23.04.2026
10:20
191
Жаңалықтар

Қазақстанға Қытайдың тағы бір бренді келеді: Lepas көліктері несімен ерекшеленеді?

Қазақстан нарығына Chery Holding Group құрамына кіретін Lepas бренді ресми түрде ұсынылды. Бұл – кроссоверлерге бағытталған халықаралық суббренд. Жобаны ел аумағында іске асырумен Orbis Auto айналысады. Ал алғашқы модельдердің сатылымы 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Lepas қандай бренд

Lepas Chery компаниясының жаһандық даму стратегиясындағы жаңа бағыт саналады. Бренд халықаралық нарыққа шығуға басымдық беріп отыр. Алғаш рет 2025 жылы Қытайда таныстырылған марка кейін Индонезия мен Италиядағы автосалондарда көрсетілді. Сонымен қатар Испания, Ұлыбритания және Таиландтағы көрмелерге де қатысқан. Бұл оның қысқа уақыт ішінде түрлі елде таныстырылғанын көрсетеді.

Компания Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды бағыттардың бірі деп санайды. Елдегі автонарықтың қарқынды дамуы мен жаңа технологияларға қызығушылықтың артуы бренд үшін тиімді мүмкіндік ретінде бағаланып отыр.

Бренд атауы нені білдіреді

Lepas атауы үш ұғымнан құралған. Leopard – жылдамдық пен қуатты білдіреді. Leap – даму мен алға ұмтылысты көрсетсе, рassion – эмоция мен шабытты сипаттайды.

Қазақстанда қандай көліктер ұсынылады

Lepas Қазақстан нарығына бірнеше кроссовер моделін қатар ұсынуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта көлік түрлері тұтынушы сұранысына қарай көбейтіледі. Барлық көлік Chery әзірлеген LEX платформасына негізделген. Бұл платформа қозғалтқыш жүйелерін, электронды басқаруды, қауіпсіздік пен цифрлық сервистерді біріктіреді.

Сондай-ақ әртүрлі қозғалтқышты қолдануға мүмкіндік береді. Яғни бензинмен жүретін нұсқалар да болады. Гибридті модельдер де шығарылады. Толық электрлі көліктер де қатар дамиды. Бұл компанияға нарықтағы өзгерістерге жылдам бейімделуге мүмкіндік береді.

Қазір нақты қай модельдер бірінші болып сатылымға шығатыны белгісіз. Дегенмен компания жариялаған материалдарда Lepas L8 моделі көрсетілген. Сол себепті бұл кроссовер алғашқы болып келуі мүмкін деген болжам бар.

Lepas L4 қандай көлік

Lepas желісіндегі ең ықшам модель L4 болып саналады. Бұл бес орындық кроссовер негізінен қала ішінде жүруге арналған.

Фото: kelston.co.za

Көлік екі түрлі қозғалтқышпен ұсынылады. Біріншісі – 1,5 литрлік атмосфералық мотор. Оның қуаты 109 ат күшіне тең. Екінші нұсқасы – 1,5 литрлік турбоқозғалтқыш. Оның қуаты 147 ат күшіне жетеді.

Қарапайым нұсқасында механикалық беріліс қорабы орнатылған. Ал жоғары комплектацияларында роботтандырылған трансмиссия қолданылады. Бұл модель алғаш рет Оңтүстік Африка нарығында таныстырылған.

Lepas L6 ерекшелігі

L6 моделі толық электрлі кроссовер саналады. Ол соңғы технологияларға негізделген. Көлік бір электр қозғалтқышымен жабдықталған. Оның қуаты 242 ат күшіне тең.

Аккумулятор қуаты 67 киловатт/сағат шамасында. Бір толық қуатта шамамен 500 шақырымға дейін жүре алады. Бұл көрсеткіш оны күнделікті қолдануға да, ұзақ сапарларға да ыңғайлы етеді.

Фото: carz.com.my

Lepas L8 моделі

Lepas қатарындағы ең ірі модель L8 болып саналады. Бұл кроссовер әртүрлі нұсқада шығуы мүмкін. Оның ішінде бензинді, гибридті және толық электрлі жүйелер бар.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, гибридті нұсқасы ерекше назар аударады. Онда 1,5 литрлік турбоқозғалтқыш пен электр жүйесі біріктірілген. Мұндай көлік отынды үнемдеп жұмсайды. Орташа шығыны 100 шақырымға шамамен 4,5 литрді құрайды.

Фото: «AGR» баспасөз қызметі

Электр қуатымен 100 шақырымнан астам жол жүруге мүмкіндік бар. Ал толық қуатпен 1300 шақырымнан астам жол жүре алады. Бұл ұзақ сапарға шығатын жүргізушілер үшін тиімді шешімдердің бірі.

Сатылым туралы не белгілі

Қазір Lepas брендіне қатысты дилерлік желі мен нақты бағалар туралы толық ақпарат жарияланған жоқ. Компания бұл мәліметтерді алдағы уақытта кезең-кезеңімен ұсынатынын мәлімдеді.

Дегенмен жаңа брендтің Қазақстан нарығына келуі автосаладағы бәсекені күшейтіп, тұтынушылар үшін таңдау мүмкіндігін арттыра түседі.