Қытайда әлемдегі ең ірі теміржол-автомобиль көпірі салынып жатыр

Қытайда әлемдегі ең ірі теміржол-автомобиль көпірі салынып жатыр

Амангүл Тілейқызы
Фото: China Railway Major Bridge Engineering Group

Қытайдың Чжэцзян провинциясында теміржол мен автокөлік қозғалысын қатар қамтамасыз ететін әлемдегі ең ірі көпірлердің бірі салынып жатыр. Сихоумэнь бұғазы арқылы өтетін алып нысан құрылысы маңызды кезеңге жетті.

Жоба аясында ауыр жүк көтеретін дрон көпірдің екі негізгі тірегінің арасына ұзындығы 1700 метр болатын алғашқы бағыттаушы арқанды жеткізді. Диаметрі небәрі 2,5 миллиметр болатын жоғары беріктіктегі Dyneema талшығынан жасалған арқан №5 пилоннан №4 пилонға тартылды.

Беспилотник кеме қозғалысы қарқынды бұғазды шамамен 10 минутта кесіп өтіп, арқанды белгіленген нүктеге жеткізген. Осылайша Цэзы және Цзиньтан аралдары жағалауындағы екі негізгі пилон алғаш рет әуе желісі арқылы жалғанды.

Бұл операция көпірдің аспалы бөлігін тұрғызу үшін қажет арнайы жұмыс алаңын – кэтвокты монтаждауға мүмкіндік береді. Кейін дәл осы құрылым негізгі кабельдер мен көпірдің жоғарғы бөлігін салу кезінде пайдаланылады.

Ұзындығы – 3 шақырымнан асады

Сихоумэнь көпірінің жалпы ұзындығы 3118 метр болады. Негізгі аралығы 1488 метрге созылып, нысан вантты және аспалы көпір технологияларын біріктіретін ерекше конструкциямен салынады.

Жобадағы тағы бір ерекшелік – көпірдің ені. Жол төсемінің жалпы ені 68 метрге жетеді. Жоба аяқталғаннан кейін ол теңіз үстінен өтетін ең кең көпірлердің біріне айналмақ.

Құрылысшылар нысанда бірнеше инновациялық инженерлік шешімді қолдануды жоспарлап отыр. Соның ішінде жоғары жылдамдықты теміржол өтетін теңіз көпірінде алғаш рет вантты-аспалы аралас жүйе пайдаланылмақ. Сондай-ақ биіктігі өзгеріп отыратын кеңістіктік кабельдер жүйесі енгізіледі.

Жоба авторларының мәліметінше, көпір бірнеше әлемдік инженерлік көрсеткіш бойынша рекорд орнатуға тиіс. Олардың қатарында теміржол мен автокөлік қатар жүретін көпірлер арасындағы негізгі аралықтың ұзындығы мен көпір ені, негізгі пилондардың биіктігі, анкерлік жүйенің көлемі және бұрғыланған қадаларға негізделген іргетастың диаметрі бар.

China Railway Major Bridge Engineering Group

Дрон не үшін пайдаланылды?

Көпір құрылысындағы алғашқы бағыттаушы арқан кейінгі негізгі кабельдерді тартуға жол ашады. Мамандар оны шартты түрде «ине мен жіпке» теңейді: алдымен жіңішке әрі жеңіл арқан өткізіліп, соның көмегімен біртіндеп ауыр әрі күрделі конструкциялар тартылады.

Мұндай жұмыстарда тікұшақ, кеме немесе дрон пайдаланылуы мүмкін. Алайда Сихоумэнь бұғазында жел қатты соғып, толқын биік көтеріледі. Бұған қоса, бұл аумақ халықаралық кеме қатынасы белсенді жүретін бағыттардың бірі.

Сондықтан мамандар бірнеше нұсқаны салыстырып, бағыттаушы арқанды дрон арқылы тартуды таңдаған. Бұл тәсіл жұмысты қысқа мерзімде орындап, бұғаздағы кеме қозғалысын ұзақ уақытқа шектемеуге мүмкіндік берген.

Нинбо мен Чжоушаньды байланыстырады

Сихоумэнь көпірі Нинбо – Чжоушань теміржолы мен Нинбо – Чжоушань жедел автомагистралінің екінші кезеңіне ортақ теңіз өткелі болады.

Жаңа теміржол Нинбо-Дун станциясынан басталып, Чжоушань аралындағы Байцюань станциясына дейін созылады. Желінің пайдалану ұзындығы шамамен 77 шақырымды құрайды.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін Чжоушаньның теміржол қатынасы айтарлықтай жақсарып, Чжэцзян провинциясындағы қалаларды жоғары жылдамдықты теміржол желісімен байланыстыру жоспарының маңызды бөлігі аяқталмақ.

Оқи отырыңыз

{