

Cybercab-тың алғашқы иелеріне бірқатар шектеу қойылады. Атап айтқанда, көлікті тюнинг жасауға, қосымша әйнек күңгірттегіш орнатуға немесе дөңгелектерін ауыстыруға рұқсат жоқ. Сондай-ақ оны жалға беруге де болмайды.

Tesla компаниясы әрбір Cybercab-ты қашықтан бақылап, барлық сапар туралы деректерді жинап, сақтайды. Егер көлікті пайдалану ережелері бұзылды деген күдік туындаса, компания оған қолжетімділікті кез келген уақытта шектеп, «қауіпсіз режимге» ауыстыра алады.

Бұған дейін Cybercab таныстырылымында Tesla иелері көліктерін такси қызметіне жіберіп, қосымша табыс таба алатынын мәлімдеген еді. Алайда алғашқы сатып алушылар үшін мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.

Америкалық БАҚ-та Cybercab-қа қатысты пікірлер негізінен күмәнмен қабылданды. Electrek журналының бас редакторы Фред Ламберт тіпті бұл модельді «аңғал тұтынушыларға арналған көлік» деп сынады.

Шынында да, Cybercab-тың тұтынушы үшін тиімділігіне қатысты сұрақ көп. Көліктің қозғалыс аумағы шектеулі, ал оны пайдалану үшін иесі ай сайын қосымша ақы төлеуі керек. Оның үстіне Tesla жазылым құнын кез келген уақытта өзгерте алады.

Осылайша, Cybercab сатып алған адам көліктің иесі болғанымен, оны пайдалану шарттарын толық өзі анықтай алмайды. Автономды басқару қызметіне, қозғалыс аумағына және көлікті өзгертуге қатысты негізгі шешімдер компанияның бақылауында қалады.

Оқи отырыңыз

{