Қазақстандықтар қыркүйектен бастап автокөлікті лизингке ала алады

Қазақстандықтар қыркүйектен бастап автокөлікті лизингке ала алады

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автокөлік лизингін іске қосу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа тетіктің ережелерін әзірлеуде. Бағдарлама 2026 жылдың қыркүйегінде іске қосылуы мүмкін.

Жаңа талаптардың басты ерекшелігі – лизинг бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін белгілеу. Ұсынылып отырған ережеге сәйкес, құны 20 млн теңгеге дейінгі автокөліктер үшін мөлшерлеме жылына 36%-дан аспауы тиіс. Ал бағасы 20 млн теңгеден жоғары көліктер мен қайталама лизинг шарттары үшін шекті көрсеткіш 46% деңгейінде белгіленуі мүмкін.

Қазір тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Талқылау 27 тамызға дейін жалғасады. Одан кейін құжат бекіту рәсімдерінен өтуі тиіс.

Лизинг деген не?

Автолизинг – автокөлікті ұзақ мерзімге жалға алып, кейін оны сатып алу мүмкіндігін беретін қаржылық құрал. Автонесиеден негізгі айырмашылығы — көліктің меншік иесі бірден азамат емес, лизингтік компания болады.

Клиент автокөлікті пайдаланып, шартта белгіленген төлемдерді тұрақты түрде төлейді. Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін көлікті алдын ала белгіленген қалдық құны бойынша сатып алу немесе оны лизингтік компанияға қайтару мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.

Автонесие кезінде азамат көлікті сатып алған сәттен бастап оның иесі атанады, бірақ несие толық өтелгенше автомобиль банк кепілінде болады.

Төлемдер ашық көрсетіледі

Жаңа ережелерде лизингтің толық құнын есептеу тәртібін нақтылау көзделген. Сонымен қатар лизингтік компания шартқа енгізе алатын қосымша төлемдердің тізімі белгіленбек.

Бұл азаматтарға әр компанияның ұсынысын салыстырып, көліктің ақырғы құны қанша болатынын алдын ала есептеуге мүмкіндік береді.

Лизингтің жеке тұлғаларға арналған пилоттық бағдарламасы Қазақстанда 2025 жылдың соңында іске қосылған еді. Алайда тәжірибе барысында бірқатар құқықтық және техникалық кедергілер анықталып, механизмді жетілдіру қажеттілігі туындады. Кейін «Қаржы лизингі туралы» заңға тиісті өзгерістер әзірленді.

Бағдарлама қашан басталады?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, лизингтік компаниялар жаңа механизмді іске қосуға дайындалып жатыр. Қажетті нормативтік құжаттар бекітілсе, жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы 2026 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастауы мүмкін.

Дегенмен 36% және 46% мөлшерлемелері әзірге түпкілікті бекітілген көрсеткіштер емес. Олар бұйрық жобасында ұсынылған шекті мөлшерлемелер. Нақты талаптар құжат ресми түрде қабылданғаннан кейін белгілі болады.

Жаңа тетік қазақстандықтарға автокөлік алудың тағы бір баламасын ұсынбақ. Яғни азаматтар көлікті міндетті түрде автонесиеге сатып алмай-ақ, лизинг арқылы пайдаланып, кейін оны сатып алу немесе қайтару мүмкіндігіне ие болады.

Оқи отырыңыз

{