Ақтөбе облысындағы тасжолда жүк көлігімен соқтығысудан соңғы сәтте аман қалған жүргізуші әлеуметтік желіде жұлдызға айналды.
Желі қолданушылары оны «темір адам», «қазақтың Джейсон Стэйтемі» деп атап үлгерген. Кейін көлік тізгінінде Ақтөбе облысының тұрғыны Қанат Бекжанов болғаны анықталды.
Ол «Диапазонға» оқиғаның қалай болғанын айтып берді:
Бұл 11 сәуір күні кешкі уақытта болды. Мен Қызылжарда тұрамын. Жұбайымның туыстары тұратын Ұлғайсыннан қайтып келе жатқанбыз. Көлікте әйелім және үш баламыз отырған. Олар 10, 7 және 4 жаста. Оқиға Қарабұтақ маңында болды. Алдымнан екі бірдей фура шықты. Соның бірі менің жолағыма шығып, басып озуға әрекет етті. Рөлді соған қарай бұра бастадым, бірақ қарсы беттегі жүргізуші еш әрекет етпеді. Сол сәтте өз жолағымен келе жатқан екінші фура жол жиегіне сәл ығысып, маған орын босатты. Соның арқасында екі көліктің арасынан әрең өтіп кеттік. Шынымды айтсам, аман қалғанымыз – нағыз ғажайып оқиға. Жұбайым қатты қорқып қалды, кейін ұйықтай алмай жүрді, – дейді Қанат Бекжанов.
Оқиға сәті тіркелген видеоны жүргізуші өзінің TikTok парақшасына жүктеген. Оның айтуынша, роликтің кең таралатынын күтпеген, тек жолдағы қауіпті жағдайларды көрсету мақсатында бөліскен.
Мен негізі сабырлы, эмоцияға берілмейтін адаммын. Мұндай қиын жағдайда да сол қалыпты сақтай білу маңызды шығар, – дейді ол.
Қанат Бекжановтың көлік жүргізіп жүргеніне небәрі бес жыл болған. Алғашында ескі көлік мінген, қазір Kia Cerato маркалы автокөлікпен жүреді. Күнделікті жұмысына осы көлікпен қатынайды. Өзі рельс-балка зауытында жұмысшы. Бос уақытында ерлер мен балалардың шашын қиюмен айналысады.
Жол апатынан аман қалған соң, отбасы дәстүрге сай садақа беріп, жеті нан пісіріп таратқан. Ал алдағы демалыс күндері марқұмдарға Құран бағыштауды жоспарлап отыр. Отбасы мүшелері бұл жағдайды ата-баба рухының қорғауымен байланыстырады.
Айта кетейік, Қанат Бекжанов 37 жаста. Қазақ танымында бұл жас «мүшел жас» санатына жатады. Дәстүрлі түсінік бойынша, әрбір 12 жыл сайын қайталанатын мұндай кезеңдер адам өміріндегі сындарлы, кейде күтпеген оқиғалармен ерекшеленеді. Бұл жағдай да соның бір дәлелі іспетті.