12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікСоңғы жеті жылда Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 155 млрд долларды құрады. Инвестиция көлемі төмендегеннен кейін өңдеу өнеркәсібіне, қаржы секторына және байланыс саласына салынған қаражаттың артуы есебінен қайта өсе бастады.
Шетелдік инвестиция ағыны қалай өзгерді?
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, соңғы бес жылда тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағыны әлемдік экономикадағы тұрақсыздық, жаһандық жеткізу тізбектеріндегі өзгерістер және бірқатар ірі шикізат жобаларының аяқталуы салдарынан айтарлықтай құбылды.
2020 жылы коронавирус пандемиясынан туындаған жаһандық дағдарысқа байланысты инвестиция көлемі қысқарды. Ал кейінгі екі жылда ТШИ ағыны қайта жанданып, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі бері тіркелген ең жоғары көрсеткіштердің біріне жетті.
Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2022 жылы шарықтап, 28,2 млрд долларды құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 17,9 млрд долларға дейін төмендеді. Бұған Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын қоса алғанда, шикізат секторындағы ірі инвестициялық жобалардың аяқталуы себеп болды.
Теңізді кеңейту жобасы 2016-2024 жылдары шетелдік инвестиция көлемі бойынша ең ірі жобалардың бірі саналды. 2025 жылы «Теңізшевройл» құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңін аяқтап, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосты. Осылайша жоба инвестиция салу кезеңінен өндірістік пайдалануға өтті.
Қай салаларға инвестиция көлемі артты?
2025 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 20,5 млрд долларға дейін қайта өсті. Бұл өсімге, ең алдымен, шикізаттық емес салалардағы инвестициялардың артуы ықпал етті.
Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 47,4%-ға немесе 1,4 млрд долларға өсті. Қаржы қызметіне тартылған инвестиция 6,6 есе артып, өсім 3,6 млрд долларды құрады. Ал байланыс саласындағы көрсеткіш 2,5 есе немесе 800 млн долларға көбейді. Бұл ретте өндіруші сектордағы инвестицияның 47%-ға, яғни 3 млрд долларға қысқаруы ішінара өтелді.
Сонымен қатар шетелдік инвестициялардың құрылымы да өзгерді. Шикі мұнай мен табиғи газ өндіру саласына тартылған инвестиция көлемі 2022 жылғы 9,6 млрд доллардан 2025 жылы 615,9 млн долларға дейін азайды. Бұл кен орындарын кеңейтуге бағытталған ірі жобалардың аяқталуымен байланысты.
Химия өнеркәсібіне салынған шетелдік инвестиция көлемі 2021 жылғы 123 млн доллардан 2025 жылы 1,3 млрд долларға дейін өсті. Байланыс саласына тартылған инвестиция да 1,3 млрд долларға жетті. Ал қаржы және сақтандыру қызметіндегі көрсеткіш 4,1 млрд долларды құрады. Көлік саласына салынған инвестиция да артқан.
Қазақстанға қай елдер инвестиция салады?
Қазақстанның ірі инвесторлары қатарында Нидерланд, Ресей, Қытай, АҚШ, Швейцария және Франция бар. Соңғы жылдары Таяу Шығыс пен Азия елдерінен келетін инвестиция көлемі де өсті.
Біріккен Араб Әмірліктерінен тартылған инвестиция 2021 жылғы 328 млн доллардан 2025 жылы 1,6 млрд долларға дейін артты. Қатардан келген инвестиция көлемі 1,3 млрд долларға, ал Сингапурдан тартылған қаражат 1,4 млрд долларға жетті. АҚШ-тан келетін инвестиция көлемі ірі мұнай-газ жобаларының аяқталуы және шетелдік инвесторлардың капиталды кері қайтаруы аясында қысқарды.
Қазақстанның инвестициялық саясаты қосылған құны жоғары салаларға қаржы тартуға бағытталған. Басым бағыттардың қатарында көлік-логистика инфрақұрылымы, мұнай-газ химиясы, сирек жер металдары, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, жаңартылатын энергетика, агроөңдеу және жоғары технологиялық өндіріс бар.
Капитал тарту үшін Қазақстан арнайы экономикалық аймақтарды және инвесторларға арналған цифрлық сервистерді дамытып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін кеңейтіп, инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейтіп келеді.
Қазақстан Орталық Азияда қандай үлеске ие?
Қазақстан Орталық Азиядағы шетелдік инвестицияларды ең көп тартатын ел ретіндегі орнын сақтап отыр. БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының мәліметінше, 2025 жылы елдегі жаңа жобаларға салынған инвестиция көлемі 19 млрд долларға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 266%-ға көп.
Солтүстік және Орталық Азиядағы жаңа жобаларға бағытталған өңіраралық тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 89%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Осы көрсеткіш бойынша еліміз өңірде бірінші орынға шықты.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер