19.04.2026
22:41
239

Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті

Көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады.

Ведомство марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша қазақ жұртына көңіл айтып, ақынның ел руханиятындағы орнына ерекше тоқталды.

Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады», – делінген министрлік таратқан мәліметте.

Мұхтар Шаханов - қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар тұлға. Ол өз ғұмырын шығармашылыққа, ұлт руханиятына арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. Шығармалары әлемнің 50-ден астам тілінде жарық көрді.

Мұхтар Шаханов – шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді.

Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды.

Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті.

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, кейін журналистика мен әдебиет саласында жемісті еңбек етті. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, «Лениншіл жас» басылымында қызмет атқарып, Қазақстан Жазушылар одағында, «Жалын» журналында жетекшілік қызметтерде болды.

Қоғам және саясат саласында да белсенділік танытқан ақын КСРО халық депутаты, Жоғарғы Кеңес мүшесі, Қазақстан Республикасының Халық депутаты болды. 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Кейін Мәжіліс депутаты болып, ел өміріндегі маңызды бастамаларға атсалысты.

Ақынның шығармашылық жолы ерте басталды. Өзі бұл туралы:

Алғашқы өлеңімді бала кезімде жаздым, кейін 16 жасымда республикалық газетке шықты. Сол кезде “16 жасар ақын шықты” деп жарияланды. Бүкіл Қазақстан шулады. Елдің түкпір-түкпірінен 400-ден аса хат келді. Екі адам іздеп келді, оның бірі – Шәмші Қалдаяқов, екіншісі – қазақтың дара тұлғалы ақыны Төлеген Айбергенов, – деп еді.

Мұхтар Шаханов тек әдебиетте ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді тұлға болды. Ол Арал мен Балқаш мәселесіне қатысты экологиялық қозғалысты басқарды, Желтоқсан оқиғасы кезінде әділетсіз шешімдерге қарсы шықты, сондай-ақ Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына ықпал етті.

Ақынның алғашқы өлеңі 1959 жылы жарияланып, 1966 жылы «Бақыт» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Кейін «Балладалар», «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Сенім патшалығы» сынды бірқатар еңбектері оқырманға жол тартты.

Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясына ғана емес, ұлттық руханиятқа терең із қалдырған тұлға. Оның шығармалары мен азаматтық ұстанымы халық жадында мәңгі сақталары анық.