#VoiceBeyondHorizon шоуындағы өнерімен Димаш Құдайбергенді тәнті еткен қырғызстандық әнші әрі композитор Нур-Чолпон араға бірнеше ай салып әлемдік сахнаға бет алған жаңа жұлдыз ретінде таныла бастады.
2025 жылдың жазында басталған жоба бүгінде халықаралық деңгейдегі табысқа айналды. Қырғызстандық әнші әрі композитор Нур-Чолпон #VoiceBeyondHorizon шоуындағы өнерімен Димаш Құдайбергенді тәнті етіп, араға бірнеше ай салып өзін әлемдік сахнаға бет алған жаңа жұлдыз ретінде көрсете білді. Жоба 2025 жылдың жазында Қазақстан мен Қытайда түсірілді. Оған Қытайдың ірі медиахолдингі – Hunan Broadcasting System атсалысты.
Мен Димаш Құдайбергеннің реалити-шоуына қатыстым. Қазақстанда 22 күн бойы өте тығыз әрі ауыр түсірілім кестесі бойынша жұмыс істедік. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды, – деп еске алады Нур-Чолпон.
Премьера және үлкен сахна
Араға жарты жыл салып жоба көрерменге жол тартты. Voice Beyond Horizon бағдарламасының тұсаукесері 2026 жылдың 5 ақпанында Hunan TV арнасында және Mango TV арқылы өтті. Бұл – күн сайын 200 миллионнан астам аудиторияны қамтитын алып медиа алаң.
Дегенмен шоудағы басты интрига соңына дейін сақталды. Жеңімпаз кім болатыны эпизодтар эфирге шыққан сайын ғана белгілі болды.
Нур-Чолпон үшін бетбұрыс кезең авторлық «Көшпенділер биі» композициясымен байланысты. Әннің сөзі мен әуені де өзіне тиесілі. Бұл оның тек орындаушы емес, толыққанды композитор әрі автор екенін көрсетті.
Жуырда көрсетілген тоғызыншы эпизодта бірінші орын алуы әншінің мансабындағы ең биік белестердің бірі болды. Ауа райының қолайсыздығы түсірілімге кедергі келтіргенімен, өнерпаз сахнада өзін толық көрсете алды.
Сол сәтте Димаш Құдайберген де әсерін жасырған жоқ:
Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, біз тоңып қалдық, бірақ сіздің даусыңыз бізді жылытты. Өте әсерлі орындау, керемет би. Біз үлкен әртістің қалыптасуын көріп отырмыз. Нур-Чолпон өз елінде танымал, бірақ бүгінгі өнерінен кейін оның жанкүйерлері еселеп артады.
Жобаның табысы тек сахнамен шектелмейді. Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша шоу Қытайдағы өңірлік спутниктік арналар арасында көрермен рейтингі бойынша көш бастап тұр.
Ал наурыз айының соңына қарай жоба 1,6 миллиардтан астам қаралым жинаған. Тек алғашқы көрсетілім күні түрлі платформалардағы тікелей эфирді 100 миллионнан астам адам тамашаласа, интернет кеңістігінде 140-тан астам тренд тақырыбы тіркелген.
Бұл жоба Димаш Құдайберген үшін де ерекше кезең. Осыдан он жыл бұрын Қытайдағы «Singer» шоуы арқылы әлемге танылған ол енді продюсер әрі бастамашы ретінде жаңа таланттарға жол ашып отыр.
«Бұл – жеңістен де үлкен нәрсе»
Сахна сыртында да жылы атмосфера сақталған. Қатаң бәсекеге қарамастан, Нур-Чолпон бұл жетістікті тек жеке жеңіс ретінде емес, бауырлас елдердің байланысының белгісі ретінде бағалайды.
Бұл мен үшін жай ғана жеңіс емес. Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достықтың көрінісі. Қазақстан мен Қытай сахнасында маған көрсетілген қолдауды ерекше сезіндім, – дейді әнші.
Әлеуметтік желіде жанкүйерлер оны жарыса құттықтап жатыр. Көпшілік алдағы уақытта әншінің әлемдік туры болатынына да сенімді.