Ағаштан салынған зәулім ғимараттар бүгінде әлемдік архитектурадағы жаңа трендке айналып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – Данияның Орхус қаласында бой көтерген 20 қабатты Træ кешені.
Бұл жоба жай ғана биік ағаш ғимарат емес. Архитекторлар мұнда экология, технология және қайта өңделген материалдарды бір нысанға біріктіріп, ерекше эксперимент жасаған.
Træ әлемдегі ең биік ағаш ғимарат болмаса да, осы санаттағы ең ірі нысандардың қатарына кіреді. Ол Милуокидегі әйгілі Ascent ғимаратынан небәрі алты метрге аласа. Жобаны даттың Lendager Arkitekter архитектуралық бюросы әзірлеген. Құрылысты жергілікті екі компания жүзеге асырған.
Кешеннің құрылымы бірнеше бөліктен тұрады: 20 қабатты негізгі мұнара, оған жалғасқан екі алты қабатты корпус және үш қабатты стилобат. Мұнда кеңселер, коворкингтер мен мейрамхана орналасқан. Интерьер толықтай ағашпен әрленіп, ғимаратқа ерекше жылылық пен табиғи атмосфера беріп тұр.
Қазіргі заманғы ағаш биік үйлер кәдімгі тұтас ағаштан емес, арнайы желімделген бөренелерден салынады. Мұндай технология материалдың беріктігін арттырып, оның қабаттанып кетуіне жол бермейді. Træ кешенінде де негізгі құрылымдық материал ретінде дәл осы инженерлік ағаш пайдаланылған. Одан қабырғалар, колонналар мен аралық жабындар жасалған. Ал жүктеме көп түсетін аймақтар болат элементтермен күшейтілген.
Жобаның басты ерекшелігі – құрылыс кезінде қайта өңделген материалдардың кеңінен қолданылуы. Архитекторлар бетонды мүмкіндігінше аз пайдалануға тырысқан. Дегенмен толықтай бас тарту мүмкін болмағандықтан, бетон тек іргетасқа қолданылған.
Ең қызығы, ғимаратта ескі жел генераторларының қалақтары пайдаланылған. Даниядағы қоқыс полигондарында мұндай бөлшектер өте көп сақталады екен. Бастапқыда архитекторлар олармен бүкіл фасадты қаптауды жоспарлаған. Алайда кейін қалақтардың өрт қаупі жоғары екені анықталған. Соның нәтижесінде олардан күннен қорғайтын арнайы қалқандар жасалған.
Ғимарат ішінде де қайта өңделген материалдар жетерлік. Мысалы, шыны қалқандар ескі терезелерден алынған әйнектерден жасалған. Қабырға панельдері мен паркет бұрын пайдаланылған ағаштан құрастырылған. Тіпті жарық шамдарының бекіткіштері де екінші рет қолданылған материалдардан әзірленген.
Шатырдағы бар аймағы ескі кірпішпен көмкерілсе, алюминий қаптамалар фермерлік ғимараттар мен өндірістік нысандардың шатырларынан алынған. Ал дыбыс оқшаулау жүйесіне ескі PET бөтелкелер мен қолданылған тоқыма материалдары пайдаланылыпты.
Ғимараттың айналасына басқа жерлерден көшіріліп әкелінген үлкен ағаштар отырғызылған. Осылайша кешен табиғатпен үйлескен біртұтас экожүйе іспетті көрінеді.
Мамандар есебінше, осындай шешімдердің арқасында құрылыс барысында бөлінетін көмірқышқыл газының көлемі толық бетоннан тұрғызылған ғимаратпен салыстырғанда 26 пайыз азайған.
Бұл көрсеткіш аса үлкен болмағанымен, жобаның басты құндылығы – архитектурадағы жаңа көзқарас пен экологиялық ізденісте жатыр. Træ бүгінде тек тұрғын немесе кеңсе ғимараты емес, қайта өңделген материалдарды болашақ мегаполистерде қалай тиімді қолдануға болатынын көрсететін тәжірибелік алаңға айналып отыр.