Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожелімҚытайда әзірленіп жатқан CR450 жүрдек пойызы 600 мың шақырымдық сынақ сапарын аяқтады.
Caixin басылымының дерегінше, енді пойыз соңғы техникалық тексеруден өтіп, сертификаттауға жіберіледі. Осы кезеңдер сәтті аяқталса, оны жолаушылар тасымалына пайдалануға жол ашылады. Алайда тұрақты рейстердің қашан басталатыны және билет сатылымы қашан қолға алынатыны әзірге жарияланған жоқ.
CR450 пойызы жолаушыларды сағатына 400 шақырым жылдамдықпен тасымалдауға есептелген. Ал оның атауындағы 450 саны пойыз сынақ кезінде жете алатын жылдамдықты білдіреді. Яғни сағатына 450 шақырым жылдамдық тұрақты жолаушылар тасымалында қолданылмайды. Сынақ кезінде мамандар пойыздың жоғары жылдамдықта қаншалықты қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істейтінін тексереді.
Қытайдың CRRC компаниясы CR450 пойызының алғашқы үлгілерін 2024 жылғы 29 желтоқсанда Бейжіңде таныстырған. Жоба аясында CR450AF және CR450BF деп аталатын екі нұсқа әзірленді. Оларды CRRC Sifang және CRRC Changchun кәсіпорындары жасаған.
Өндірушінің мәліметінше, жаңа пойыздың басты ерекшеліктері – салмағының жеңілдеуі, ауа кедергісінің азаюы, шу деңгейінің төмендеуі және жолаушыларға арналған кеңістіктің ұлғаюы. Сонымен қатар басқару мен қауіпсіздікті бақылау жүйелері де жаңартылған.
2025 жылдың күзінде CRRC компаниясы пойызды сынау барысы туралы қосымша мәлімет жариялады. Сол кезде жеке құрамның сағатына 453 шақырым жылдамдыққа жеткені, ал қарама-қарсы бағытта қозғалған екі пойыздың бір-бірімен кездескен сәттегі жиынтық жылдамдығы сағатына 896 шақырым болғаны айтылды. Соңғы көрсеткіш екі пойыздың өзара жақындасу жылдамдығын білдіреді.
CRRC бұған дейін пойызды коммерциялық жолаушылар тасымалына жіберу үшін 600 мың шақырымдық сынақтан сәтті өтуі қажет екенін мәлімдеген. Бұл талап жаңа құрамның ұзақ уақыт бойы әртүрлі жағдайда сенімді жұмыс істей алатынын тексеруге бағытталған.
Пойыздың құрылымы қалай өзгерді?
CR450 моделіндегі басты жаңалықтардың бірі – алдыңғы бөлігіндегі аэродинамикалық қаптаманың ұзартылуы. Өндіруші дерегінше, оның ұзындығы бұрынғы 12,5 метрден 15 метрге дейін артқан. Сонымен қатар пойыздың доңғалақтары орналасқан бөліктері арнайы қаптамалармен жабылып, вагондардың төменгі тұсына ауа ағынының әсерін азайтатын панельдер орнатылған.
Осының нәтижесінде жаңа құрамның жалпы қозғалыс кедергісі алдыңғы буынмен салыстырғанда 22 пайыз төмендеген. Пойыздың биіктігі де 20 сантиметрге қысқарған.
Жаңа модельдің жылдамдықты үдету мүмкіндігі де жақсарған. CRRC жариялаған мәлімет бойынша, CR450 сағатына 350 шақырым жылдамдыққа 4 минут 40 секундта жетеді. Ал Fuxing пойыздарына осы жылдамдыққа дейін үдеу үшін 6 минут 20 секунд қажет, яғни CR450 бұл көрсеткішке 100 секундқа жылдамырақ жетеді. Дегенмен бұл айырмашылық кез келген бағыттағы жол жүру уақытын дәл осынша қысқартады дегенді білдірмейді.
Жолаушылар салонында да бірқатар өзгеріс қарастырылған. Компания мәліметінше, пойыз ішіндегі шу деңгейі 2 децибелге төмендеп, жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған кеңістік 4 пайыз ұлғайған. Сондай-ақ машинистің пойызды басқару жүйесі, қауіпсіздікті автоматты бақылау тетіктері мен жолаушыларға арналған сервистер жаңартылған.
Салмақ пен ауа кедергісінің азаюы пойыз жылдамдығын арттырған кезде энергия шығынын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Тежеу жүйесіне де ерекше талап қойылған
Жүрдек пойыз үшін жоғары жылдамдыққа жету ғана емес, қажет кезде қауіпсіз тоқтай алу да аса маңызды. Қытай үкіметінің CGTN материалына сүйенген хабарламасында CR450 пойызы сағатына 400 шақырым жылдамдықпен келе жатып, 112 секунд ішінде толық тоқтауы тиіс екені айтылған. Бұл үшін қажетті тежеу қашықтығы – 6,5 шақырым.
Сонымен қатар тежегіш дискісінің күпшегін өңдеу дәлдігіне қойылатын талап та өте жоғары: рұқсат етілген ауытқу небәрі 0,005 миллиметр болуы керек.
600 мың шақырымдық сынақ сапарының аяқталуы – CR450 жобасы үшін маңызды кезең. Дегенмен пойызды жолаушылар тасымалына жібермес бұрын оның тежеу жүйесі мен басқа да негізгі тораптары қосымша тексеріліп, барлық қажетті сертификаттау рәсімдерінен өтуі керек.
Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліКеше, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс