24.04.2026
11:30
190
Жаңалықтар

«ҚТЖ-ның қарызы 3 триллион теңгеден асқан»: бұл билет бағасына қалай әсер етеді?

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарызы жаңа займдарды қоса есептегенде 3 триллион теңгеден асқан. Бұл туралы Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов парламенттік тыңдауда мәлімдеді.

«Бұл мәселені соза беру ҚТЖ-ның өзіне де, жалпы елдің транзиттік әлеуетін дамытуға да айтарлықтай теріс салдар әкелуі мүмкін», – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, ҚТЖ-ның қаржылық жағдайына әсер етіп отырған негізгі себептердің бірі – тарифтердің төмендігі. Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, елдегі жүк айналымының шамамен 70%-ы өзіндік құнынан төмен тарифпен тасымалданады.

«ҚТЖ-да ЕАЭО мен ТМД елдері арасында теміржол тарифтері ең төмен деңгейде. Олар тасымал шығындарын жаппайды және шығынды болып отыр. Ал экспорттық жүк тасымалы көрші елдерде Қазақстанмен салыстырғанда 2–4 есе қымбат», – деді Бұқтұғұтов.

Сенатор тариф саясатын шұғыл реформалау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл мәселені ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген.

Айта кетейік, бұған дейін ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергеновке компания қарызының көлемі туралы сұрақ қойылғанда, ол нақты соманы бірден атай алмай, сауалды орынбасарына бағыттаған еді. Кейін ҚТЖ ресми жауапта компанияның жиынтық қарызы 3,7 триллион теңге болғанын хабарлаған.

Сондай-ақ сенатор бұған дейін Қазақстандағы магистральдық теміржол желісінің тозу деңгейі 57%-ға жеткенін сынға алған. Теміржолдардың тек үштен бірінде ғана қос жол бар, станциялар мен айналма жолдардың шамамен 60%-ы ұзын құрамды пойыздарға бейімделмеген, ал желінің үштен екісінен астамы электрлендірілмеген.