15 Қазан, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыҚазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін даниялық Якоб Банкпен жұдырықтасады. Данияның Primetime Boxing промоутерлік компаниясы көптен күткен жекпе-жектің өтетін күні мен орнын ресми түрде жариялады.
Тартысты кездесу 2027 жылдың 23 қаңтарында Данияның Хорсенс қаласындағы Forum аренасында өтеді. Шамамен 5 мың көрерменге арналған спорт кешенінде екі жеңілмеген боксшы вакантты чемпиондық белбеуді сарапқа салады.
Бұған дейін The Ring басылымы жекпе-жек 2026 жылдың желтоқсанында Копенгагенде өтетінін хабарлаған еді. Алайда ұйымдастырушылар кездесудің нақты мерзімі мен орнын өзгертті. Билеттер 28 қазаннан бастап сатылымға шығарылады.
Орта салмақта әлем чемпионы болған Жәнібек Әлімханұлы үшін бұл – жаңа салмақ дәрежесіндегі алғашқы жекпе-жек.
Қазақстандық боксшының кәсіпқой рингтегі көрсеткіші – 17 жеңіс, 12 нокаут, 0 жеңіліс.
Жәнібек соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткен бокс кешінде шаршы алаңға шығып, француз Анауэль Нгамессингені нокаутпен жеңген болатын.
Кейін ол кубалық Эрисланди Ларамен үшінші чемпиондық белбеу үшін кездесуі тиіс еді. Алайда допингке байланысты дау салдарынан бұл жекпе-жек өтпей қалды. Дисквалификация мерзімінен кейін қазақстандық боксшы екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады.
Бұл салмақта WBO чемпионы болған Хамза Шираз Жәнібек міндетті үміткер болып тағайындалғаннан кейін белбеуінен бас тартты. Осылайша чемпиондық атақ бос қалды.
25 жастағы даниялық Якоб Банк кәсіпқой бокста жеңілістің ащы дәмін татпаған. Оның көрсеткіші – 22 жеңіс, 13 нокаут, 0 жеңіліс.
Банк 2026 жылдың басында тәжірибелі кубалық Уильям Скуллды 12-раундта нокаутқа түсіріп, WBO Global белбеуін жеңіп алған. Айта кетейік, Скулл бұған дейін Сауль «Канело» Альвареспен толық 12 раунд жұдырықтасқан еді.
Бокс сарапшылары Банктің басты артықшылықтары ретінде оның физикалық күшін, жоғары қарқынын және қарсыласына үздіксіз қысым жасай алатын қабілетін атап өтеді.
Boxingnews24.com басылымының пікірінше, Жәнібек үшін басты қауіп – ұзақ үзілістен кейін физикалық тұрғыдан мықты әрі жас қарсыластың қарқынына төтеп беру.
Сарапшылар 2022 жылы Дензел Бентлимен өткен кездесуді мысалға келтіріп, қазақстандық боксшының жақын қашықтықтағы үздіксіз қысым кезінде қиындықтарға тап болғанын еске салды.
Sports.kz порталына берген сұхбатында Якоб Банк алдағы жекпе-жектің мансабындағы ең маңызды кездесу болатынын айтты.
«Әлем чемпионы болу – бокспен айналыса бастаған күннен бергі арманым. Осы мақсат үшін көп еңбек еттім, талай құрбандыққа бардым. Мен жай ғана чемпиондық атақ үшін жұдырықтасқым келмейді, сол белбеуді жеңіп алғым келеді», – деді даниялық боксшы.
Банк Жәнібектің шеберлігін жоғары бағалайтынын, алайда оның атағынан қаймықпайтынын жеткізді.
«Жәнібек – техникасы жоғары, тәжірибесі мол, әлемдік деңгейдегі боксшы. Бірақ мен рингке оны тамашалау үшін емес, жеңу үшін шығамын. Ол бұрын мен сияқты қарсыласпен кездескен жоқ. Мен оны құрметтеймін, бірақ қорықпаймын», – деді Банк.
Даниялық спортшы жекпе-жек жоспарын ашып айтудан бас тартты. Дегенмен 12 раундқа толық дайын болатынын мәлімдеді.
Якоб Банк әлем чемпионы атағы үшін өз елінде жұдырықтасу ерекше жауапкершілік екенін жасырмады.
Оның айтуынша, мыңдаған жанкүйердің қолдауы жеңіске деген жігерін арттыра түседі.
«Данияда әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасу – мен үшін үлкен мәртебе. Әрине, қысым болады. Бірақ мен оны артықшылық деп қабылдаймын. Даниялық жанкүйерлерге ұмытылмас кеш сыйлап, WBO белбеуін өз елімде қалдырғым келеді», – деді ол.
Банк букмекерлердің өзін аутсайдер санауы мүмкін екеніне де тоқталды. Оның сөзінше, жекпе-жектің тағдырын болжамдар емес, рингтегі нақты әрекет шешеді.
Жәнібек Әлімханұлының басты артықшылығы – жоғары техникалық шеберлігі, солақай стилі, дәл соққылары және әлемдік деңгейдегі тәжірибесі.
Ал Якоб Банк жастығына, физикалық қуатына, белсенділігіне және өз жанкүйерлерінің қолдауына сенім артады.
Қазақстандық боксшы үшін ең маңызды міндеттердің бірі – қарсыласының қысымына ерік бермей, жекпе-жек қарқынын бақылауда ұстау. Ал Банк кездесуді жақын қашықтықтағы ауыр айқасқа айналдыруға тырысуы мүмкін.
23 қаңтардағы кездесу екі боксшы үшін де шешуші сын болмақ. Жәнібек жаңа салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануды көздесе, Якоб Банк өз мансабында алғаш рет ең беделді чемпиондық белбеулердің бірін иеленуге мүмкіндік алады.
Даниялық боксшы өз мақсатын анық жеткізді:
«23 қаңтарда Якоб Банк WBO нұсқасы бойынша жаңа әлем чемпионы атанады. Мен Хорсенске жай ғана жекпе-жек өткізу үшін емес, тарих жасау үшін барамын».
Енді қазақстандық жанкүйерлердің назары 2027 жылдың 23 қаңтарына ауады. Сол күні Жәнібек Әлімханұлы екінші салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға талпыныс жасайды.
15 Қазан, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһары15 Қазан, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленеді14 Қазан, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады13 Қазан, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады