30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыКөктемде Қорғалжынға ұшып келіп, күз түсе жылы жаққа бет алатын қызғылт қоқиқаздар – бұл өңірдің ерекше табиғи символы. Әлемдегі осы құстар ұялайтын ең солтүстік мекендердің бірі саналатын Қорғалжын биыл да қоқиқазды көруге асыққан жұртты жинады. El.kz тілшісі екінші рет ұйымдастырылған Flamingo Fest фестиваліне барып, қызғылт қанаттылар мекеніндегі ерекше күнді кадрға түсіріп қайтты.
Іс-шара өңірдің табиғи байлығын танытып, экологиялық туризмді насихаттауға арналды. Фестивальге Ақмола облысының әр ауданынан, Астанадан және өзге өңірлерден қонақтар жиналды.
Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблі «Фламинго» хореографиялық қойылымын ұсынып, құстың қимыл-қозғалысы мен әсемдігін би арқылы бейнеледі. Мерекелік бағдарламаны Қорғалжын ауданының «Нұрлы саз» квартеті жалғастырды.
Қонақтар үшін Flamingo Art көрмесі мен жергілікті қолөнершілер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.
Ақмолалық суретшілердің туындыларынан Қорғалжынның кең даласы, көлдері мен табиғаты көрініс тапса, шеберлер келушілерге өз қолымен жасаған бұйымдарын ұсынды.
Жыл сайын Қорғалжын қорығындағы қоқиқаздарды тамашалауға 2 мыңға жуық турист келеді. Олардың арасында қазақстандықтармен қатар шетелдік саяхатшылар да бар.
Фестивальдің ең қызықты бөлігінің бірі – қоқиқаздарды табиғи мекенінде тамашалауға арналған экскурсия болды.
Қорық мамандары мен гидтер келушілерге аймақтың экожүйесі, сирек құстардың тіршілігі және ерекше қорғалатын аумақта сақталуы тиіс ережелер туралы айтып берді.
Қазақстан аумағына жыл сайын шамамен 6,5 мың қоқиқаз ұшып келеді. Олар негізінен Теңіз және Шалқар көлдерінде, сондай-ақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында кездеседі. Қорғалжынға сәуір айында келетін құстар күзде жылы жаққа бет алып, Иран, Ауғанстан және Пәкістан аумағына қоныс аударады.
Қорғалжын табиғатын алғаш рет көруге келгендердің арасында Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич те болды.
Дипломаттың айтуынша, Қазақстанда жұмыс істеген екі жылдан астам уақыт ішінде оған Қорғалжын қоқиқаздары туралы бірнеше рет айтылған. Бұған дейін Қазақстандағы ЕО елшілері де бұл мекенге барғанын білген соң, ол Қорғалжынға арнайы сапар ұйымдастыруды жоспарлаған.
Қазақстанға жұмысқа келген кезімнен-ақ қоқиқаздар туралы көп естідім. Кейін бұрынғы елшілердің де Қорғалжынға барғанын білдім. Сол кезде бұл жерге міндетті түрде келемін деп шештім. Ақыры Ақмола облысына сапар ұйымдастырып, жоспарымыздың жүзеге асқанына өте қуаныштымын, – деді Алешка Симкич.
Елшіге қоқиқаздармен қатар Қорғалжынның табиғаты да ерекше әсер қалдырған.
Көл өте көркем, айналадағы дала да бірден баурап алады. Қоқиқаздардың өзі ерекше құс болғанымен, Ақмола облысының табиғаты да ғажап әсер қалдырды. Өткен аптада Көкшетауға алғаш рет барып, ондағы әсем көлдерді көрдім. Жалпы, Қазақстанды көп аралаймын. Елдеріңіздің табиғаты маған өте ұнайды, – деді дипломат.
Flamingo Fest Қорғалжында алғаш рет былтыр ұйымдастырылған. Мәдениет, табиғатты қорғау және туризмді тоғыстырған фестиваль биыл екінші рет жалғасын тапты. Шараның басты кейіпкері саналатын қызғылт қоқиқаздар бүгінде Қорғалжынның ғана емес, Ақмола облысының табиғи символдарының біріне айналып келеді.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды