Медицина ғылымдарының кандидаты, отоларинголог Регина Миниахметова адамдардың көбісі қорылдың зиянын жете бағаламайтынын, алайда бұл құбылыс денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Дәрігердің айтуынша, қорылдың ең қауіпті асқынуы – обструктивті ұйқы апноэсы. Бұл кезде адам ұйықтап жатқанда тыныс алу өздігінен тоқтап қалады. Мұндай жағдайлар бүкіл ағзаның жұмысына кері әсер етіп, әсіресе жүрек-қантамыр жүйесіне үлкен қауіп төндіреді.
Тыныстың тіпті қысқа мерзімді үзілістері оттегі жетіспеушілігіне (гипоксияға), жүрек бұлшықетінің бұзылуына және жүрек ырғағының ауытқуына алып келеді. Мұның бәрі инфаркт пен инсульт қаупін арттырады, – деді Миниахметова Lenta.ru-ға берген сұхбатында.
Сонымен қатар, маманның айтуынша, қорыл мен ұйқы апноэсы гипертонияның (жоғары қан қысымының) дамуына себеп болуы мүмкін.
Түнде жиі оянып қалу және ауа жетпеу сезімі – ағза үшін үлкен стресс. Мұндай сәттерде қан тамырлары тарылады, ал қанға адреналин гормоны көп мөлшерде бөлінеді, бұл қан қысымының күрт көтерілуіне әкеледі. Уақыт өте келе гипертония созылмалы түрге айналады.
Дәрігердің айтуынша, қорылдың тағы бір салдары – бас ауруы мен ұйқысыздық. Қатты қорыл кезінде терең ұйқы кезеңі қысқарады, ал ұйқының жетіспеушілігі созылмалы түрге өтеді.
Нәтижесінде адам таңертең сергіп оянбайды, күні бойы шаршаңқы, ұйқышыл жүреді. Созылмалы ұйқы тапшылығы депрессияға және психикалық күйдің бұзылуына соқтыруы мүмкін.