Қазақстандық фермерлер Германияда өтіп жатқан көрмеде өз өнімдерін ұсынды

20 Қаңтар, 14:28 845

Қазақстандық фермерлер «Жасыл апта» халықаралық көрмесінде өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік «GFFA» азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі форумға қатысу үшін Германия астанасы Берлинге  барған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бастаған қазақстандық делегация «Жасыл апта» көрмесінің ресми ашылуына қатысты.

2024 жылғы халықаралық «Жасыл аптаның» ауқымды іскерлік бағдарламасы жетекші өндірушілердің озық тәсілдерімен және жетістіктерімен танысуға және бүкіл әлемнің ауыл шаруашылығы саласының көшбасшыларымен байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ербол Тасжүреков неміс және қазақстандық журналистерге берген сұхбатында.

Биыл көрмеге 20-дан астам қазақстандық компания қатысуда. Экспозицияда ет өнімдері, бие мен түйенің құрғақ сүті, ұн, өсімдік майлары, кондитерлік өнімдер, бал, жент, жеміс шырындары бар.

Оқи отырыңыз: 

Германия - Қазақстанның, әсіресе экономика мен ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды серіктесі. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 113,7 млн ​​долларды құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 18,3%-ға артық. Осы уақыт ішінде Қазақстаннан Германияға 26,2 миллион АҚШ доллардың ауыл шаруашылығы тауарлары экспортталды. Сонымен қатар негізгі жеткізілім балық филесі мен басқа да балық өнімдері болып келеді (16,9 млн АҚШ доллары; 2,2 мың тонна). Қазақстан өз кезегінде Германиядан тек шоколад және құрамында какао бар басқа да дайын өнімдерді 24 миллион АҚШ долларға импорттады. 

Ербол Тасжүрековтың айтуынша, германиялық инвесторлардың қатысуымен CLAAS және HORSCH компанияларының ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жобасы іске асырылған. Қазіргі уақытта Baumann GmbH компаниясының қуаты жылына 30 мың тонна қой етін өңдейтін зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде.

Германиядағы дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлардың ассортименті жыл сайын кеңейе түсетініне сенімдімін. Қазақстанның бұл көрмеге қатысуы дәстүрге айналды және іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін маңызды оқиға болып табылады, - деді вице-министр.

Жансая Әділбек
Бөлісу: