28.04.2026
10:03
220
Жаңалықтар

Құрылыс па, әлде алаяқтық па? Forbes тізіміне енген жас кәсіпкерге іс қозғалды

Астана қаласында бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті азаматтардан «Nura Elite» коттедж қалашығын салу сылтауымен ақша тартқан.

ҚМА хабарламасында: «2021-2024 жылдар аралығында Мөлдір Сүйіншәли «Nura Elite» коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан», - делінген.

Жоба бойынша 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда тергеу дерегіне сәйкес, нысандар белгіленген мерзімде аяқталмаған. Таунхаустардың тек қаңқасы ғана тұр, ал құрылыс 2023 жылдың төртінші тоқсанына дейін бітуі керек болған.

ҚМА мәліметінше, сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Қазіргі таңда іс бойынша 56 адам жәбірленуші деп танылған. Тартылған қаражаттың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгені құраған.

«Оның ішінде 322 млн теңге Мөлдір Сүйіншәлидің, жұбайының және анасының есепшоттарына аударылған, сондай-ақ 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған», - деп хабарлады агенттік.

Тергеу барысында бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату дерегі де анықталған. Мәселен, толық төленген коттедждердің бірі күдіктінің жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделген. Одан соң нысан бірнеше рет қайта сатылған.

Сонымен қатар Мөлдір Сүйіншәли сатып алушылармен жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасаған. Алайда тергеу дерегінше, оның бұл жерлерді иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған.

Үлескерлерден жиналған қаражаттың бір бөлігі Астанадағы «Асылхан» тұрғын үй кешенінің жер телімін сатып алуға жұмсалғаны айтылды. Бірақ бұл нысанның да құрылысына қажетті рұқсат құжаттары болмаған.

ҚМА хабарламасында тағы бір жайт аталды. Сүйіншәли Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы БАҚ-та мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.

«Құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың “Біз біргеміз” қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Мөлдір Сүйіншәли MM Group компаниясының негізін қалаушы ретінде танылған.

Бұған дейін ол Forbes Kazakhstan басылымының «30 жасқа дейінгі 30 жас кәсіпкер» рейтингіне енген жас кәсіпкерлердің бірі болған.