Спорт

«Қазақтар аттың құлағында ойнайды»: ендеше әлемдік ат спорты аренасында неге әлсізбіз?

29.05.2026 09:10
Амангүл Тілейқызы
Фото: Коллаж El.kz

«Қазақ аттың құлағында ойнайды». Бұл сөзді біз мақтанышпен айтамыз. Бірақ бүгінгі шындық басқа. Әлемдік ат спорты аренасына қарасақ, Қазақстанның үні бәсең. Олимпиададағы классикалық ат спорты – кедергіден секіру, үшсайыс, аттың мәнерлі және әсем жүрісі сынды бағыттарында Қазақстан көшбасшылар қатарында жоқ. Халықаралық деңгейдегі тұрақты нәтиже де сирек. Егер қазақ аттың құлағында ойнайтын халық болса, неге әлемдік ат спортында нәтижеміз аз?

Тарих болды, бірақ жүйе сақталмады

Кеңес дәуірінде Қазақстан ат спорты дамыған республиканың бірі саналды. 1956 жылдан бастап алғашқы ат спорты мектептері ашылып, командалар КСРО чемпионаттарына қатысты. Қазақ шабандозының табиғи қабілеті ерекше бағаланатын. Ауылдағы өмірдің өзі шабандоз мектебі еді. Бәйге, көкпар, аударыспақ – жай ойын емес, тәжірибе болатын.

Тәуелсіздік жылдарында ұлттық ат ойындары қайта жанданды. Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алтын мен күміс медальдар жеңіп алды. Бірақ мәселе басқа, ұлттық ойындар дамығанымен, халықаралық классикалық ат спорты артта қалды.

Абсент/ашық дереккөз

Дегенмен, қазақ жерінен әлемдік деңгейдегі тұлпарлар шықпаған деу әділетсіз болар еді. Соның ең ірісі – олимпиада чемпионы Абсент. Әлемдік ат спорты тарихында алтын әріппен жазылған, қазақ жерінде бапталып, әлемді мойындатқан аңыз ахалтеке тұлпары.

Ұзақ дайындық пен тынымсыз жаттығудың нәтижесінде Абсент 1960 жылы Рим Олимпиадасында тарихи жетістікке жетті. Сергей Филатов тізгіндеген қазақ жерінің тұлпары Олимпиада алтынын жеңіп алды. Бұл – КСРО ат спорты тарихындағы алғашқы Олимпиада алтыны еді. Абсенттің жетістігі бір нәрсені дәлелдейді. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ат та, талант та болған. Бірақ сол мектеп жалғаспай қалды.

Бүгінде Дубайды дүбірлеткен Қабірхан, аламан бәйгеде аты шыққан Самал, көкпардағы Лазерь секілді тұлпарлар қазақ даласында жүйрік азаймағанын көрсетеді.

Қабірхан: жүйенің емес, жеке жобаның жемісі

Кентуккиде туған, әйгілі California Chrome тұқымынан шыққан бұл тұлпар қазақстандық иелер тарапынан сатып алынып, халықаралық дайындықтан өтті. 2024 жылы Дубайдағы әлемдік Al Maktoum Challenge бәйгесінде топ жарып, миллион доллар сыйақы жеңіп алған қазақстандық атақты тұлпар. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ бұл жүйелі дамудың емес, жеке инвестиция мен халықаралық мамандардың еңбегінің нәтижесі.

Argymaq.kz порталының бас редакторы Ержан Жаубай бұл мәселеге қатысты өте өткір пікір айтты:

Қабірхан ешқандай жүйелі дамудың нәтижесі емес. Ол – жеке адамның табан маңдай тері. Жүйелі даму болу үшін жүйелі стратегия болу керек. Ал бізде стратегияны қойып, жөні дұрыс ат қора жоқ, – дейді ол.

Алайда жекелеген жүйріктер болғанымен, оларды әлемдік деңгейге жүйелі түрде шығаратын тұрақты спорт мектебі әлі толық қалыптасқан жоқ.

Қабірхан/ашық дереккөз

Журналистің айтуынша, Қазақстандағы ең үлкен проблема – инфрақұрылым. Соңғы жылдары Түркістан мен Шымкентте ипподромдар салынды. Бірақ журналист олардың халықаралық талапқа толық сай келмейтінін айтады.

Бәріміз Шымкентке ипподром салды деп тымағымызды аспанға аттық. Түркістанға ипподром салып бердік деп қуандық. Бірақ ешқайсысы халықаралық стандартқа сай емес, – дейді.

Сарапшының айтуынша, халықаралық ат спорты нақты нәтижеге айналмай отыр.

Бізде қарапайым ғана инфрақұрылым жоқ. Бар-жоғы жалғыз Алматыдағы халықаралық стандартқа сай ипподром бар. Оның өзі қазір жекенің қолына өтіп кеткен. Әлгі жерге үй салғысы келіп отыр. Ондай жағдайда қалай халықаралық деңгейге шығамыз? Жүйе жоқ жерде – нәтиже де жоқ, – дейді Ержан Жаубай.

«Бізге ат спорты қымыз бен қазы деңгейінде ғана керек»

Ержан Жаубай қазақтың атқа жақындығын жоққа шығармайды. Бірақ мәселе – қазіргі заман талабында.

Дұрыс айтады, біз ат құлағында ойнаған халықпыз. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ бұл – өткен шақ. Ал қазіргі дүниеде біз ұтылып жатырмыз. Мемлекет мүддесінен гөрі жеке басының пайдасын көздейтін адамдар көп дәл осы салада. Сондықтан да біз дамымай отырмыз, – дейді.

Қазақстанда олимпиадалық ат спорты мүлде жоқ емес, өте әлсіз деңгейде қалып отыр.

Бізде конкурдан секіру ғана бар. Кезіндегі әлемді дүрілдеткен Абсенттің деңгейінде өнер көрсететін бізде ат бар. Бірақ оны тәрбиелейтін, шыңдайтын ипподром, оны халықаралық деңгейге дайындайтын жүйе жоқ жоқ, – деді.

Журналистің айтуынша, билік ат спортына терең сала ретінде қарамайды.

El.kz/Мәди Ысқақ

Біздің басшылықта, билікте отырғандарға ат спорты туралы айтсаң, қазы мен қарта ғана ойларына келеді. Қымыз ішкенге жақсы, қазы жегенге жақсы. Бірақ неге біз әлемдік ат спортына ілесе алмай жатырмыз дегенге ешкім бас ауыртпайды, – дейді.

Ол Қазақстанда ат спортына көбіне ұлттық мерекенің бір бөлігі ретінде ғана қарайтынын айтады.

Әне жерде бір-екі бала көкпар шауып жүр екен, проблема емес. Біреулер бәйге өткізіп жатыр екен, бізден ақша сұрамаса болды, өткізе берсін. Өкінішке қарай, біздің биліктің ат спортына деген түсінігі осы, – дейді ол.

Осы саладағы тағы бір мәселе – кадр тапшылығы.

Қазақстан бойынша он екі ат спорт мектебі бар ғой деймін. Бірақ ол жерде маман жоқ. Бізде жылқы маманын дайындайтын ешқандай университет, институт, колледж жоқтың қасы, – деді.

Қостанай жылқысының трагедиясы

Бір кезде Кеңес одағына әйгілі болған Қостанай тұқымы да бүгінде әлсіреген.

Бүкіл Кеңес Одағының аузына қаратқан Қостанай жылқысынан қырық-ақ жылқы қалды. Бұл – Қазақстандағы селекция проблемасының айқын көрінісі. Салада ақша бар. Бірақ ол тиісті жерге жұмсалмайды. Әркім барып бір жерге қалтасын толтырып қайтады. Ал нағыз жанашырлардың жағдайы қиын. Сол саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген адамдарға қаржы жоқ. Кейде оларды маңайына жолатпайды, – деді.

Ержан Жаубай ат спортының табиғаты бойынша элиталық спорт екенін мойындайды.

El/kz Мәди Ысқақ 

Ат спорты о баста элиталық және экстремалды спорт. Бірақ элиталық спорттың да талаптары бар. Ол үшін элиталық деңгейде инфрақұрылым, маман болу керек. Бізде оның ешқайсысы жоқ, – деп түйіндеді.

Егер ұлттық мақтаныш нақты жүйеге айналмаса, «аттың құлағында ойнайтын қазақ» бейнесі біртіндеп әдемі аңызға айналып кетуі мүмкін.

Оқи отырыңыз