Ата-аналар миллиондап ақша төлеп, баласын оқытып жатыр. Бірақ ол мамандық ертең керек болмай қалуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанның білім жүйесі әлі де ескі модельмен маман дайындап жатқанын айтты.
Бұрынғы білім моделі неге жұмыс істемей қалды
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, біз ондаған жыл бойы бір ғана логикамен өмір сүрдік, адам білім алса, ол жұмыс табады деп есептелді. Мамандық неғұрлым тар, неғұрлым нақты болса, соғұрлым сұраныс жоғары болады деген түсінік қалыптасты. Заңгер құқықты, аудармашы тілді, бухгалтер есепті жақсы білсе, бұл жеткілікті саналды.
Бұл жүйе шынымен де ұзақ уақыт тиімді жұмыс істеді. Бірақ жасанды интеллект бұл тепе-теңдікті бұзды.
Ал ЖИ пайда болғаннан кейін бұл логика жеткіліксіз болып қалды. Себебі дәл осындай тапсырмаларды ЖИ орташа маманға қарағанда тезірек, дәлірек және тиімді орындайды, – деді депутат.
Яғни бұрын «мықты дағды» саналған нәрселердің өзі енді артықшылық болудан қалуы мүмкін.
Біз бес жылдан кейін сұранысқа ие болатын мамандарды дайындап жатырмыз ба? Әлде ескірген экономика үшін мамандар шығып жатыр ма?, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, жетістіктер бар, белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ жүйелі мәселелерді ашық айтпай, тек «бәрі жақсы» деу дұрыс емес.
Бұл сұрақ – тек білім саласына емес, бүкіл елдің болашағына қатысты мәселе.
ЖИ алдымен «офис элитасына» соққы берді
Асхат Аймағамбетов ерекше тоқталған мәселенің бірі – өзгерістің бағыты. Бұған дейін технология қарапайым жұмысшыларды алмастырады деген түсінік болған. Бірақ қазір бәрі керісінше.
Ең қызығы, тарихта алғаш рет соққы зауыттағы жұмысшыларға емес, біз «офис элитасы» деп жүрген мамандарға тиді, – деді ол.
Заңгерлер, аудармашылар, бухгалтерлер мен талдаушылар – тәуекел аймағында тұрған негізгі топ.
Халықаралық валюта қорының дерегіне сүйенсек, қазірдің өзінде әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 40 пайызы жасанды интеллекттің ықпалына ұшыраған. Миллиондаған жаңа мамандық пайда болады, бірақ дәл сонша жұмыс орны жойылуы мүмкін.
Университеттер өзгеріс қарқынына ілесе алмай отыр
Депутаттың пікірінше, ең үлкен проблема – білім беру жүйесінің баяулығы.
Нарықтың өзгеру жылдамдығы біздің білім беру жүйеміздің реакциясынан әлдеқайда жоғары, – деді Асхат Аймағамбетов.
Ол тағы бір маңызды деректі келтірді.
Бүгін студенттерге аудиторияда үйретіп жатқан дағдылардың 40%-ы 2030 жылға қарай жаңартуды қажет ететін болады, – деді ол.
Яғни бүгін үйренген білім ертең өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Бұл – қазіргі жүйенің негізгі әлсіз тұсы.
Дипломның құны төмендеп бара ма
Асхат Аймағамбетов университеттің дәстүрлі моделінің де өзгергенін айтты. Бұрын оқытушы білім береді, студент емтихан тапсырады, диплом алады, кейін жұмысқа тұрады. Қазір бұл жүйе жеткіліксіз.
Бүгін студент ЖИ-дің көмегімен үш минуттың ішінде кез келген дипломдық жұмыстан артық бизнес-жоспар немесе талдау жасап алады, – деді депутат.
Яғни ақпараттың өзі емес, оны түсіну мен қолдану қабілеті маңызды болып отыр. Бұл жағдайда жай ғана диплом еңбек нарығында кепілдік бола алмайды.
Гуманитарлық білімге сұраныс артып келеді
Мәжіліс депутаты жасанды интеллект дәуірінде гуманитарлық білімнің маңызы күшейетінін атап өтті. Оның айтуынша, университеттер тек тар мамандықтарға бағытталып қалмауы керек, керісінше іргелі және гуманитарлық пәндерге басымдық бергені жөн.
ЖИ дәуірінде университет тар мамандықтарға қамалып қалмай, іргелі және гуманитарлық бағытты күрт күшейтуіміз керек, – деді ол.
Асхат Аймағамбетов философия, социология, тілдер, логика, этика сияқты пәндердің соңғы жылдары екінші деңгейлі ретінде қарастырылып, оқу бағдарламаларынан қысқартылып жатқанын сынға алды.
Біз бұл пәндерге «балласт» ретінде қарауға үйреніп қалғанбыз. Бұл – стратегиялық қателік!, – деді ол.
Оның сөзінше, жасанды интеллект кез келген тапсырманы орындай алады, бірақ оған дұрыс нәтиже алу үшін нақты әрі сапалы сұрақ қою қажет. Ал бұл қабілет кең ойлау мен сыни талдауды талап етеді.
Университеттің рөлі өзгеруі тиіс
Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының миссиясы да өзгеруі керек екенін айтты. Оның пікірінше, университеттің негізгі міндеті тек маман даярлау емес, әлем өзгерістеріне бейімделе алатын тұлға қалыптастыру болуы тиіс.
Қазіргі университеттің ендігі басты міндеті – тек жұмысқа дайындау емес. Ол мамандықтар тез ауысатын, көп дүние автоматтандырылған әлемде өмір сүруге дайындауы тиіс, – деді депутат.
Осылайша, болашақта ең маңызды дағдылардың қатарында бейімделу, қайта білім алу және өз бетінше ойлай білу қабілеті алдыңғы орынға шығады.