23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Елімізде 2027 жылдан бастап қонақ үйлердің қызмет көрсету тәртібі өзгереді. Енді қонақ үйге келген адамға бөлме бағасы мен брондау шарттарын алдын ала түсіндіру, тәулік бойы ауызсу ұсыну, тазалық жұмыстарын қонақтың келісімімен жүргізу міндеттеледі.
Сонымен қатар қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетуді білуі керек. Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Бұған дейін қонақ үйге тапсырыс бергенде бөлменің бағасын, алдын ала төлем шарттарын немесе брондаудан бас тарту тәртібін нақтылау үшін қосымша сұрақ қоюға тура келетін. Енді жаңа стандарт бойынша қонақ үй әкімшілігі бұл ақпаратты брондау басталғанға дейін ұсынуы керек.
Сондай-ақ брондау туралы өтінімге 24 сағат ішінде жауап берілуі тиіс. Яғни қонақ бөлмені брондауға өтініш жібергеннен кейін ұзақ уақыт жауап күтпеуі керек.
Қонақ үйге ерте келсеңіз шай ұсынады
Жаңа стандартта қонақтарды орналастыру уақытын сағат 14:00-ден кешіктірмеу, ал бөлмені босату уақытын 12:00-ден ерте белгілемеу ұсынылған. Дегенмен нақты уақытты қонақ үйдің өзі анықтайды.
Егер қонақ белгіленген уақытта келіп, бөлмесі әлі дайын болмаса, оның жүгін уақытша сақтайтын орын болуы керек. Бұған қоса, күту кезінде шай немесе басқа да қосымша қызмет ұсыну қарастырылған.
Рұқсатсыз бөлмені жинауға болмайды
Қонақ үйдегі тазалық жұмыстары да жаңа талаптарға сәйкес жүргізіледі. Атап айтқанда, тұрып жатқан бөлмелер күн сайын жиналуы керек. Бірақ бұл қонақтың келісімімен жүзеге асады.
Мысалы, есікке «Мазаламаңыз» деген белгі ілінсе, қызметкер бөлмеге кірмеуі тиіс. Ал қонақ бөлмеде болған жағдайда, алдымен тазалық жүргізуге рұқсат сұрауы қажет.
Сонымен қатар ауызсу тәуліктің кез келген уақытында қолжетімді болуы керек.
Тағамның құрамын білуге болады
Жаңа талаптар тамақтандыру қызметіне де қатысты. Қонақ үй қызметкерлері ұсынылатын тағамдардың құрамын білуі және келушілерге түсіндіруі керек.
Мәселен, баланың жаңғаққа аллергиясы болса, ата-анасы асхана қызметкерлерінен қандай тағамдарды қауіпсіз тұтынуға болатынын сұрай алады. Егер асүйде қажетті өнімдер болса, құрамында жаңғақ жоқ кем дегенде бір тағам ұсынылуы тиіс. Бұл талап тағамға аллергиясы бар адамдар үшін маңызды.
Егер қонаққа қызмет көрсету сапасы ұнамаса, ол шағымын ауызша немесе жазбаша түрде жеткізе алады. Қонақ үй әкімшілігі өтінішті тіркеп қана қоймай, мәселені шешу үшін қандай шара қабылдағанын да хабарлауы керек. Яғни келушінің шағымы назардан тыс қалмауы тиіс.
Қонақ үйлердегі қауіпсіздік
Жаңа стандартта қонақтардың қауіпсіздігіне де басымдық берілген. Мәселен, еден дымқыл болса, арнайы ескерту белгісі қойылуы керек. Бассейннің тереңдігі көрсетіліп, маңында құтқарушының бар-жоғы туралы ақпарат берілуі тиіс.
Бұдан бөлек, қонақ үй қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетуді және жүрек-өкпе реанимациясын жасауды меңгеруі қажет. Сондай-ақ қонақ үйлер өз жауапкершілігін сақтандыруға міндетті болады.
Сауда және интеграция министрлігінің түсіндіруінше, жаңа стандарт қонақ үй қызметінің сапасын қонақтың бүкіл демалыс кезеңі бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Яғни тек бөлменің тазалығы немесе қызметкерлердің сыпайылығы ғана емес, брондаудан бастап қонақтың қонақ үйден шығуына дейінгі барлық қызмет ескеріледі.
Министрлік бұл құжат қонақ үй басшыларына қызметкерлердің жұмысын бағалауға, міндеттерді дұрыс бөлуге және мамандардың біліктілігін арттыруды жоспарлауға көмектесетінін атап өтті.
Жаңа стандарт 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Талаптар жұлдыз санына қарамастан, Қазақстандағы барлық санаттағы қонақ үйлерге қолданылады.
23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?23 Қараша, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік