08.05.2026
13:01
244

Қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы дрон-футбол чемпионатында топ жарды

Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен халықаралық дрон-футбол чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді.

Астана мен Ақтөбе мектептерінің командалары 17 елден келген қарсыластарын басып озып, бірден бірнеше жүлделі орын иеленді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, FIDA USA Drone Soccer Championship халықаралық турнирі 30 сәуір мен 2 мамыр аралығында АҚШ-тың Калифорния штатындағы Палм-Спрингс қаласында өтті. Чемпионатқа әлемнің 17 елінен 100-ден астам команда қатысты. Қазақстан атынан бес команда бақ сынады. Оның төртеуі – Астанадан, біреуі Ақтөбеден барған.

Нәтижесінде қазақстандық оқушылар екі дисциплина бойынша алтын медаль жеңіп алып, елге оралды.

Жеке есептегі ең күрделі дисциплиналардың бірі – Super Pilot санатында Астана қаласындағы №8 мектептің 9-сынып оқушысы Амантай Арсен чемпион атанды. Ол жаттықтырушысы Жәнібек Ражабовтың жетекшілігімен барлық қарсыласынан басым түсті.

Ал екінші орынды тағы бір астаналық оқушы – №82 мектептің 8-сынып оқушысы Хайралла Айсұлтан иеленді. Оның жаттықтырушысы – Дінмұхамед Орынбасар.

Drone Soccer Class 20 командалық санатында қазақстандық командалар жүлделі орындарды өзара бөлісті. Жаттықтырушы Елаған Бауыржанұлы дайындаған Ақтөбедегі Kemel Bilim командасы үздік шықса, екінші орын Астанадағы №8 мектеп командасына бұйырды, үшінші орынды №82 мектеп иеленді.

Министрлік мәліметінше, оқушылар бұл жарысқа бір жылдан астам уақыт дайындалған. АҚШ-тағы турнирге дейін командалар Астанада өткен ресми ұлттық іріктеуден өтіп, кейін FIDA халықаралық федерациясы алдында өз өтінімдерін қорғаған.

Kazakhstan Drone Soccer Association директоры Әліхан Рыспай бұл жетістікті қазақстандық дрон-футбол тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі деп атады.

Біз Қазақстандағы қауымдастық өкілдері ретінде АҚШ-тағы жарысқа қатысу үшін ұзақ жұмыс істедік. Балалардың нәтижесін көріп, олардың халықаралық аренада өздерін дәлелдей алатынына сендік. Бұл – қазақстандық дрон-футболдың алғашқы үлкен халықаралық жеңістерінің бірі. Әр оқушы мен әр жаттықтырушыны мақтан тұтамын, – деді ол.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан Class 20 санатында, яғни диаметрі 20 сантиметрге дейінгі дрондар арасында барлық жүлделі орынды иеленді. Сонымен қатар Class 40 санатында да қазақстандық командалар жоғары нәтиже көрсетті.

Айта кетейік, дрон-футбол – технология мен спортты біріктіретін жаңа бағыттардың бірі. Ойын барысында қатысушылар арнайы қорғаныш сферасына орнатылған дрондарды басқарып, қарсылас қақпасына гол соғуға тырысады. Матч 5×5 форматында өтеді.

Kazakhstan Drone Soccer Association ұйымы 2024 жылы Оңтүстік Кореяда өткен DRONE EXPO Korea көрмесінен кейін құрылған. Қазір ұйым Қазақстанда дрон-футболды дамыту, мектептерде арнайы бағдарламалар енгізу және оқушыларды халықаралық жарыстарға дайындаумен айналысып келеді.