«Құсбегілігім де, жар болуым да қазақы тәрбиемнен»: бүркітші Айшолпан қазір қайда жүр?

«Құсбегілігім де, жар болуым да қазақы тәрбиемнен»: бүркітші Айшолпан қазір қайда жүр?

Амангүл Тілейқызы
Фото: Коллаж El.kz

Әлемдік кинофестивальдердің сахнасына көтеріліп, қазақтың бүркітшілік өнерін дүниежүзіне танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызының өмірі соңғы жылдары түбегейлі өзгерді. Ол тарихи Отанына қоныс аударып, шаңырақ көтеріп, жаңа өмір бастады. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар – қазақтың салт-дәстүріне деген адалдығы. Бүркітші қыз  El.kz тілшісіне берген сұхбатында көпшілік біле бермейтін өмірі туралы сыр шертті. 

Атамекенге оралу – әулеттің көптен бергі арманы болды

Айшолпан Алматыдағы Сүлейман Демирел университетінде білім алып жүргенде-ақ бір ойдың маза бермегенін айтады. Ол өзінен бұрын ата-анасының, бауырларының болашағын ойлаған.

Қазақстанға алғаш оқуға келгенде өзіме: «Неге менің ата-анам осы қасиетті қазақ жерінде тұрмайды? Неге бауырларым осы елде білім алмайды?» деген сұрақтар ойыма келе бастады. Сол кезде алдыма бір ғана мақсат болды, бұл – отбасымды түгелдей атамекенге көшіру, – дейді бүркітші қыз.

Бұл арман бір күнде орындалған жоқ. Туған жерден ата-ананы көшіру оңай емес. Әсіресе, өмір бойы қалыптасқан ортасын, тіршілігін тастап кету кез келген адамға ауыр екені сөзсіз. Сондықтан Айшолпан ата-анасының батылдығын ерекше бағалайды.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Олар бәрін бала-шағасының болашағы үшін жасады. Үйренген ортасын, қалыптасқан өмірін артта қалдырды. Сол үшін ата-анама өмір бойы алғыс айтамын, – дейді ол.

2024 жылы отбасы Моңғолиядан Қазақстанға біржола қоныс аударады. Айшолпан үшін бұл жай ғана көшу емес, бірнеше буын аңсаған арманның орындалуы еді.

Қазақстанның топырағына алғаш аяқ басқандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жүрегімізді ерекше толқу биледі. Қуаныштан көзімізге жас келді. Ата-бабамыз аңсаған арман орындалып, бір үлкен мақсатымызға жеткендей болдық, – дейді бүркітші қыз.

«Өз үйімізге келгендей болдық»

Қазір Айшолпанның отбасы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында тұрады. Оның айтуынша, жаңа ортаға бейімделу қиын болмаған. Өйткені олар өздерін бөтен жерде емес, туған елінде жүргендей сезінген.

Ортаға бейімделу бізге ешқандай қиындық тудырған жоқ. Айналамыз – өз қандастарымыз, өз бауырларымыз. Қайта өз үйімізге келгендей құшақ жая қарсы алды. Халықтың бізге деген ерекше ықыласын сезінгенде төбеміз көкке жеткендей болды, – дейді ол.

Бүркітші қыз осы орайда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевқа да алғысын жеткізді. Оның сөзінше, облыс басшысы оларды арнайы қабылдап, жан-жақты қолдау көрсеткен.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Ермек Көшербаев мырза бізді ерекше ықыласпен қарсы алып, үлкен қолдау көрсетті. Тіпті маған пәтер сыйға тартты. Мұндай мемлекеттік деңгейдегі қамқорлық бізге үлкен күш-жігер берді. Бізді туған үйіміздей қабылдаған барша халыққа ризамыз, – дейді Айшолпан.

Отбасылық өмір жаңа жауапкершілік жүктеді

Былтыр Айшолпан өміріндегі тағы бір маңызды қадам жасап, тұрмысқа шықты. Көпшілік оның жолдасын да бүркітші деп ойлайды. Алайда шын мәнінде ол ақпараттық технологиялар саласының маманы екен. Дегенмен жолдасының отбасы саятшылық өнерден алыс емес.

Жолдасым ІТ саласында еңбек етеді. Бірақ кішкентайынан атасының жанында жүріп, бүркіт баптағанын көріп өскен. Сондықтан ұлттық құндылықтарға деген құрметіміз ортақ десем болады, – дейді ол.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Айшолпанның айтуынша, жары оның барлық бастамасына қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ тұрмыс құрғаннан кейінгі өмір оған бұрын-соңды сезінбеген жауапкершілікті үйреткен. 

Жолдасым менің өнеріме де, алға қойған мақсаттарыма да әрдайым түсіністікпен қарайды. Бұл мен үшін өте маңызды. Отбасылық өмір маған ең алдымен үлкен жауапкершілікті, сабырлықты және екі әулеттің арасындағы сыйластықты сақтауды үйретіп жатыр, – дейді Айшолпан.

Әлемге қазақтың атын танытқан фильм

Айшолпан Нұрғайыпқызының есімі әлемге режиссер Отто Белл түсірген The Eagle Huntress деректі фильмі арқылы кеңінен танылды. Қазақтың саятшылық дәстүрін арқау еткен туынды әлемнің 30-дан астам елінде көрсетіліп, 2015 жылы «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Кейін Айшолпан Нью-Йоркте өткен Asia Game Changer халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.

Алайда Айшолпан бұл жетістіктерді жеке жеңісі деп қабылдамайды.

Өзіме жоғары баға беруден аулақпын. Бірақ бала күнгі арманымның орындалғанына, қазақтың байырғы саятшылық мәдениетін әлемдік деңгейде танытуға үлес қосқаныма шын жүректен қуанамын. Бұл – тек менің емес, маған сенген әкемнің, отбасымның және маған қолдау көрсеткен бүкіл халықтың жеңісі, – дейді ол.

Бүркітші қыздың айтуынша, фильм оның өмірін түбегейлі өзгерткен. Ең алдымен әлем қазақ халқының рухын, көшпенділер мәдениетінің тереңдігін және қазақ қызының қайсарлығын таныды.

Бұл фильм арқылы әлем қазақ халқының қайсарлығын, салт-дәстүрін және қыз баласының да алмайтын қамалы жоқ екенін көрді. Мен үшін халықаралық жол ашылды. Түрлі мемлекеттердің мәдениетімен таныстым. Ең бастысы – туған еліме, атамекеніме оралуыма да осы фильм үлкен септігін тигізді, – дейді Айшолпан.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтың ұлттық өнерін насихаттаған Айшолпан шетелдік көрермендердің нені ерекше бағалағанын да айтып берді.

Оның сөзінше, көпшілікті ең алдымен алып қыран құс пен нәзік қыздың арасындағы ерекше байланыс таңғалдырған.

Шетелдіктерді ең алдымен алып қыран құс пен нәзік қыз баласының арасындағы тылсым байланыс, шынайы сенім мен достық таңғалдырды. Олар технология қарыштап дамыған заманда қазақ даласында көшпенділер мәдениетінің әлі күнге дейін қаймағы бұзылмай сақталғанына таңданысын жасырмады, – дейді ол.

Сондай-ақ шетелдік аудитория үшін қарапайым ауылда өскен қазақ қызының әлемдік деңгейге шығуы да үлкен қызығушылық тудырған.

Олар үшін ең үлкен жаңалық – ешқандай үлкен қаланың мүмкіндігінсіз, табиғат аясында өскен қазақ қызының осындай биік жетістікке жетуі болды. Қазақтың сан ғасырлық салт-дәстүрінің өміршеңдігіне, көшпенділер өркениетінің қуатына ерекше қызығып қарады, – дейді бүркітші қыз.

«Мен ешқашан өзімді жұлдыз санаған емеспін»

Әлемдік танымалдық Айшолпанға жаңа мүмкіндіктермен қатар үлкен жауапкершілік те жүктеген.

Ол қай жерде жүрсе де әр сөзі мен ісіне мұқият болуға тырысатынын айтады.

Күтпегені – өзімді үнемі үлкен жауапкершілік үстінде сезінуім болды. Саған бүкіл әлем қарап отырғандықтан, әрбір сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарауың керек, – дейді ол.

Соған қарамастан Айшолпан өзін ешқашан жұлдыз ретінде сезінбегенін айтады.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Мен қарапайым ғана отбасында дүниеге келіп, ата-анамның тәрбиесін алып өскен қызбын. Сондықтан «мен танымалмын» немесе «жұлдызбын» деп ешқашан ойлаған емеспін. Алдымнан үлкен кісілер шықса, иіліп сәлем беремін. Үлкен тұлғалармен бір сахнада тұрсам да, қарапайым қалпымды сақтауға тырысамын. Өйткені адамды биіктететін – атақ емес, адамгершілігі, – дейді ол.

Бүркітшілік – өмірінің ажырамас бөлігі

Тұрмысқа шыққанымен, Айшолпанның өмірінен бүркіт кеткен жоқ. Өйткені бұл өнерді ол мамандық емес, өмірінің ажырамас бөлігі деп қабылдайды.

Жақында ғана бірнеше жыл баптаған қыранын табиғатқа қайта ұшырған. Бұл – саятшылықтағы ежелгі дәстүр.

Ұябасар бүркітті белгілі бір уақыттан кейін табиғатқа жіберу керек. Оның өз ұрпағын өрбітуіне мүмкіндік беру – біздің парызымыз. Биыл жаңа балапан алып, қайтадан баптаймын. Бүркіт біздің шаңырақтан ешқашан кеткен емес және кетпейді де, – дейді Айшолпан.

Әлемнің көптеген елін аралаған Айшолпан бүгінгі қазақ қыздары туралы да ойын жасырмай айтты. Оның пікірінше, заман өзгергенімен, ұлттық тәрбие өзгермеуі керек.

Қазақ қызы ең алдымен батыл, білімді, сабырлы болуы керек. Өз тамырын ұмытпай, заман талабына сай дамығаны дұрыс. Намыс пен нәзіктік қатар жүргенде ғана қазақ қызының болмысы толық көрінеді, – дейді ол.

Ал болашақта балалары бүркітші болғысы келсе, қарсылық танытпайды.

Егер өзі қаласа, міндетті түрде қолдаймын. Бірақ ешқашан мәжбүрлемеймін. Ең бастысы – қайда жүрсе де жүрегі қазақ деп соқсын, – дейді бүркітші қыз.

«Мақсатым – қазақ мәдениетін әлемге танытуды жалғастыру»

Қазір Айшолпанның алдында жаңа мақсаттар тұр. Ол атамекенде тұрақтап қана қоймай, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауды жалғастырмақ.

Ең үлкен мақсатым – осы елдің дамуына өз үлесімді қосу. Болашақта ағылшын тілінде жарық көрген кітабымды басқа да халықаралық тілдерге аударып, әлемдік нарыққа шығарғым келеді. Сонымен қатар жас ұрпаққа сапалы білім беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жалғастырғым келеді, – дейді ол.

Көпшілік оны үнемі қыран құс жетектеген қайсар қыз ретінде елестеткенімен, Айшолпан күнделікті өмірде мүлде басқа қырын ашты.

Өмірде өте қарапайыммын. Үй шаруасымен айналысқанды, кітап оқығанды және отбасыммен тыныш уақыт өткізгенді жақсы көремін. Көпшілік менің нәзік, сезімтал тұстарымды біле бермейді, – дейді ол.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Әңгіме соңында Айшолпан өзін ең алдымен қандай адам ретінде қабылдайтынын айтты.

Мен өзімді ең алдымен қазақ қызы деп есептеймін. Өйткені менің құсбегілігім де, жауапты жар болуым да, болашақ аналық міндетім де қазақ қызы деген ұғымнан, қазақы тәрбиеден бастау алады, – дейді әлемге қазақтың атын танытқан бүркітші қыз.

Бәлкім, дәл осы қарапайым жауап Айшолпанның әлемді мойындатқан басты ерекшелігін де аңғартатын шығар. Ол үшін бүркітшілік – атаққа апарар жол емес, ата-бабадан жеткен аманат. Ал Қазақстанға оралу – сол аманатты өз елінде жалғастырудың мүмкіндігі.

Оқи отырыңыз

{