09.05.2026
10:00
238
Жаңалықтар

Қазақтың батыр қыздары майданда қандай ерлік көрсетті

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. 1939-1945 жылдары болған бұл алапат соғыс миллиондаған адамның тағдырын өзгертті. Ел үшін, жер үшін деп майданға аттанғандардың қатарында ер азаматтармен бірге қазақтың батыр қыздары да болды. Олар нәзік жанды ару болғанына қарамастан, оқ пен оттың ортасында жүріп ерлік көрсетті.

Алдымен қазақтан шыққан тұңғыш әйел-ұшқыш, қайсар рухымен ерекшеленген Хиуаз Доспановаға тоқталайық. Ол 1922 жылғы 15 мамырда Ганюшкин ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болған Хиуаз Орал қаласындағы №1 орыс мектебінде оқиды. Қазақ мектебіне түсе алмағанымен, бұл оның алға ұмтылуына кедергі бола алмады. Мектепте жүріп-ақ Орал аэроклубында білім алып, ұшқыштық өнердің қыр-сырын меңгереді. 1940 жылы мектепті үздік бітіріп, «запастағы ұшқыш» куәлігін алады. Арманы – Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түсу еді. Алайда бұл жоспары жүзеге аспай, Мәскеудің бірінші медициналық институтына оқуға түседі.

Хиуаз Доспанованың суреті жасанды интеллектпен өңделді 

Соғыс басталғанда Хиуаз әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден тұратын авиаполк құрып жатқанын естіп, бірден сол жаққа аттанады. Алғашында оған сенімсіздікпен қарағанымен, қайсарлығының арқасында полк құрамына қабылданады. Саратовтағы әскери әуе училищесінде арнайы штурмандар даярлайтын курсты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде түнгі бомбалаушы әйелдер авиаполкі құрамында майданға жіберіледі.

Хиуаз Доспанова қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша және Германия аспанындағы шайқастарға қатысты. Ол 300-ден астам жауынгерлік тапсырманы орындап, жау шебіне ауыр соққы берді. Соғыс жылдары 14 рет ұшақ апатына ұшырап, төрт рет ауыр жарақат алса да, қайтадан сапқа қосылып отырған. Әріптестері оны «Катя» деп атап кеткен. Бойының шағындығына қарамастан, ерлігі мен қайсарлығы арқылы үлкен құрметке ие болды. Соғыстан кейін ел өміріне белсене араласқан Хиуаз Доспанова 2008 жылы – 86 жасында дүниеден өтті. Бүгінде Атырауда оған ескерткіш орнатылып, түрлі нысандарға есімі берілген.

Қан майданда пулеметпен жауға қарсы тұрған қайсар қыздардың бірі – Мәншүк Мәметова. Ол 1922 жылғы 23 қазанда Бөкей Ордасында дүниеге келген. Шын есімі – Мәнсия. Балалық шағын Алматыда Әмина Мәметованың тәрбиесінде өткізген. Соғыс басталған кезде Алматы медициналық институтында оқып жүрген Мәншүк майданға өз еркімен сұранады. 1942 жылы тамызда Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясы құрамында шайқасқа қатысады.

Мәншүк Мәметованың суреті жасанды интеллектпен өңделді 

Мәншүк майданда тек пулеметші ретінде ғана емес, адамгершілігімен де ерекшеленді. Ол жараланған сарбаздарға көмектесіп, санитарлық қызметті де қатар атқарған. Қиын жағдайда да қайсарлық танытып, жауынгерлерге рух берген. 1943 жылы Невель қаласы үшін болған шешуші шайқаста Мәншүк соңғы демі қалғанша пулеметінен оқ жаудырып, ерлікпен қаза тапты. Ол – шығыс халықтарының арасынан алғаш болып Кеңес Одағының батыры атанған қазақ қызы. Оның есімі бүгінге дейін ерліктің символы ретінде аталады.

Мергендігімен елге танылған батыр қыздардың бірі – Әлия Молдағұлова. Ол 1925 жылғы 15 маусымда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Шын есімі – Ілия. Жеті жасында анасынан айырылып, кейін балалар үйінде тәрбиеленеді. Бала кезінен сабырлы, тәртіпті, білімге құштар болған Әлия ұстаздарының сүйікті шәкіртіне айналған. Үздік оқығаны үшін Қырымдағы «Артек» лагеріне жіберіліп, сол жерде де белсенділігімен көзге түседі.

Әлия Молдағұлованың суреті жасанды интеллектпен өңделді 

Соғыс басталғанда Әлия Мәскеудегі әйелдер мергендер мектебіне қабылданып, 1943 жылғы 23 ақпанда әскери ант береді. Жаз айларында солтүстік-батыс майданға жіберіліп, снайпер ретінде қызмет атқарады. Алғашында командирлері жас қызды алғы шепке жіберуге күмәнданғанымен, оның табандылығы мен батылдығы бұл күдікті сейілтеді. Ол 54-атқыштар бригадасының снайпері ретінде жаудың 30-дан астам сарбазы мен офицерін жойған. 1944 жылы Псков облысындағы шайқаста ерлікпен қаза тапқан Әлия Молдағұлова Кеңес Одағының батыры атанды. Оның есімі жап-жас қаһарман ретінде тарихта қалды.

Соғыс жылдарында тек қарумен емес, білім мен табандылық арқылы қызмет еткен жандардың бірі – Халида Маманова. Ол 1918 жылы Алматы облысы Жансүгіров ауданында дүниеге келген. Мамания мектебінде білім алып, кейін Қазақ медицина институтын «емдеуші дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ғылым жолына түскен жас маман аспирантураға қабылданғанымен, 1942 жылы майданға аттанады.

Халида Маманованың суреті жасанды интеллектпен өңделді 

Алайда қоғам оның әлеуметтік тегіне қарап баға береді. Лейтенант шені берілмей, тіпті медбике қызметіне де алынбай, қара жұмысқа жіберіледі. Ол окоп қазып, қаза тапқандарды жерлеу жұмыстарына атсалысты. Бұл қиындықтарға қарамастан, Халида табандылық танытып, Сталинге хат жазып, кейін медициналық қызметке ауысады. 1943 жылы медқызметтің аға лейтенанты атағын алып, соғысты капитан шенінде аяқтайды.

Соғыстан кейін Қазақ медицина институтында қызмет еткен Халида Мамановаға ғылыми жұмысын қорғауға бірден мүмкіндік берілмейді. Тек Мәскеуге барып, медицина ғылымының кандидаты дәрежесін қорғайды. Кейін Ақтөбедегі медициналық институтта ұзақ жылдар еңбек етіп, докторлық диссертациясын қорғаған. Ол 1977 жылы Болгарияда демалыста жүрген кезінде белгісіз жағдайда қайтыс болды.

Жау тылында ерлік көрсеткен қазақ қыздарының бірі – Нұрғаным Байсейітова. Ол 1923 жылғы 8 наурызда дүниеге келген. Балалар үйінде тәрбиеленіп, Оралдағы қазақ мектебінде білім алған. Соғыс жылдары Беларусь жерінде партизан қозғалысына қатысып, радист ретінде қызмет атқарған.

Нұрғаным Байсейітованың суреті жасанды интеллектпен өңделді 

Нұрғаным жау тылында жүріп маңызды ақпараттарды жеткізіп, көптеген операцияның сәтті өтуіне үлес қосады. Ол Кеңес Одағының батыры, армия генералы С.Г. Жунин басқарған бригада құрамында Варшаваға дейін барған. Ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, «Әскери еңбегі үшін» және «Отан соғысының партизаны» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін Алматыдағы театр-көркемөнер училищесін бітіріп, ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарды.