Қазақстандық жас футболшылар Ташкентте жаппай ауруханаға түсті: елшілік мәлімдемесі

Қазақстандық жас футболшылар Ташкентте жаппай ауруханаға түсті: елшілік мәлімдемесі

Мадина Асылбекова
Фото: Telegram/KZ_Embassy

Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысуға барған қарағандылық жас футболшылар мен ересектердің бір бөлігі ауруханаға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың жағдайы тамақтан улану белгілеріне байланысты нашарлаған. Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мәлімдеді.

Елшілікке зардап шеккендер туралы ақпарат 2026 жылғы 1 қарашада түскен. Дипломатиялық өкілдіктің хабарлауынша, сенім телефонына қоңырау келіп түскен сәттен бастап консул Сәкен Пердебеков Ташкенттегі ауруханаға барып, зардап шеккендерге қажетті консулдық көмек көрсетіп жүр.

Елшіліктің сенім телефонына хабар түскен бойда консул Сәкен Пердебеков дереу ауруханаға барып, зардап шеккендердің жанынан табылды. Қазір ол оларға қажетті консулдық көмек көрсетіп жүр. Медициналық көмекке барлығы 19 адам жүгінген. Қазіргі уақытта Ташкенттегі №5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада 17 адам ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендердің барлығының жағдайы тұрақты. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деп хабарлады Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі.

2 қарашадағы мәлімет бойынша, медициналық көмекке барлығы 19 адам жүгінген. Оның ішінде 17 адам, яғни 11 бала мен 6 ересек инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Қалған екі адамның ауруханаға жатқызылған-жатқызылмағаны туралы мәлімет берілмеген.

Елшілік барлық науқастың жағдайы тұрақты екенін және оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі де ауруханаға барып, науқастардың емделу барысымен танысқан әрі зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездескен. Медициналық көмек көрсету мәселесі оның жеке бақылауында.

Сондай-ақ жағдайды Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Отабек Имамов бақылауына алған. Көмек көрсетуге Ташкент медицина университетінің профессорлары, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары және басқа да бейінді сарапшылар тартылған.

Елшілік мәліметінше, Dostlik Cup 2026 турнирін ұйымдастырушылар да зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.

Балалардың жағдайы қалай?

Оқиға туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде тараған. Қарағандылық балалардың ата-аналарының бірі Threads желісіндегі жазбасында 31 қазанда Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы астан кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтеріле бастағанын жазған.

Оның айтуынша, бір тәуліктің ішінде 15 бала сырқаттанған. Сондай-ақ ата-ана таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз баланың ауырмағанын атап өткен. Алайда бұл жағдайдың нақты себебі ресми түрде расталған жоқ.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің 2 қарашадағы мәліметінше, Ташкентте тамақтан улану белгілерімен 17 адам ауруханаға жатқызылған. Олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты.

Сыртқы істер министрлігі де Қазақстан азаматтарының жағдайын бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Қазақстандық дипломаттар зардап шеккендердің туыстарымен және медициналық мекемелермен тұрақты байланыста.

Балалардың бір бөлігі Қазақстанға қайтады

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ол Өзбекстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденеймен және команданың бас бапкерімен байланыста болған.

Уәкілдің мәліметінше, турнирге Қарағанды облысынан барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Қазіргі уақытта 11 бала Ташкент ауруханасында дәрігерлердің бақылауында.

Ауруханаға түскен балалар толық сауығып кеткенше Өзбекстанда қалады. Ал қалған балалар ата-аналарымен бірге 2 қарашада Қазақстанға оралуы тиіс.

Оқи отырыңыз

{