Қазақстанда ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған жаңа заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат педагогтердің құқықтарын кеңейтіп, мәртебесін арттыруды көздейді.
Жаңа нормаларға сәйкес, педагогтердің жауапкершілігі енді тек оқу процесі жүріп жатқан уақытпен шектелмек. Сонымен қатар мұғалімдерден бір ақпаратты қағаз және электронды форматта қатар тапсыру талаптарын алып тастау жоспарланып отыр.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2020 жылдан бері педагогтерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартпау нормасы бар екенін еске салды.
Алайда бұл талап көбіне мектеп мұғалімдеріне қатысты болды. Енді біз бұл мәселені заң жүзінде шештік. Аталған норма мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы барлық педагогке ортақ болады, – деді депутат.
Сондай-ақ ол ҰБТ-ны айналып өту үшін қолданылып келген тетіктерге де тоқталды. Кейбір түлектер шетелдік жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсіп, кейін Қазақстан университеттеріне ауысып келген.
Енді педагогикалық мамандықтарға ауысу тәртібі қатаңдатылады. Аймағамбетовтің айтуынша, жетекші әлемдік университеттерден басқа кез келген шетелдік оқу орнынан педагогикалық бағытқа ауысатындар үшін ҰБТ тапсыру және арнайы емтиханнан өту міндетті болады.
Бұдан бөлек, ата-аналардың балалардың өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі үшін жауапкершілігі күшейтілмек. Мектептерде ұялы телефон қолданудың бірыңғай ережелерін бекіту де ұсынылып отыр. Бұған дейін депутаттар смартфондарды шектеу мәселесін көтерген болатын.
Заң жобасындағы жеке түзетулер блогы медициналық білім беру жүйесін жаңғыртуға арналған. Сонымен қатар оқушыларды ғылыми қызметке тарту тетіктерін жергілікті атқарушы органдар деңгейінде дамыту ұсынылды.