Қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті

Қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті

Көктем Қарқын
Фото: ашық дереккөзден

Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. 96 жасында антрополог, Ұлттық ғылым академиясының академигі, отандық антропология мектебінің негізін қалаушылардың бірі Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті.

Ғалым саналы ғұмырын қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этникалық тарихын зерттеуге арнады. Оның еңбектері қазақтың тарихи тамырын ғылыми тұрғыдан зерделеуге жол ашты.

Оразақ Смағұлұлының өмір жолы, ғылымдағы ізденістері мен кеңестік кезеңде көрген кедергілері туралы не білеміз?

Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен ғылым жолына түсті

Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданына қарасты Ұялысай ауылында дүниеге келген. Жас ғалымның ғылым жолындағы маңызды кезеңдерінің бірі 1958 жылы басталды. Академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен КСРО Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аспирантурасына оқуға түседі.

Кейін антропология саласын таңдап, қазақ халқының шығу тегі, тарихи қалыптасуы мен сыртқы антропологиялық ерекшеліктерін зерттеуге ден қояды.

Фото: ашық дереккөзден

Қазақтың кескін-келбетін ғылыми тұрғыдан зерттеді

1965 жылы «Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.

Зерттеу барысында ғалым көне дәуірлерде өмір сүрген адамдардың бас сүйектерін қазіргі қазақтардың антропологиялық көрсеткіштерімен салыстырды. Осы арқылы қазақ халқының қалыптасу тарихындағы сабақтастықты ғылыми тұрғыдан зерделеді.

Бұл бағыттағы ізденістері 1970 жылы жарық көрген «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» атты еңбегінде жалғасын тапты. Ғалым қола дәуірінен бүгінгі кезеңге дейінгі Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың антропологиялық ерекшеліктерін салыстырып, олардың арасындағы тарихи байланысты зерттеді.

Кеңестік цензураның құрбаны болды

Оразақ Смағұлұлының ғылымдағы еңбегі кедергісіз жүрген жоқ. 1977 жылы жарық көрген «Этническая геногеография Казахстана» атты көлемді зерттеуі кеңестік идеологияның қатаң цензурасына тап болды.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың мәліметінше, кітап Орталық партия комитетінің тікелей бұйрығымен өртелген. Сонымен қатар Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) ғалымды бақылауға алып, 15 жыл бойы оның еркін ғылыми жұмыс істеуіне кедергі келтірген.

Алайда мұның бәрі Оразақ Смағұлұлының ғылымға деген қызығушылығын бәсеңдете алмады. Ол зерттеу жұмыстарын жалғастырып, қазақ халқының тарихы мен этногенезіне қатысты ғылыми ізденістерінен бас тартқан жоқ.

Фото: Қазақстан тарихы порталы

200-ден астам ғылыми еңбек жазды

Оразақ Смағұлұлы кабинетте отырып қана зерттеу жүргізген ғалым емес. Ол Қазақстан аумағындағы 36 экспедициялық және далалық зерттеуге қатысқан.

Ғалымның зерттеулері қазақ халқының антропологиялық ерекшеліктерін, этникалық тарихын және қалыптасу кезеңдерін қамтыды. Ғылыми қызметі барысында 200-ден астам еңбек жазды.

Оның зерттеулері отандық антропология ғылымының дамуына ықпал етіп, қазақ халқының тарихын биологиялық және антропологиялық деректер негізінде зерделеуге мүмкіндік берді.

Өмірінің соңына дейін ғылымнан қол үзген жоқ

Оразақ Смағұлұлы өмірінің соңғы кезеңіне дейін ғылыми жұмыспен айналысты. Ол қазіргі уақытта әзірленіп жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымының авторларының бірі әрі бас редакциялық алқа мүшесі болды.

Аталған еңбекке қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезіне қатысты бөлімдерді дайындауға атсалысты.

Қаралы хабарды Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жеткізді. Оның айтуынша, ғалым саналы ғұмырының барлығын қазақ ғылымының дамуына арнаған. Тіпті кеңестік кезеңдегі қысым мен шектеулерге қарамастан, зерттеу жұмыстарын тоқтатпаған.

Ардақты ағамызды МҚК (КГБ) бақылауға алып, 15 жыл бойы ғылыммен еркін айналысуына кедергі келтірді. Дегенмен ғалым ешбір кедергіге мойымай, ғылымға деген құштарлығын жоғалтқан жоқ, саналы ғұмырының барлығын қазақ ғылымының дамуына арнады, – деп жазды Зиябек Қабылдинов.

Оразақ Смағұлұлының ғылыми мұрасы – қазақ халқының тарихи қалыптасуын тануға қосылған маңызды үлес. Ол ұрпаққа 200-ден астам ғылыми еңбек пен отандық антропологияның дамуына негіз болған зерттеулер қалдырды.

Оқи отырыңыз

{