«Қыз Жібектегі» «Гәкку» әнін орындаған Мунира Ижанова туралы не білеміз?

«Қыз Жібектегі» «Гәкку» әнін орындаған Мунира Ижанова туралы не білеміз?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» фильмін көрген әрбір көрерменнің жадында Жібектің сұлу бейнесімен қатар «Гәкку» әні де жатталды. Алайда фильмдегі  әнді Меруерт Өтекешева да, Бибігүл Төлегенова да емес, Мунира Ижанова орындағанын көпшілік біле бермейді. Оның әні фильмнің төлқұжатына айналғанымен, өзі экраннан көрінбеді. Өнер жолында талай белесті бағындырған әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы не білеміз?

Бес жасынан әнге құмар болған

Мунира Ижанова – Семей өңірінің тумасы. Балалық шағы Суықтөбе ауылында өткен. Оның әншілік өнерге қызығушылығы ерте оянған. Бұған отбасындағы өнерге жақын адамдардың да әсері болған. 

Әсіресе, ағасы Ғаріпжан Матайбаевтың орны ерекше. Ол қазақтың дәстүрлі әндерін орындап қана қоймай, ұлттық музыканы насихаттауға да үлес қосқан. Мунира ағасының ән салғанын тыңдап өсіп, одан үлгі алған. 

Болашақ әнші бес жасынан бастап ән айтуға талпынған. Алғашында ауылдастарының алдында өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оның талантын таныған ауыл адамдары кішкентай қызды «әнші қыз» деп атап кеткен. Он сегіз жасында Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түседі. Төрт жыл бойы музыкалық білім алып, жеке шеберлігін жетілдіреді.

Консерваторияға түсуіне күтпеген жағдай кедергі болған

1964 жылы Мунира Ижанова Алматы консерваториясына түсіп, кәсіби білімін жалғастыруды жоспарлайды. Алайда арманына күтпеген жағдай кедергі келтіреді. Әншінің естелігінде құрбысымен бірге Алматы көшелерін аралап жүріп, балмұздақ жегеннен кейін тамағы қатты ісініп кеткен. Дәрігерлер оған ән айтуға уақытша тыйым салады. Соның салдарынан консерваторияға түсу мұң болады.

Дегенмен Мунира Ижанова өнерден қол үзбейді. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, жеке ән орындаумен қатар дирижерлік өнерді меңгереді. Студент кезінде-ақ Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында еңбек етіп, академиялық капелла хорының солисі болады.

1965 жылы жоғары оқу орындары студенттерінің өнер байқауына қатысып, «Ақ шағала» әнін орындайды. Дәл осы байқауда композитор Нұрғиса Тілендиев әншінің өнерін жоғары бағалайды.

«Қыз Жібек» фильміне кастингтен қалай өтті?

Мунира Ижанова қалың көрерменге «Қыз Жібек» көркем фильмі арқылы танылды.  Фильмнің режиссері Сұлтан Қожықов пен композиторы Нұрғиса Тілендиев әншінің дауысын арнайы тыңдауға келеді. Нұрғиса Тілендиев бұған дейінгі байқауда «Ақ шағала» әнін орындаған қызды ұмытпаған екен.

Кездесу барысында композитор әншіден бірнеше шығарма орындауды сұрайды. Оның дауысын тыңдағаннан кейін Мунираны «Қазақфильм» киностудиясына шақырады. Студияға келгенде ол Бибігүл Төлегенованың Нұрғиса Тілендиевтің сүйемелдеуімен «Гәкку» әнін орындап отырғанын көреді. Кейін композитор Мунираға да осы әнді айтып көруді ұсынады.

Әнші мүдірместен «Гәккуді» орындап береді. Арада бір ай өткенде оған киностудиядан хабарласып, фильмге қатысуға шақырады. Осылайша, 1969 жылы Мунира Ижанова «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің «Гәкку» әнін кадр сыртында орындады.

Әншінің дауысы кинода жазылғанымен, өзі экранға шыққан жоқ. Сондықтан ұзақ жылдар бойы көрермендер фильмдегі әнді кім орындағанын білген жоқ. Тіпті кейбірі әнді Жібектің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешева не Бибігүл Төлегенованың шырқағанын айтып жүрді.

Өмірлік серігін де өнерден тапты

«Қыз Жібек» фильмінің түсірілім жұмысы да Мунира Ижанованың жеке өмірінде де ерекше із қалдырды. Фильмнің музыкалық оркестрінде прима аспабын тартқан Досқали есімді атыраулық жігіт әншіге көңіл білдіреді. Алғашында сырттай таныс болған екеуінің қарым-қатынасы уақыт өте келе үлкен махаббатқа ұласады.

Кейін олар шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Досқали Құлсары өңірінде дүниеге келген. Оның анасы жас жұбайлардың Атырауға қоныс аударуын қалаған. Мунира да бұл ұсынысқа қарсы болмайды. Сөйтіп, 1975 жылдан бастап Атырау қаласында тұрады. Әншінің өміріндегі бұл кезең оның ұстаздық қызметімен де тығыз байланысты болды. 

47 жыл ұстаздық еткен

Мунира Ижанова – жезтаңдай әнші ғана емес, талай жас таланттың кәсіби қалыптасуына ықпал еткен ұстаз.Ол Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық оқу орнында ұзақ жылдар бойы хор дирижері және дауыс қою пәнінің оқытушысы болып еңбек етті. Зейнет жасына дейін ұстаздық қызметін жалғастырды.

Әншінің шәкірттері арасында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Дина Дүтмағамбетова мен Милан опера театрының әншісі Игорь Глушков секілді өнер иелері бар. 

Мунира Ижанованың дауысы сирек кездесетін лирикалық-колоратуралық сопраноға жатады. Бұл – жоғары ноталарды жеңіл әрі әуезді орындауға мүмкіндік беретін күрделі дауыс түрі.

Еңбегі еленбей жүр

Арада қанша жыл өтсе де, Мунира Инжанованың қазақ өнеріне қосқан үлесі лайықты бағаланбай жүр. Мұны өзі де сұхбаттарында бірнеше рет атап өтті. 1975 жылы Алматыдан Атырауға қоныс аударып, сол күйі елеусіз қалды. Өнердің ортасында жүргенде кеудесінде бірнеше марапаты жарқырар еді. Әрине, басты атақты халық береді, тағдыр таразыға тартады...

 

Оқи отырыңыз

{