ҚПЛ аяқталуға жақын: жеңімпаз атағы кімге бұйырады

ҚПЛ аяқталуға жақын: жеңімпаз атағы кімге бұйырады

Мадина Асылбекова
Фото: "Қайрат" ФК/Арман Жақсығұлов

Қазақстан Премьер-лигасында маусымның ең маңызды кезеңі басталады. Командалардың басым бөлігіне төрт-ақ матч қалды.

Бірақ турнир кестесіне қарасаңыз, шешілген мәселе аз: чемпион әлі анықталған жоқ, еурокубок жолдамасына бірнеше клуб таласып жатыр, ал төменгі бөліктегі алты команданың ешқайсысы өзін қауіпсіз сезіне алмайды.

Бір қызығы, турнир кестесінің екі шетінде мүлде бөлек жағдай қалыптасқан. Жоғарыда «Ордабасы» қарсыластарынан біртіндеп ұзап бара жатса, төменде бір жеңіс немесе бір жеңіліс бірнеше команданың орнын бірден өзгертіп жіберуі мүмкін.

Төрт ұпай «Ордабасы» клубына не береді?

Чемпиондық бәсекеде қазір Шымкент клубының жағдайы тиімді. «Ордабасы» 61 ұпай жинап, екінші орында тұрған «Қайраттан» төрт ұпай алда келеді.

Бұл айырма шешуші болып көрінбеуі мүмкін. Төрт турда жағдайдың өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Бірақ мәселе тек ұпайда емес.

«Ордабасы» маусымның қалған бөлігінде бар назарын Премьер-лигаға аудара алады. Ал «Қайратқа» ішкі чемпионатты еурокубокпен қатар алып жүруге тура келеді.

Алматылықтар ҚПЛ аяқталғанға дейін Конференциялар лигасында «Рига» және «Панатинаикоспен» кездеседі. Екі еурокубок матчы чемпионаттағы шешуші ойындардың арасына түсіп отыр. Сапар, футболшылардың физикалық жағдайы, құрамды алмастырып отыру қажеттілігі – мұның бәрі маусым соңында әсер етуі мүмкін.

«Ордабасының» күнтізбесінде «Қайсар», «Ақтөбе», «Жеңіс» және «Ертіс» бар. «Қайрат» болса, «Жетісу», «Ертіс», «Ақтөбе» және «Алтаймен» ойнайды.

Сондықтан чемпиондық бәсекеде ендігі мәселе «Ордабасы» қанша ұпай жоғалтады дегенге келіп тіреледі. Шымкенттіктер қалған матчтарын сенімді өткізсе, «Қайраттың» өз ойындарында жеңіске жетуі жеткіліксіз болуы мүмкін.

Алматылық клуб бұған дейін «Тобыл» мен «Астанадан» жеңіліп, маңызды ұпайлардан айырылды. Соның салдарынан чемпиондық бәсекедегі бастама қарсыласына өтті.

«Ордабастың» алдында тағы бір үлкен мүмкіндік бар. 7 қарашада шымкенттіктер Қазақстан кубогының финалында «Қайсармен» кездеседі. Демек команда үшін маусым бірден екі трофеймен аяқталуы ықтимал.

Төртінші орын биыл неге маңызды?

Турнир кестесінің алғашқы үштігі біршама айқындала бастағанымен, төртінші орын үшін күрес енді қыза түседі.

«Астана» 48 ұпаймен үшінші орында. Оның үстіне елордалықтардың бір ойыны кем. Сондықтан дәл қазір басты тартыс оның артындағы командалар арасында жүріп жатыр.

«Оқжетпес» 45 ұпай жинаған. «Ақтөбеде» – 42, ал бір ойыны кем «Елімайда» – 38 ұпай.

Биыл төртінші орынның бағасы әдеттегіден жоғары болуы мүмкін. Оның себебі – Қазақстан кубогының финалы.

Егер кубокты «Ордабасы» жеңіп алса және чемпионат арқылы халықаралық жарыстарға жолдама алса, ҚПЛ-дағы келесі командаға еурокубокқа шығуға мүмкіндік туады. Мұндай жағдайда төртінші орын үшін күрес жай ғана турнир кестесіндегі позиция үшін емес, Конференциялар лигасының жолдамасы үшін таласқа айналады.

Ал «Қайсар» кубокты жеңіп алса, жолдама қызылордалықтарға өтеді.

Сондықтан «Оқжетпес», «Ақтөбе» және «Елімай» үшін алдағы апталар екі кезеңнен тұрады: алдымен чемпионатта мүмкіндігінше жоғары орын алу, содан кейін кубок финалының нәтижесін күту.

Бұл тартыста күнтізбе де маңызды.

«Ақтөбе» маусым соңында «Елімай», «Ордабасы», «Қайрат» және «Тобылмен» кездеседі. Ал семейліктердің бір ойыны артық және ең қызығы – соңғы турда «Елімай» мен «Оқжетпес» өзара ойнайды.

Егер командалар сол уақытқа дейін бір-бірінен ұзап кетпесе, маусымның соңғы матчтарының бірі еурокубок жолдамасына таласта шешуші болуы мүмкін.

Алты командаға төрт-ақ ұпай

Чемпиондық бәсекеден де тартысты жағдай турнир кестесінің төменгі бөлігінде қалыптасып отыр.

11-орындағы «Ертісте» – 26 ұпай. Одан кейін «Алтай» – 25, «Қайсар» мен «Қызылжар» – 24, «Атырау» – 23 және «Жетісу» 22 ұпаймен келеді. Алты команда. Араларында төрт-ақ ұпай.

Маусым соңында олардың екеуі Премьер-лигадан түсіп қалады.

Мұндай жағдайда бір жеңістің өзі команданы бірнеше орынға көтерсе, қатарынан екі сәтсіз матч қауіпті аймаққа түсіріп жіберуі мүмкін.

Оның үстіне «Ертіс» пен «Атыраудың» бір-бір ойыны кем. Сондықтан қазіргі турнир кестесі командалардың нақты мүмкіндігін толық көрсетіп тұрған жоқ.

Алда тікелей бәсекелестердің өзара матчтары да бар. 25 қазанда «Атырау» «Ертісті» қабылдайды. Ал 17 қазанда «Жетісу» мен «Қайсар» кездеседі.

Әсіресе Талдықорғандағы матчтың салмағы ауыр болуы мүмкін.

«Жетісу» қазір соңғы орында тұр және қалған төрт ойында «Қайрат», «Қайсар», «Тобыл» және «Астанамен» кездеседі. Сондықтан тікелей бәсекелес «Қайсардан» ұпай алу талдықорғандықтар үшін аса маңызды.

Қызылордалықтардың да жағдайы қызық. Бір жағынан, команда Премьер-лигада қалу үшін күресіп жатыр. Екінші жағынан, Қазақстан кубогының финалына шыққан.

Сондықтан «Қайсардың» маусымы бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі сценариймен аяқталуы мүмкін. Команда чемпионатта төменгі лигаға түсіп қалу қаупімен күресіп жүріп, кубокты жеңсе, келесі маусымда еурокубокта өнер көрсету құқығына ие болады.

«Атырау» тағы да соңғы турларға дейін күресе ме?

Төменгі алтылықтағы тағы бір назар аударатын команда – «Атырау».

Атыраулықтар былтыр да маусым соңына дейін Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күрескен еді. Биыл жағдай тағы қайталанып отыр.

Қазір командада 23 ұпай бар. «Қайсар» мен «Қызылжардан» бір, «Алтайдан» екі ұпай ғана қалып келеді. Оның үстіне «Атыраудың» бір ойыны кем.

Демек бір сәтті турдың өзі жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Жалпы төменгі алтылықта қазір ешбір команданы алдын ала Премьер-лигадан түсіп қалды деуге болмайды. Тіпті 26 ұпайы бар «Ертіс» те соңғы орыннан небәрі төрт ұпай алда.

Маусымның тағдырын бірнеше матч шешеді

ҚПЛ-дың соңғы бөлігіне келгенде турнир кестесі үш түрлі тартысты қатар ұсынып отыр.

«Ордабасы» чемпиондыққа ең жақын команда болғанымен, «Қайраттың» математикалық мүмкіндігі сақталады. Төрт ұпайлық айырма шымкенттіктерге басымдық береді, бірақ қалған төрт турда бір сәтсіздік жағдайды қайта өзгертуі мүмкін.

Төртінші орын үшін бәсекенің тағдыры тіпті күрделірек. Мұнда командалардың өз нәтижесінен бөлек, Қазақстан кубогының финалы да шешуші рөл атқарады.

Ал төменгі бөлікте есеп тіпті қарапайым: алты команда төрт ұпайдың ішінде тұр, оның екеуі маусым соңында Премьер-лигамен қоштасады.

Сондықтан ҚПЛ-дың биылғы маусымындағы ең қызық футбол дәл осы соңғы апталарда болуы мүмкін. Бір жерде чемпиондық шешілсе, екінші жерде еурокубок жолдамасы сарапқа салынады, ал тағы бірнеше команда үшін әр ұпай келесі маусымда Премьер-лигада ойнау-ойнамау мәселесін шешеді.

Оқи отырыңыз

{