Қазақстандық тревел-блогер Forbes назарына ілікті

Қазақстандық тревел-блогер Forbes назарына ілікті

Айзат Айдарқызы
Фото: TatlerAsia

Forbes журналы дәстүрлі шолуында қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым туралы жазды. Мақалада одан бөлек 9 оқиға топтастырылған. 

Олар жыл сайын әлемнің түпкір-түпкірінде жарық көретін Forbes басылымдары жариялаған 10 үздік оқиғаны іріктеп алады. Биыл халықаралық редакция Forbes Kazakhstan басылымы жазған Дастан Мұхамедрахым туралы оқиғаны таңдап алған. Одан бөлек, Forbes-тің жаһандық редакциясы дәстүрлі шолуында Конго Демократиялық Республикасынан бастап Уругвайға дейінгі елдерде жарық көрген материалды топтастырған. 

Халықаралық басылым Дастанның бұрын қазақ тілі мұғалімі болғанын, бүгінде танымал видеограф әрі блогер ретінде таныстырған. 28 жастағы блогер Қазақстанның көрікті табиғаты мен әсем жерлерін бейнелейтін видеолар түсіреді. Қазір оның Instagram желісіндегі парақшасына 2,1 миллион адам тіркелген.

Forbes дерегінше, Дастанның командасында бес адам бар. Оның парақшасында жарияланатын бір жарнаманың құны кемінде 15 мың долларды құрайды. Блогермен серіктестік орнатқан компаниялардың қатарында Kaspi.kz финтех компаниясы, Air Astana және Turkish Airlines әуе компаниялары бар.

Дастан Мұхамедрахым биыл Forbes Kazakhstan басылымының «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енген. Сондай-ақ биыл мамыр айында Канн қаласында өткен WIBA Awards 2026 халықаралық марапаттау рәсімінде «Үздік тревел-блогер» аталымын жеңіп алды. Бұл марапатты цифрлық контент әлеміндегі «Оскар» деп те атайды.

Дастан Мұхамедрахым кім?

Дастан Мұхамедрахым – Абай облысының Ақсуат ауданы, Қызылкесік ауылының тумасы. Ол әлемде сирек қолданылатын гиперлапс форматында ерекше бейнероликтер түсіріп, табиғат көріністерін заманауи тәсілмен ұсынып жүр. Оның жұмыстары еліміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосып келеді.

Ол бастапқыда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Семейдегі БИЛ мектебінде шәкірт тәрбиелейді. 2019 жылы Астанаға қоныс аударып, видеограф болып жұмыс істейді. Алғашқы дронын сатып алады. Оның түнгі Астананың әдемілігін гиперлапс форматында түсірген видеосы әлеуметтік желіде кеңінен танымал болады. Артынша Қазақстанның көрікті жерлерін видеоға түсіріп, тұрақты әлеуметтік желіге жүктейді. Осылайша, Дастан тревел-блогер ретінде танылады.

Кейіннен Дастанға әлемдік компаниялардан ұсыныс түсіп, халықаралық келісімшартқа отырады. Биыл Marvel-дің жаңа «Өрмекші адам» трейлерінің тизерін алғашқылардың бірі болып жариялағандардың қатарына енді. Мамыр айында Францияның Канн қаласында өткен WIBA Awards 2026 халықаралық марапаттау рәсімінде Дастан Мұхамедрахым «Әлемнің үздік travel-блогері» марапатына ие болды.

Оқи отырыңыз

{