«Қолымда 1800 жылы жазылған кітап бар»: отандық коллекционерлер не жинайды?

«Қолымда 1800 жылы жазылған кітап бар»: отандық коллекционерлер не жинайды?

Айзат Айдарқызы
Фото: Бақтияр Қалдыбековтың коллекциясы/ Al

Бір қарағанда, қажетсіз болып көрінетін ондаған марка, тиын, ашықхат немесе көне затты жинаудың мәні неде? Коллекция жинау – тарихты сақтаудың, сирек дүниелерді зерттеудің немесе сүйікті іспен айналысудың бір тәсілі. Ал елімізде коллекционерлер көп пе?

Иә, коллекция жинау – адамзат тарихындағы ең көне әуестіктердің бірі. Бүгінде адамдардың не жинайтынына қарасаңыз, оның шегі жоқ екенін байқауға болады. Қазақстанда да ерекше коллекция жинайтын адамдар аз емес. Қызылордадағы коллекционерлер клубының мүшесі Олжас Есназаровтың айтуынша, елімізде коллекционерлер көп. Әр үлкен қалада коллекционерлер клубы бар. Мысалы, танымал коллекционер Азат Әкімбек ескі әрі қымбат бұйымдарды жинайды. 

фото: Лаура Набиеваның коллекциясы/ Threads әлеуметтік желісінен

Қызылорданың өзінде клубқа тіркелген 20-ға жуық коллекционер бар. Тіркелмеген, бірақ тұрақтты түрде коллекция жинайтын 20-ға жуық адамды танимын. Өзім нумизматпын, Қазақстанның күміс тиындарын жинаймын, – дейді Олжас Есназаров. 

Коллекция жинау қайдан шықты?

Коллекционерліктің нақты қашан пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Адамдар ежелден-ақ сирек, әдемі немесе ерекше заттарды сақтауға тырысқан. Ежелгі өркениеттерде билеушілер мен ауқатты адамдардың сарайында қару-жарақ, асыл тастар, көне қолжазбалар, өнер туындылары мен басқа да сирек бұйым жиналған. Ол кезде мұндай жинақтар көбіне байлық пен мәртебенің белгісі болған.

фото: Әйгерімнің коллекциясы/ Threads әлеуметтік желісінен

Ал Еуропада коллекция жинау Қайта өрлеу дәуірінде кең тарай бастады. XV–XVI ғасырларда ауқатты адамдар мен ғалымдар табиғатта және адам қолымен жасалған ерекше дүниелерді жинаған. Сол кезеңде «қызығушылықтар кабинеті» деп аталатын жеке жинақтар пайда болды. Оларда минералдар, жануарлардың сирек үлгілері, көне монеталар, өсімдіктер, археологиялық заттар мен өнер туындылары қатар сақталған. Уақыт өте келе мұндай жеке коллекциялардың бір бөлігі қазіргі музейлердің қалыптасуына негіз болды.

Қазақстандықтар не жинайды?

Бүгінде коллекционер болу үшін міндетті түрде өте көне немесе қымбат заттарды жинаудың қажеті жоқ. Мұны әлеуметтік желідегі қазақстандықтардың әуестіктерінен де көруге болады. Мысалы,  Нұрсұлтан есімді ақтөбелік футбол жанкүйері 2013 жылдан бері ұлттық құраманың,  футбол клубтарының шарфтарын жинайды. Коллекционердің айтуынша, коллекциясында 100-ге жуық шарф бар.

фото: Нұрсұлтанның коллекциясы/ Threads әлеуметтік желісінен

Threads желісінде Лаура есімді қолданушы екі жылдан бері Barbie қуыршағын жинайтынын жазған. Оның коллекциясы көзжауын алатыны соншалық, оның оқырманы күн санап өсіп жатыр. Ал Хельсинки қаласында тұратын Жасұлан Серік 2010 жылдан бері кітап жинайды. Бала кезінен кітапқұмар болған ол кейін жинауға әуесі ауған. 

Мендегі ең көне кітап – қолмен жазылған Құран. 1800 жылдардың басы мен орта тұсында жазылған. Одан кейінгілері беріректе, 1930,40,50,60 жылдары жазылған кітаптар. Құран кітаптың ескілігі сондай, парақтауға келмейді. Парақтары жұқарып қалған. Сондықтан қозғамай сол күйінше орап қойдым. Қазіргі араб тілінің мамандары оқи алмады. Ескі араб қарпінде жазылған болуы керек, – дейді коллекционер.

фото: Нұргүл Жолдыбайдың коллекциясы/ Threads әлеуметтік желісінен

Жасұланға бірнеше БАҚ өкілдері хабарласып, коллекциясын көрсетуді сұраған екен. Алайда  шетелде тұратындықтан, ондай мүмкіндігім жоқ деп отыр. 

Құран кітап нағашыларымнан мұраға қалды. Көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Қазір Хельсинки қаласында тұрамын. Мұғалім болып жұмыс істеймін, – дейді Жасұлан Серік. 

Коллекцияның қанша түрі бар?

Коллекция түрлерінің нақты санын атау мүмкін емес. Себебі адам қызығатын кез келген зат коллекцияның тақырыбына айнала алады.

фото: Threads әлеуметтік желісінен

Ең танымал түрлері мынадай:

фото: Нұрсұлтанның коллекциясы/ Threads әлеуметтік желісінен

Ал қазіргі заманда коллекцияның жаңа түрлері де пайда болып жатыр. Мысалы, белгілі бір брендтің барлық шығарылымын, фильмге қатысты мерчті немесе тіпті цифрлық заттарды жинайтындар бар. 

Оқи отырыңыз

{