Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді

Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді

Мадина Асылбекова
Фото: ҚР ҰОК

Күрестен әлем чемпионатында жарақат алып, аяғына операция жасатқан Ризабек Айтмұхан қазіргі жағдайы, жарыстағы сәтсіздігі, алдағы жоспары және Олимпиадаға дайындығы туралы айтты.

– Әлем чемпионаты аяқталды. Жарыс кезінде жарақат алғаныңызды білеміз. Қазір денсаулығыңыз қалай?

– Аллаға шүкір, жағдайым жақсы. Кеше операция жасалды, бүгін аяғыма тұрып кеттім. Нұрқожа Қайпановты қолдау үшін арнайы келдім.

«Күміс қолда, алтын жолда» демекші, бұл жеңіліспен өмір тоқтап қалмайды. Алдымызда әлі талай жарыс бар. Әрине, өз елімізде, өз жанкүйерлеріміздің алдында алтын алғымыз келген.

Болған жағдайға қатысты ақтағым келмейді. Бәрі осылай болды, демек, осылай болуы керек шығар. Нұрқожа да, басқа қазақ балуандары да бар күшін салды. Бәріміз елді қуантуға тырыстық.

Сондықтан Нұрқожаға, ұлттық құрамаға қолдау білдіріп, жылы сөздер жазуға шақырамын. Сын айтатындар да, хейтерлер де табылады. Оларға мән бермейміз. Бізді қолдаңыздар. Өйткені спорттық жолымыз әлі аяқталған жоқ. Алда Олимпиада бар.

– Сіз де, Нұрқожа салмақ ауыстырдыңыздар. Кейбір мамандар әлі толық бейімделіп үлгермеді деген пікір айтып жатыр. Бұған не дейсіз?

– Өз басым жаңа салмаққа бейімделіп үлгердім деп ойлаймын. Қазір біздің салмақ дәрежесінде әлемдегі ең мықты балуандар жиналған. Оны өздеріңіз де көрдіңіздер. Алғашқы белдесуде-ақ екі дүркін Олимпиада чемпионымен кездестік. Бұл да – спорттың бір сынағы.

Мен өзімді жаңа салмақта жақсы сезіндім, барлық қарсыласыммен белдесуге дайын болдым. Шынымды айтсам, әлем чемпионатын толық аяқтай алмағаныма, финалға жете алмағаныма қатты өкінемін.

Жарысты сырттан бақылап отырғанда, басқа балуандардың чемпион атанып, жүлде алып жатқанын көріп, эмоцияға берілдім. Тіпті көзіме жас келді. Себебі осы жарысқа дейін қаншама еңбек сіңірдім. Отбасымның, бапкерлерімнің де еңбегі зор. Сол еңбекті ақтай алмағаныма қынжылдым. Сондықтан көңіл күйім де түсіп кетті.

– Алғашқы белдесуден кейін ауыр жарақат алдыңыз. Бапкерлеріңіз не айтты? Қандай қолдау көрсетті?

– Ешкім ұрысқан жоқ. Бапкерлерім бұл белдесуден сабақ алу керегін айтты.

Бұл – спорт. Талай аңыз спортшының өзі жеңіліп жатады. Біз де жеңіске жету үшін барымызды салдық. Бірақ бұл жолы ойымыздағыдай болмады. Әрине, жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуантқымыз келген еді.

– Енді емделуге уақыт бөлесіз. Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Әзірге аяғымды толық қалпына келтіруім керек. Одан кейін асықпай келесі жоспарларды қарастырамыз.

Ең бастысы – денсаулық. Қандай жағдай болса да, бірінші кезекте өз денсаулығымды ойлаймын. Өйткені бұл – менің денсаулығым, оған менен артық ешкім алаңдай алмайды. Сондықтан алдымен емделіп, аяғымды толық қалпына келтіремін. Содан кейін спортқа оралып, алдағы жарыстарға дайындаламын.

Келесі жылдан бастап Олимпиадаға жолдама беретін жарыстар басталады. Сол сындарға қатысамыз. Алдағы уақытта мұндай сәтсіздік қайталанбасын деп тілеймін.

– Жанкүйерлердің алдағы Олимпиадаға қатысты үміті зор. Өзіңіз сол додаға қаншалықты дайын боламын деп ойлайсыз? Жанкүйерлеріңіз сіз үшін алаңдап жатыр.

– Өзімнің қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Кішкентай кезімнен бергі арманым – Олимпиада чемпионы болу. Сол мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімді саламын. Жанкүйерлер уайымдамасын. Алла қаласа, жеңісті күндеріміз әлі алда.

– Мамандар емделу мерзімі туралы не айтты?

– Әзірге нақты мерзім айтқан жоқ. Өзімнің шамалауымша, бір жарым-екі айдай уақыт керек болуы мүмкін.

– Қазақстанда емделесіз бе?

– Иә, әзірге Қазақстанда емделемін. Егер шетелде ем алған дұрыс десе, онда шетелге де барамын.

– Ал жаттығу жұмыстары Қазақстанда өте ме, әлде шетелде жалғастырасыз ба?

– Қазақстанда да, шетелде де жаттығамыз. Дайындығымыз нашар болды деп айта алмаймын. Бірнеше елде оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Өзім АҚШ-та бір ай жаттықтым. Маған өте ұнады. Болашақта тағы да сонда барып дайындалсам ба деп ойлап жүрмін.

– Болашақта басқа салмақ дәрежесіне ауысуыңыз мүмкін деген пікірлер де айтылып жүр. Бұл туралы не айтасыз?

– Ондай мүмкіндік бар. Бірақ алдымен операциядан кейінгі жағдайымды көрейін. Салмағымның қалай өзгеретінін бақылауым керек.

Дегенмен 97 келі салмақта өзімнің жабылмаған гештальтім бар. Бұл салмақта әлемнің ең мықты балуандары жиналған. Сондықтан дәл осы салмақта чемпион болғым келеді.

Оқи отырыңыз

{