Құрылтай депутаттарына қойылатын талап күшейеді - саясаттанушы

Құрылтай депутаттарына қойылатын талап күшейеді - саясаттанушы

Асқар Таудай
Фото: Индира Рыстинаның жеке парақшасынан

Бір палаталы Парламентке көшу Құрылтай депутаттарының заң қабылдау үдерісіндегі жауапкершілігін арттырады. Бұл туралы саясаттанушы Индира Рыстина онлайн-марафон кезіндегі эфирде айтты.

«Енді Құрылтай депутаттары заңның басталуынан қабылдануына дейінгі бүкіл процеске толық жауап береді. Комитеттер саны артып, цифрлық бағыттағы заңдарды жан-жақты қарауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар депутаттық этикаға қатысты талаптар күшейеді», – деді саясаттанушы.

Бүгін, 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына арналған жалпыұлттық онлайн-марафон басталды. Тікелей эфир дауыс беру барысын күні бойы көрсетеді.

Медиажоба «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының бастамасымен ұйымдастырылған. Эфир сағат 09:00-де басталып, 00:30-ға дейін жалғасады. Осылайша, 16 сағатқа созылатын марафон дауыс беру кезеңін және сайлау учаскелерінің басым бөлігі жабылғаннан кейінгі алғашқы сағаттарды да қамтиды.

Тікелей эфир төрт платформада көрсетіледі

Онлайн-марафонды YouTube, Facebook, Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінен тікелей көруге болады. Бұл көрермендерге сайлау барысын теледидар немесе компьютерден ғана емес, смартфон арқылы да бақылауға мүмкіндік береді.

Марафон барысында Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылады. Тілшілер мегаполистердегі ахуалды көрсетіп, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттасады.

Сондай-ақ еліміздегі ірі құрылыс нысандарынан арнайы репортаждар ұсынылып, қоғамдық мәселелер мен дауыс беру барысына қатысты өзекті ақпараттар талқыланады.

Сарапшылар мен қоғам өкілдері пікір білдіреді

Күні бойы студияға қоғам қайраткерлері, белсенділер, түрлі сала мамандары, БАҚ өкілдері, сарапшылар мен блогерлер қатысады. Сонымен қатар спортшылар мен мәдениет өкілдері де марафон қонағы болады.

Бағдарламада сұхбаттар, сараптамалық пікірлер, пікірталастар және өңірлерден тікелей қосылымдар қарастырылған. Ақпараттық орталық еліміздің әр аймағындағы жағдайды жинақтап, сайлау күнінің жалпы көрінісін ұсынады.

Қазақстандағы сайлау учаскелерінің басым бөлігінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Ал онлайн-марафон 00:30-ға дейін жалғасып, учаскелер жабылғаннан кейінгі оқиғаларды да қамтиды.

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр.

Оқи отырыңыз

{