Кеше, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңаарқалық жылқышы Мәкіш Әменовті III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады. 17 жасынан ат үстінде жүрген жылқышы Астана мен Алматыда тұратын азаматтардың да жылқысын бағып келеді. Жылқышы El.kz тілшісіне әкесінен үйренген кәсібі, елдің жылқысын баққан 43 жылы және бүгінде өзіне серік болып жүрген кенже ұлы туралы айтып берді.
Марапат алатынын Мәкіш Керімбайұлына ауыл әкімі хабарлаған. Аудан әкімі де Астанаға баратынын айтқан. Бұған дейін ауыл әкімінен бірнеше алғыс хат алып, 2023 жылы Жаңаарқа ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған жылқышы бұл жолы да облыс көлемінде еңбегі еленетін шығар деп ойлаған.
Президенттен алам деп ойламадым. Әрине, ол кісінің қолынан марапат алу деген арман ғой. Қуанышымда шек жоқ, – деді.
Ауылдың жылқысы 100 бастан 2 мыңға жеткен
Мәкіш Әменов 1966 жылы 31 қазанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылдық округінде дүниеге келген. Сол ауылда ержетіп, мектеп бітірген. Әкесі де, әкесінің жақын жолдастары да жылқышы болған. Соларға қызығып өскен Мәкіш 1983 жылы мектептен кейін Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда жылқышы болып еңбек жолын бастаған. Әкесінің «Өтірік айтпа» деген ақылын әлі күнге дейін ұстанады.
Бүгінде ол туған ауылындағы «Керімбай» шаруа қожалығында жылқы шаруашылығымен айналысады. Кімнің малын баққанын сұрағанымда, «Өмір бойы осы халықтың жылқысын бағып келемін» деп жауап берді. Оған ауылдастарынан бөлек, Астана мен Алматыда тұратын азаматтар да жылқысын сеніп тапсырған.
Осы жылдары Мәкіш Керімбайұлының еңбегінің арқасында ауыл тұрғындарының жылқысы 100 бастан 2 мың басқа дейін өскен. Мал басы көбейген сайын өзге жылқышыларға да жұмыс табылған.
«Қыс қалай болатынын жылқыдан білемін»
Жылқының тілін табу дегенді Мәкіш аға өз тәжірибесінен түсіндірді. Ол үйірдің қалай жайылып жүргеніне, малдың жүріс-тұрысы мен күйіне қарайды. Жылдар бойғы осы бақылауына сүйеніп, алдағы қыстың қандай боларын да болжайды.
Малдың көңілі, күйі қалай – осының бәрін қырық жылдан бері зерттедім. Қыс қалай болатынын осы жылқыдан білемін, – дейді ол.
Басқа кәсіпке ауысу туралы сұрағанымда әңгімені жылқыға деген ықыласына бұрды. Айтуынша, қасында жүрген жылқышылардың да осы кәсіпке бауыр басқан себебі бір.
Жылқы баққан адам тек қана жылқының ішінде жүргісі келеді. Жылқыны жақсы көретін адам басқа жұмысқа ауысып кетеді деп айта алмаймын, – дейді жылқышы.
Кенже ұлы әкесіне серік болып жүр
Мәкіш аға 1989 жылы шаңырақ көтерген. Үш ұл, бір қызы, үш немересі бар. Үлкен ұлы әкесімен бірге тұрады, теміржол саласында еңбек етеді. Үлкен келіні кітапханада жұмыс істейді. Екінші ұлы мен келіні – мұғалім. Олар Жаңаарқа ауданының орталығында тұрады.
Үш ұлдың ішінде жылқыға бейімі ерте байқалғаны – кенжесі. Қазір ол әкесімен бірге жылқы бағып, кәсіптің қыр-сырын үйреніп жүр. Бір кезде әкесінің қасына еріп жүріп жылқышы болған Мәкіш аға енді кенже ұлына білгенін үйретіп жүр. Ал немерелерінің қайсысы атқа жақын боларын есейгенде өздері аңғартады дейді.
Немерелерім өскеннен кейін байқаймын. Қайсысы жылқыға бейім болып тұрса, сол үйренеді ғой, – деді Мәкіш Керімбайұлы.
Кеше, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Кеше, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік