Бүгiн, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚандағы қант деңгейін тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін глюкоза сенсорлары соңғы жылдары қант диабетімен ауыратын адамдар ғана емес, денсаулығын жіті қадағалайтын жандар арасында да кеңінен қолданыла бастады.
Қандағы қантты үздіксіз бақылау құрылғысы деген не?
Бұрын қандағы қант деңгейін анықтау үшін зертханаға барып, қан талдауын тапсыру қажет болатын. Ал бүгінде шағын ғана сенсор адамның ағзасындағы өзгерістерді тәулік бойы бақылап, мәліметті бірден смартфонға жібере алады. Бұл технология CGM (Continuous Glucose Monitoring) немесе қандағы глюкоза деңгейін үздіксіз бақылау жүйесі деп аталады.
Соңғы жылдары мұндай құрылғыларды тек қант диабетімен ауыратын адамдар ғана емес, денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын азаматтар, спортшылар мен дәрігерлер де пайдалана бастады.
Жақында Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман да өзіне CGM сенсорын орнатқанын айтып, оның ағзаның әртүрлі тағамдарға қалай жауап беретінін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бүгін таңертең денсаулығым үшін шағын, бірақ маңызды қадам жасадым – өзіме қандағы глюкоза деңгейін үздіксіз бақылайтын құрылғы (CGM) орнаттым. Енді ағзамның әр тағамға қалай әсер ететінін нақты уақыт режимінде бақылап отырамын, – дейді Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.
CGM қалай жұмыс істейді?
CGM – тиын көлеміндей шағын құрылғы. Ол теріге жапсырылып, өте жіңішке сенсор арқылы тері астындағы сұйықтықтағы глюкоза деңгейін өлшейді. Жиналған мәлімет бірнеше минут сайын смартфонға жіберіліп, арнайы қосымшада график түрінде көрсетіледі.
Осының арқасында адам белгілі бір тағамды жегеннен кейін қандағы қанттың қалай өзгергенін, оның қаншалықты тез көтеріліп, қайта қалыпты деңгейге түскенін көре алады.
Неліктен қандағы қанттың күрт көтерілуі маңызды?
Көмірсуы көп тағамнан кейін қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауы – қалыпты физиологиялық құбылыс. Алайда мұндай өзгерістер жиі әрі тым жоғары болса, ағзаға қосымша салмақ түседі.
Мұндай жағдайда ұйқыбезі қандағы қантты жасушаларға жеткізу үшін көбірек инсулин бөледі. Ал пайдаланылмаған энергия май түрінде жиналады. Соның салдарынан адам қайтадан тез ашығып, артық тамақтануға бейім болуы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы қайталанатын мұндай жағдайлар артық салмақ пен зат алмасу бұзылыстарының даму қаупін арттыруы ықтимал.
Профессордың айтуынша, глюкоза – процестің тек жартысы ғана. Қандағы қант көтерілген кезде ұйқыбезі инсулин бөледі. Инсулин глюкозаның жасушаларға еніп, энергияға айналуына көмектеседі. Ал жұмсалмаған артық энергия май түрінде жиналады.
Яғни қандағы қант неғұрлым жиі әрі жоғары көтерілсе, ағза соғұрлым «қор жинау» режиміне көшеді. Мен үшін ең маңыздысы – инсулинге шамадан тыс жүктеме түсіретін тағамдарды анықтап, оларды біртіндеп өзгерту. Мақсат – көмірсулардан толықтай бас тарту емес, оларды ақылмен тұтыну, – дейді ол.
Диабеті жоқ адамға CGM қажет пе?
CGM ең алдымен қант диабетімен өмір сүретін адамдардың емі мен күнделікті бақылауына арналған медициналық құрылғы саналады.
Дегенмен соңғы уақытта кейбір адамдар оны өз ағзасының тағамға қалай жауап беретінін зерттеу үшін пайдаланып жүр. Мысалы, бір адамға сұлы ботқасы қандағы қантты баяу көтерсе, екіншісінде дәл сол тағамнан кейін көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Сол сияқты ұйқының сапасы, күйзеліс, дене белсенділігі мен тамақтану уақыты да глюкоза деңгейіне әсер етеді.
Алайда мамандар CGM көрсеткіштерін өз бетінше диагноз қою немесе ем тағайындау құралы ретінде қарастыруға болмайтынын ескертеді. Сенсордың мәліметін адамның жалпы денсаулық жағдайымен және дәрігердің қорытындысымен бірге бағалау маңызды.
Жасанды интеллект дұрыс тамақтануға көмектесе ала ма?
Алмаз Шарманның айтуынша, CGM-нен алынған мәліметтерді жасанды интеллект негізінде әзірленген арнайы платформалармен біріктіруге болады. Оның сөзінше, мұндай жүйелер адамның қандай тағам жегенін, қандағы қанттың қалай өзгергенін және соған сәйкес жеке тамақтану үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Яғни цифрлық сервистер жиналған деректерді талдап, белгілі бір адамның ағзасына қолайлы мәзір ұсынуға көмектесуі мүмкін. Дегенмен мұндай технологиялар дәрігердің кеңесін алмастырмайды және олардың тиімділігі әр адамда әртүрлі болуы ықтимал.
Саналы тамақтанудың жаңа кезеңі
Айта кету керек, денсаулықты сақтау тек калория санаумен шектелмейді. Ұйқы режимі, қозғалыс белсенділігі, күйзеліс деңгейі және тағамның ағзаға әсері де маңызды рөл атқарады.
Қандағы глюкоза деңгейін үздіксіз бақылау жүйелері осы өзгерістерді нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік береді. Ал мұндай мәліметтер адамға өз ағзасын жақсырақ түсініп, тамақтану әдетін саналы түрде өзгертуге көмектесуі мүмкін. Бірақ кез келген технологияны қолданғанда оның мүмкіндігімен қатар шектеулерін де ескеріп, медициналық мәселелер бойынша дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн.
Бүгiн, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыКеше, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды