08.05.2026
14:08
322
Жаңалықтар

Қазақстандық molodoy әлемдік киберспорт жұлдызына қалай айналды

Бұл күндері еліміздің ең танымал киберспортшысы Данил «molodoy» Голубенко беделді турнирге қатысу үшін Астанаға ат басын бұрды. Жарыс 9 мамырда басталады, соған қарамастан жанкүйерлердің Голубенкомен суретке түсу үшін спортшы жатқан қонақ үйді сағаттап торуылдаған видеосы көптеп тарады.

Ал бұған дейін тіпті танымал бразилиялық футболшы Неймардың өзі жерлесімізбен түскен суретін желіде жариялаған еді. Осы орайда «molodoy» дегеніміз кім, ол қалайша әлемдік жұлдызға айналды деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Осыдан бірер күн бұрын елорда әуежайында PGL Astana 2026 турниріне қатысатын қонақтарды қарсы алу рәсімі өтті. Елордаға қазақстандық киберспортшы Данил «molodoy» Голубенко мен әйгілі бразилиялық FURIA командасы келді. Түнгі уақытқа қарамастан, киберспортшыларды күтіп алуға жиналған жастардың қарасы көп болған. Олар сүйікті киберспортшыларымен суретке түсіп, қолтаңба алуға асықты. Әсіресе қазақстандық жанкүйерлер Данил Голубенконы ерекше ықыласпен қарсы алды. Соңғы жылдары ол отандық аудитория үшін ең танымал әрі жақын ойыншылардың біріне айналған.

Ал енді жанкүйерлер FURIA командасы тоқтаған Hilton қонақ үй маңында да жиналып жатыр. Әлеуметтік желілерде ойыншыларды көруге, суретке түсуге және қолтаңба алуға тырысқан жасөспірімдердің видеолары кең таралуда.

Мектептен де қуыла жаздады

Қазақстандық киберспортшы Данил «Molodoy» Голубенко – бүгінде әлемдік Counter-Strike сахнасындағы ең жарқын жұлдыздардың бірі. 2025 жылдың сәуірінде ол алғаш рет ірі турнирде өнер көрсетсе, маусымда мейджордың плей-офф кезеңіне дейін жетті. Ал жыл соңында «Жылдың үздік жаңалығы» атанды. Бірақ оның бүгінгі жетістігінің артында тәуекел, отбасымен түсініспеушілік, мектептегі қиындықтар мен үлкен еңбек жатыр.

Данилдің айтуынша, бала күнінен спортқа жақын болған. Футбол мен каратеге қатысып жүрген жасөспірімнің өмірі ата-анасы сыйлаған ноутбуктан кейін түбегейлі өзгереді. Алғашында жай қызығушылық ретінде басталған ойын кейін кәсіби мақсатқа айналған. 12-13 жасында ол CS:GO ойынын ойнап, жергілікті турнирлерде көзге түсе бастайды.

14-15 жасында Данил өз командасын құрып, Қазақстанның түрлі қалаларындағы турнирлерге қатысады. Алайда дәл осы кезеңде оқу үлгерімі төмендеп, ата-анасымен жанжал жиілей бастайды. Сабақтан қалып, уақытын компьютер клубтарында өткізген жасөспірім тіпті мектептен шығарылуы да мүмкін еді. Осы жайттан соң ата-анасы ұлына: «егер мектепке бармасаң, компьютермен қоштасасың» деп нақты талап қояды. Ата-анасы оның компьютерін сатып жіберсе де, Данил жаттығуын тоқтатпаған. Cyber.sports.ru-ға берген сұхбатында өзіне жергілікті компьютер клубының иесі Әділ есімді ер азамат көмектескенін, ол жас ойыншыға тегін уақыт беріп қана қоймай, ата-анасына да түрлі сылтау айтып, қолдау көрсеткенін айтқан болатын.

Данил күн сайын Faceit платформасында ойнап, рейтингін 3000 ELO-ға дейін жеткізеді. Бірақ тез арада-ақ жоғары деңгейге көтерілуі күдік тудыра бастайды. Сол кездерде көпшілік оны чит қолданды деп айыптай бастаған.

Жоғалып кетіп, кейін қайта оралдың, демек читерсің дейді. Содан турнирлерге барып, бәрін көзбе-көз дәлелдеуге тура келді. Ештеңе қолданбай ойнадым, бәрі өз көздерімен көрді, – дейді ол.

Мектептегі қиындықтарға қарамастан Данил оқуын аяқтап, емтихандарын тапсырады. Университетке түсуге балы жеткенімен, жасөспірімнің қалауы басқа болды. Емтиханға екі күн қалғанда алғашқы кәсіби командасынан ұсыныс түседі. Ол келіскенімен, бұл шешім отбасында тағы түсініспеушілікке себеп болды.

Сол кезде ол туып-өскен Семейінен Астанаға көшіп келеді. Бір қызығы, алғашқы командасында жалақы да болмаған. Біраз уақыт достары мен таныстарының көмегімен күн көрген. Өзінің сөзінше, ата-анасы оның нақты немен айналысып жүргенін тіпті түсінбеген де екен.

Тәуекелден қорықпайды 

Бәрі алғашқы жүлдеден кейін өзгере бастайды. Данил турнирден ұтып алған ақшасын ата-анасына жібереді. Осы сәттен бастап отбасы да түсіністік таныта бастаған.

Барлық ойынымды көреді. Тіпті матч таңғы төртте болса да қарайды. Қарсыластарды жаттап алған. Бір күні анам «AWP-мен көбірек ойнасаңшы» деді. Сонда таңғалдым. Қазір бүгінгі деңгейімнің қаншалықты маңызды екенін менен де жақсы түсінеді, – деп еске алады ойыншы.

Кейін Molodoy-ды DMS командасы сынақ ойынына шақырады. Бір ғана жаттығудан кейін команда оған Сербиядағы буткемпке бірден келу керек екенін айтады. Барлығы санаулы сағат ішінде шешілген. Данил Астанадан Семейге асығыс барып, заттарын жинап, Белградқа ұшып кеткен.

Анасы бастапқыда қарсы болғанымен, кейін команда менеджерлері тікелей байланысқа шығып, жақындарын көндірген. Осылайша жас ойыншы алғаш рет халықаралық деңгейге қадам басады.

Арада жарты жыл өткенде оған әйгілі бразилиялық FURIA ұйымынан ұсыныс түскен, Данил тіл жағынан қиындық болатынын білсе де, ойланбастан келісім береді. Жаңа командасы да жас дарынның тезірек бейімделуіне барынша жағдай жасады. Ойыншыға ағылшын тілі курстары ұйымдастырылып, командаға тағы бір орыс тілді киберспортшы – латвиялық Марекс «Yekindar» Галинскис шақырылған. Ал аты аңызға айналған бразилиялық мерген Fallen жас ойыншыға жеке тәлімгер болған.

Үлкен турнирлерге қатысудан қорқыныш болған жоқ. Себебі өз орнымда екенімді жақсы түсіндім. Өзіме сендім, сондықтан қолымнан келмейтін шығар деген ой мүлде болған емес, – дейді Molodoy.

Бүгінде оның қоржынында бірнеше халықаралық трофей бар. Ол маусымның үздік ойыншылары рейтингінде алтыншы орынға дейін көтерілді.

Айта кетейік, PGL Astana 2026 турнирі 9-17 мамыр аралығында өтеді. Байрақты бәсекеде әлемнің ең мықты 16 Counter-Strike командасы бақ сынайды. Оның 12-сі Global VRS рейтингі арқылы тікелей шақырту алса, тағы төрт команда іріктеу кезеңінен өткен.

Плей-офф кезеңіне тек үздік сегіз команда ғана жолдама алады. Олар жалпы жүлде қоры 1,6 миллион долларды сарапқа салады. Турнирдің шешуші матчтары 15-17 мамыр күндері Barys Arena-да өтеді. Мыңдаған жанкүйер финалдық кездесулерді тікелей тамашалай алады.