Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның саяси жүйесіне тікелей әсер ететін бірқатар ауқымды Конституциялық заң жобасы қаралды. Депутаттар елдегі заң шығарушы органның құрылымын өзгерту, вице-президент институтын енгізу және сайлау жүйесін жаңарту мәселелерін талқылады.
Қазақстанда Парламенттің орнына Құрылтай құрылмақ
Бірлескен отырыста қаралған негізгі құжаттардың бірі – жаңа Конституциялық заң жобасы. Оны Мәжіліс депутаты Айдос Сарым таныстырды.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда қазіргі екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылуы мүмкін.
Айдос Сарым бұл өзгерістің тарихи маңызына тоқталып өтті.
Мемлекетіміздің тарихи мәнін ескере отырып, бүгін біз мемлекеттік билік жүйесіне «Парламент» сөзінің орнына «Құрылтай» ұғымын қайтарамыз. Дегенмен қазіргі Құрылтай тарихи Құрылтайды бұрынғы қалпында қайта жаңғырту емес, – деді депутат.
Заң жобасына сәйкес, жаңа Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болады. Ол бір палаталы жүйемен жұмыс істейді және бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттар пропорционалды жүйе арқылы сайланады.
Айдос Сарымның сөзінше, бір палаталы жүйеге көшу заң шығару процесінің ашықтығын арттыруға және саяси жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Тарихи тұрғыда жоғарғы палаталар өңірлердің өкілдігі үшін немесе терең әлеуметтік дағдарыстар кезеңінде қосымша сүзгі ретінде құрылған, – деді ол.
Заң жобасында Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл тәртібі, депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері де нақты көрсетілген. Сонымен қатар парламенттік көпшілік пен оппозицияны қалыптастыру, депутаттық әдеп нормалары және депутаттық бірлестіктердің жұмысы реттеледі.
Құжатта Құрылтайдың қазіргі Парламенттің құқықтық мирасқоры болатыны да көрсетілген. Ал заң күшіне енгеннен кейін Мәжіліске енгізілген барлық заң жобасы жаңа регламент бойынша Құрылтайда қаралады.
Заң жобасы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі мүмкін.
Осыған байланысты қазіргі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Парламент комитеттері мен комиссиялары туралы» заңдардың күші жойылады.
Вице-президенттің міндеті қандай болады
Бірлескен отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын да қарады. Құжатты әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды.
Заң жобасындағы негізгі жаңалықтардың бірі – вице-президент институтын енгізу.
Министрдің айтуынша, вице-президентті президент Құрылтай келісімі арқылы тағайындайды. Сонымен қатар кандидатқа нақты біліктілік талаптары қойылады.
Конституциялық заң жобасының 3-тарауында вице-президентті президенттің Құрылтай келісімімен тағайындау тәртібі, кандидатқа қойылатын нақты біліктілік талаптары белгіленген, – деді министр.
Оның айтуынша, вице-президенттің негізгі функциясы – мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде президент атынан өкілдік ету.
Сондай-ақ министр вице-президенттің қызметін Президент әкімшілігі қамтамасыз ететінін айтты.
Заң жобасы бойынша президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға мәртебесін сақтап қалады.
Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов заң жобасындағы өзгерістердің мазмұнына тоқталды.
Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі әрі символы болып қала береді, – деді депутат.
Құжатқа сәйкес, президент бірқатар жоғары лауазымды тұлғаны жеке өзі тағайындайды. Олардың қатарында бас прокурор, Конституциялық сот төрағасы, ҰҚК төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы бар.
Ал Құрылтай келісімі арқылы:
Депутаттардың айтуынша, бұл жүйе билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, оны екінші оқылымға дайындайтын бірлескен комиссия құрылды. Комиссия төрайымы болып Үнзила Шапақ сайланды.
Сайлау жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі
Парламент отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды. Заң жобасын премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
Министрдің айтуынша, құжат бұрынғы сайлау науқандары кезінде анықталған мәселелерді шешуге бағытталған.
Заң жобасындағы маңызды өзгерістердің бірі – әкім сайлауындағы тең дауыс мәселесін шешу тетігі.
Егер кандидаттар бірдей дауыс жинаса, аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізу туралы шешім қабылдайды.
Сонымен қатар бір адамға бір мезгілде әрі мәслихат депутаттығына, әрі әкімдікке кандидат болуға тыйым салынады. Бірнеше округ бойынша қатар әкімдікке түсуге де рұқсат берілмейді.
Серік Жұманғарин онлайн үгіт-насихат мәселесіне де ерекше назар аударылғанын айтты. Енді барлық кандидатқа интернет-платформаларда тең мүмкіндік берілуі тиіс.
Егер кандидат саяси партия атынан ұсынылса, партияның ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларын қосымша келісімшартсыз пайдалана алады.
Заң жобасында сайлау қорларынан тыс қаржы тартуға тыйым салу нормасы да енгізілген. Бұл сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ сенімді тұлғаларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді тек 18 жасқа толған Қазақстан азаматы ғана сенімді тұлға бола алады.
Әкімдікке үміткерлерді қолдау тәртібі де өзгереді. Кандидатты қолдау үшін округтегі елді мекендердің жартысынан және сайлаушылардың кемінде 1 пайызынан қол жиналуы қажет.
Бұдан бөлек:
Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл өзгерістердің барлығы сайлау процесінің ашықтығын арттыруға және барлық рәсімнің заң аясында өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.