04.05.2026
15:00
161
Жаңалықтар

Қазақстанды «цифрлық хабқа» айналдыру жөнінде міндет қойдық – Тоқаев

Алматыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.

Жиында президент әлемде технологиялық трансформацияның жаңа кезеңі басталғанын атап өтіп, Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту стратегиялық басымдыққа айналғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі өзгерістердің ауқымы бұрынғы индустриялық революциялармен салыстыруға келмейді.

Жасанды интеллект жаһандық экономиканың басты арқауы, ал үлкен деректер қоры аса маңызды ресурс санала бастады. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллектіні аса маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Алдымызға Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойдық. Енді жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына енгізуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл бағытта ұлттық мүддені ұмытпай, «технологиялық сақтық шараларын» ескеру қажет екенін де атап өтті.

Мемлекет басшысы Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін нақты бағалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Оның пікірінше, қазіргі тәсілдер шынайы жағдайды толық көрсете алмай отыр.

Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған. Ішкі жалпы өнімді бес пайызға жеткізу туралы айтқанда, нақты экономика секторындағы өсім мен инновация нәтижесіндегі табыстың ара жігін ажырата білу керек. Жалпылама көрсеткіштер көбіне алдамшы көрініс қалыптастырады, – деді президент.

Осыған байланысты Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне нақты әдістеме әзірлеу тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық алшақтық мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, дамыған елдер мен дамушы мемлекеттер арасындағы айырмашылық артып келеді.

Жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы шешім қабылдамасақ, ертең бұл алшақтықты қысқарту қиынға соғады. Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ, – деді мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыру арқылы шешім қабылдау уақытын бірнеше күннен бірнеше секундқа дейін қысқарту қажет екенін айтты.

Жиында елімізде іске асырылып жатқан цифрлық жобалар да айтылды. Президент олардың тиімділігіне нақты мысалдар келтірді.

Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды. Салықтық әкімшілендіру жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартты. Smart Data Finance платформасы 78 дереккөзден мәлімет жинап, бюджетке қауіп төндіретін төлемдердің алдын алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, мұндай жобалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, жүздеген миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.

Президент қаржы секторындағы цифрландыруға да ерекше тоқталды.

Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Бұл бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакциялық шығындарды азайтады. Қазақстанның халықаралық қаржы орталығы ретіндегі әлеуетін күшейтеді, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, елде криптовалюта мен цифрлық активтерді реттейтін құқықтық база қалыптасқаны атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру нәтижесін нақты өлшейтін жүйе қажет екенін айтты.

Есепсіз дүниені басқару қиын. Сондықтан цифрландырудың нақты пайдасын жан-жақты зерделеу керек. Бізде басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, «не боламыз, не бордай тозамыз», – деді президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту үшін сапалы деректердің маңызына ерекше тоқталды.

Жүйеленген деректер – жасанды интеллектінің экономикалық негізі. Қазақ тілін цифрлық жүйелерге толық енгізу қажет. Әйтпесе, ең мықты алгоритмнің өзі дұрыс жұмыс істемейді, – деді ол.

Президент архивтердегі мәліметтерді цифрландыруды жеделдетуді тапсырды.

Президент сенімді цифрлық инфрақұрылымның маңызын атап өтіп, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауды тапсырды.

Есептеу қуатын, деректерді және байланыс арналарын бақылауда ұстау – технологиялық тәуелсіздіктің негізі. Дата-орталықтар сән үшін емес, экономиканың нақты тірегіне айналуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет екені айтылды.

Президент Қазақстанды аймақтық цифрлық хабқа айналдыру міндетін тағы бір мәрте атап өтті.

Қазақстанды «цифрлық хабқа» айналдыру жөнінде міндет қойдық. Ол үшін қауіпсіздік, инфрақұрылым және институционалдық тұрақтылық қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында президент жасанды интеллектіні өнеркәсіп саласына енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы оның ауқымымен емес, экономиканың нақты секторымен қаншалықты үйлесетінімен анықталады. Өндіріс – жаңа технологияларды сынайтын негізгі алаң, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол тау-кен, энергетика, агроөнеркәсіп және логистика салаларында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.