13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызТалай жыл аса ауыр салмақта еліміздің беделін асқақтатқан боксшы Қамшыбек Қоңқабаев жақында ғана елге оралып, жаңа қызметке тағайындалды. Осыдан біраз бұрын Англияға кәсіпқой бокста бет бұру үшін аттанған жерлесіміз бұл райынан әлі де қайтпағанын, карьерасына әдемі нүкте қойғысы келетінін алға тартты. Бұл туралы ол El.sport YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
– Қамшыбек, осыдан бірер күн бұрын сіздің «Спортшылар кеңесінде» қызметке кіріскеніңізді естідік. Жазда ғана құрылған ұйым ғой. Жалпы, сіздің міндетіңіз қандай болмақ?
– Біртіндеп кірісіп жатырмын. Спорт саласында тәжірибелі мамандар бар. Өзім де спорттың ішінде жүрген адаммын, сондықтан бұл саланың мәселелерін жақсы түсінемін.
Материалдық мәселелер де, басқа да мәселелер бар. Спорт саласында шешімін күткен дүние көп. Біздің міндет – спортшылар мен мемлекет арасындағы көпір болу.
– Өзіңіз кәсіпқой боксқа ауысу мәселесін қарастырып жүрсіз. Бұған дейін бірнеше ай Англияда болып келдіңіз. Лондондағы келіссөздердің нәтижесі қандай болды?
– Қазір нақты келісімге қол қойылған жоқ. Лондонда жүргенде бірнеше залға бардым, құжат жинадым, келіссөздер жүргіздім. Алғашында жеке кездесулер болады деген ақпарат тарады. Бірақ кейін жаттықтырушының тәжірибесі аз болғандықтан, ол командамен жұмыс істеуден бас тарттым.
Кәсіпқой бокс, аты айтып тұрғандай, кәсіп. Бұл жерде көп адам спортшыға бизнес көзі ретінде қарайды, яғни сен арқылы қанша ақша табуға болатынын есептейді.
Мен оларға басты мақсатым ақша емес екенін түсіндірдім. Мен үшін ең маңыздысы – титул жеңіп алу, әлем чемпионы болу. Ақша да маңызды, бірақ одан да маңыздысы – толыққанды әлем чемпионы атану.
Кейін олар маған бірден ірі келісімшарт ұсынбайтынын айтты. Алдымен бірнеше кездесу өткізіп, өз деңгейімді көрсетуім керек, яғни халыққа әлі де мықты екенімді дәлелдеп, танымалдылығымды көтеруім қажет. Содан кейін ғана лайықты келісімшарт ұсынуға дайын болады. Қазір сондай ұсыныстар түсіп жатыр. Әрине, спорттық мансабымды жақсы нәтижемен аяқтағым келеді.
– Лондонға сізді арнайы шақырды ма, әлде өзіңіз бардыңыз ба? Кәсіпқой бокс өкілдерімен қалай байланыс орнаттыңыз?
– Лондонға өзім бардым, билетімді де өзім алдым. Ол жақта шамамен 25 жыл бұрын көшіп кеткен Сұлтан есімді қазақстандық жаттықтырушы бар. Ол Англияда тұрады және жергілікті бокс ортасын жақсы біледі.
Сол кісімен хабарласып, оның көмегі арқылы бірнеше адаммен таныстым. Лондонға барғаннан кейін кездесулер өткізіп, сөйлестік.
Егер сен Олимпиада немесе әлем чемпионы болмасаң, бірден жақсы ұсыныс алу қиын. Қазақстандық спортшылар кейде дайын ұсынысты күтіп отырады. Ал кәсіпқой бокста, әсіресе Америка мен Англияда, өзің барып, өзіңді таныстырып, деңгейіңді көрсетуің керек.
Олимпиада немесе әлем чемпионы болсаң, әрине, жағдай басқаша болуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда келіссөзді өзің жүргізуге тура келеді.
– Кәсіпқой бокстың негізгі орталығы Америка саналады. Неліктен Лондонды таңдадыңыз? Америкадағы нұсқаларды да қарастырдыңыз ба?
– АҚШ-қа визам бар. Бірақ менің салмағымдағы чемпиондардың көбі Еуропадан шыққан. Еуропадағы логистика да ыңғайлырақ.
Әрине, Америкадағы нұсқаларды да ойладым. Соңғы уақытта бірнеше ұсыныс болды. Бірақ спортшы болғаннан кейін әрдайым нақты нәтижеге ұмтыласың.
Өздеріңіз білесіздер, Британияда чемпион атанған спортшылар да бірден бірнеше кездесу өткізіп, содан кейін ғана үлкен мүмкіндік алады. Алда ұсыныстар түссе, олардың бәрін жеке-жеке қарастырамын.
– Кәсіпқой бокста қай салмақта өнер көрсетпексіз?
– Кәсіпқой бокста бес жекпе-жек өткіздім. Оның екеуі титулдық кездесу болды. Сол кезде салмағым шамамен 90 келіге жуық еді.
Кейін пандемия басталып, жоспарлар өзгерді. 2020 жылы Иорданиядан лицензия алып келгеннен кейін пандемияға байланысты үйде жаттықтық. Толыққанды оқу-жаттығу жиындары болған жоқ.
Кәсіпқой бокста қолғаптар жұқа болады. Қатты соққыдан жарақат алу қаупі жоғары. Сондықтан аса ауыр салмақта өнер көрсету оңай емес.
Бұл салмақта қарсыластардың салмағы 120, 130, тіпті 140 келі болуы мүмкін. Ондай спортшының бір соққысының өзі үлкен жарақатқа әкелуі ықтимал.
Сондықтан салмақты төмендетіп, крузервейт санатында карьерамды жалғастыруды қарастырып жүрмін.
– Ұзақ үзілістен кейін рингке физикалық және психологиялық тұрғыдан оралу қиын емес пе? Қазіргі формаңызды қалай бағалайсыз?
– Англияда жүргенде жақсы формаға келіп, салмағымды шамамен 97 келіге дейін түсірдім. Бірнеше ай бойы бес-алты кездесу өткізіп, рингке қайта ораламын деген жоспар болды.
Бірақ жұмыс визасын алу қажет болғандықтан, Қазақстанға қайтуыма тура келді. Қазір де формамды сақтауға тырысып жүрмін.
Олимпиададан кейін екі жылдай демалдым. Сол кезде салмағым 130 келіге дейін жетті. Әрине, денсаулыққа да, күнделікті өмірге де ауыр болды.
Кейін қайтадан салмақ тастап, жаттығуға кірістім. Қазір спорттық формада жүрген дұрыс деп есептеймін. Балаларым да өсіп келеді. Олардың алдында да, халықтың алдында да спортшы ретінде өзімді жақсы қалыпта ұстағым келеді.
Токио олимпиадасынан соң құрамадан кетемін деп ойладым
– Токио Олимпиадасынан қола жүлдемен оралған соң кәсіпқой боксқа ауысуым керек еді деп өкінген жоқсыз ба?
– «Егер» деген сөзді ұната бермеймін. Дегенмен ондай ой болғаны рас. 2021 жылы Олимпиададан кейін елге оралдым. Одан соң Азия чемпионаты өтуі керек еді.
Сол кезде Қайрат Сатжанов ағайға: «Жолымды жастарға беріп, кәсіпқой боксқа ауыссам ба екен?» деп айттым. Өйткені жастарға да мүмкіндік беру керек деп ойладым. Құрамада жақсы қарсыластарым, талантты боксшылар болды.
Бірақ бапкерлер: «Сен әлі де құрамаға керексің», – деді. Сөйтіп ұлттық құрамада қалдым. Кейін қай жолды таңдасам да, ешкімді кінәламаймын. Бұл – менің өз шешімім.
– Сол кезде кәсіпқой боксқа ауыссаңыз, нәтиже басқаша болуы мүмкін бе еді?
– Оны нақты айта алмаймын. Әрине, ойланатын кездер болады. Бірақ өткен нәрсеге өкініп, біреуді кінәлаудың қажеті жоқ.
Кез келген шешімнің өз уақыты мен себебі болады. Сол кезде құрамада қалуды дұрыс көрдім. Сондықтан бұл таңдауыма ешкім жауапты емес.
– Біздің боксшылардың сөзіне қарасаң, мақсаты ақша табу емес, чемпиондық атақ қана екенін айтып жатады. Жалпы, боксшыларымызға табысқа қатысты көзқарасын өзгерту керек емес пе, қалай ойлайсыз?
– Көп адам солай ойлауы мүмкін. Әсіресе АҚШ-та кәсіпқой бокс үлкен табыс көзі саналады. Бірақ біздің боксшылардың көбі намыс пен елдің абыройын бірінші орынға қояды.
Ақша да керек. Спортшының отбасы бар, өмірі бар. Ақша табудың еш айыбы жоқ. Бірақ тек ақша немесе танымалдық үшін бокстасу дұрыс емес деп ойлаймын. Адам өз ісін сүйіп, сол салада мықты болуға ұмтылса, атақ та, табыс та кейін келеді.
Қазір әлеуметтік желі заманы. Кейбіреулер танымал болу үшін түрлі әрекетке барады. Бірақ спортшыға тәрбие мен жауапкершілікті ұмытпау керек.
Қазақ халқының алдында жүрген соң, әр сөзің мен әрекетіңе мұқият болған дұрыс. Өйткені сені балалар мен жас спортшылар үлгі тұтуы мүмкін. Сенің артыңда елің бар, сен жалғыз өзіңнің емес, еліңнің атыңнан өнер көрсетесің.
Кемі екі алтын болады
– Алдағы Азия ойындарында Қазақстан боксшыларынан не күтеміз?
– Құрама өте мықты. Командада Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері бар. Бірнеше боксшымыз әлем чемпионы атанған.
Құраманың әлеуеті жоғары. Әрине, жарыстың жеребесі де маңызды. Кейде мықты боксшылар алғашқы айналымдарда кездесіп қалуы мүмкін.
Мысалы, бір салмақта екі әлем чемпионы немесе тәжірибелі екі боксшы ерте кезеңде жолығуы ықтимал. Бірақ біздің жігіттердің тәжірибесі жеткілікті.
Нұрбек Оралбайдың да мүмкіндігі жоғары деп ойлаймын. Ол – тәжірибелі, Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы. Жасы да, спорттық бабына келетін кезеңі де қолайлы.
Жалпы, құраманың барлық мүшесінен жақсы нәтиже күтуге болады.
– Соңғы жылдардағы сәтсіздіктерден кейін қазақ боксы қайтадан жоғары деңгейге көтерілді деуге бола ма?
– Иә, солай айтуға болады. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт алтын медаль жеңіп алды. Бұл елдегі бокстың беделін қайта көтерді.
Одан кейінгі әлемдік және құрлықтық жарыстарда да боксшыларымыз жақсы нәтижелер көрсетті. Азия чемпионатында да жүлделер көп болды.
Егер Азия ойындарында жақсы өнер көрсетсек, одан кейін әлем чемпионатында нәтижені жалғастырсақ, басты мақсат Олимпиада болады.
Олимпиада – бірнеше жылдық еңбектің қорытындысы шығатын ең маңызды жарыс.
– Рио Олимпиадасынан кейін ұлттық құрамаға не болды деп ойлайсыз?
– Құрама жаман болған жоқ. Токио Олимпиадасына барған командада да мықты боксшылар болды.
Бірақ пандемияның кері әсері тиді. Дайындық үдерісі бұзылды, халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары азайды. Спортшыларға психологиялық тұрғыдан да қиын болды.
Құраманы немесе жекелеген адамдарды кінәлау дұрыс емес. Сол кезеңнің өз қиындықтары болды. Команда қолдан келгенін жасады, тек бақ жанбады.
– Токио Олимпиадасында қола жүлдені қанағат тұтқан сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Туды Президенттің қолынан алған кезде оны Олимпиадада биікке көтерсем деген үлкен арманым болды. Әрине, ел сенім артқаннан кейін жауапкершілік те күшейеді. Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салғым келді.
Бұған дейін де Олимпиадада еліміздің Туын көтеріп жүрген спортшыларды көріп, өзім де сондай жетістікке жетуді армандайтынмын. Сондықтан Токиоға үлкен үмітпен бардым.
Ол кезде құрамадағы тәжірибелі боксшылардың бірі болдым. Жанкүйерлер де бізден алтын медаль күтті. Өзіміз де ең жоғары нәтижеге ұмтылдық.
Жеңілістен кейін адам өзіне көп сұрақ қояды: қай жерде қателестім, не жетіспеді, нені басқаша істеуім керек еді деп ойланасың.
Дегенмен Олимпиада медалі – үлкен еңбекпен келген нәтиже. Оны да бағалай білу керек. Әр жарыс спортшыға тәжірибе береді және келесі мақсатын айқындайды. Ал менің мақсатым алтын алу еді. Сол үшін де кәсіпқой боксқа ауыспай, құрамаға оралдым.
– Қола жүлде алған кезде көңіліңізде өкініш болды ма?
– Әрине, өкініш болды. Үшінші орын алғаныңды түсінесің, жүлдең бар. Бірақ сол сәтте алтынға жете алмағаның ойға келеді.
Дегенмен өз-өзіңді жегідей жеудің пайдасы жоқ. Біріншіден, Аллаға шүкір дейсің. Олимпиада медаліне қол жеткізудің өзі оңай емес. Оған дейін қаншама еңбек етілді.
Бірақ спортшы болғаннан кейін бәрібір ең жоғары нәтижені көздейсің. Сол себепті біраз уақыт көңіл күйім түсіп жүрді. Кейін өзімді қолға алып, алға қарай жүру керек екенін түсіндім.
– Бапкерлер сол сәтте сізді қалай жұбатты?
– Бапкерлер де бәрін жақсы түсінді. Өйткені олар спортшының қандай күйде болатынын біледі. Артық сөз айтпай, қолдау көрсетті.
Кейде мұндай жағдайда спортшыға көп сөздің де қажеті жоқ. Жаныңда болып, сабырға шақырғанының өзі жеткілікті.
– Бокстан алтын алып үйренген біз сол кезде қоланы місе тұтпадық. Сол үшін құраманы сынағандар болды...
– Бокс жанкүйерлері әртүрлі пікір айтады. Біреуі қолдайды, енді бірі сын айтады. Оны қалыпты қабылдау керек.
Бірақ Олимпиададағы атмосфера мен жауапкершілік мүлде бөлек. Спортшыға бүкіл ел қарап отырады. Бәрі сенен алтын күтеді. Оның психологиялық салмағы өте ауыр.
Шетелдік спортшыларға қарасаңыз, олар жарыс кезінде еркін жүреді, күледі, билейді, бапкерлерімен әзілдеседі. Олар жарысты үлкен мереке ретінде қабылдайды. Ал бізде жауапкершілік пен қысым көбірек сезіледі.
Қазақстандық спортшы Олимпиадаға барған кезде «міндетті түрде медаль алуым керек», «елдің үмітін ақтауым керек» деп ойлайды. Бұл спортшы үшін үлкен жүк.
Жауапкершілік керек, бірақ ол спортшыға кедергі келтірмеуі тиіс. Рингке шыққанда артық ойдың бәрін ұмытып, тек жекпе-жекке көңіл бөлу қажет.
Спортшы психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалса, өз мүмкіндігін толық көрсете алады. Қандай формада болмасын, ішкі сенім мен сабыр өте маңызды.
– Париж Олимпиадасынан кейін қандай күйде болдыңыз?
– Әрине, көңілім түсті. Бұл жолы алтын да, жүлде де болмады. Біраз уақыт өзімді қоярға жер таппадым.
Біраз уақыт өткен соң сабырға келіп, бәрін қайта ой елегінен өткіздім. Өзімнің әлі де бокста айтарым бар екенін түсіндім. Сол үшін кәсіпқой боксқа ауысуым керек деп ойладым. Спорттық жолымды сәтсіз жекпе-жекпен аяқтағым келген жоқ. Сондықтан қазір кәсіпқой бокста бағымды сынап, карьерамды лайықты түрде аяқтағым келеді.
– 2025 жылдың басында ұлттық құрама бапкері Қайрат Сәтжанов сіздің бокстан кеткеніңізді мәлімдеді. Осы хабардан соң жеке бапкеріңізбен сөйлескенде, ол кісі де ақпаратты БАҚ-тан оқығанын, бұл жайттан бейхабар екенін айтты. Неге бұлай болды сонда?
– Парижден соң үзіліс алдым. Сонан соң Қайрат ағаға әуесқой бокстан кеткім келетінін жеткіздім. Токиодан соң да сондай ой болды, бірақ бапкерлердің ақылын тыңдап, әрі қарай бағымды сынап көруге бел будым. Мен үшін ұлттық құраманың орны бөлек. «Қажетсің» десе, қазір-ақ оралуға дайынмын.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды