Бүгін Қазақстанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен қатар Кітапханашылар күні де аталып өтуде.
Қазіргі таңда елімізде 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Ал бұл салада 20 мыңға тарта маман еңбек етуде. Соңғы жылдары цифрландыру үдерісі қарқын алып, электрондық кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайызға артып, 718 мың адамға жетті. Ал кейінгі бес жылда онлайн оқырмандар саны 4 миллионнан асып, электронды форматта қаралған кітаптар саны 9 миллионнан асқан.
Алдағы уақытта Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында жаңа Президент кітапханаларын салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 36 қалалық және ауылдық кітапхана жаңғыртылып, 2026 жылы тағы 30 кітапхананы жаңарту көзделген.
Осы орайда Қазақстандағы ең ерекше кітапханаларға тоқталайық.
1. Ең алғашқы кітапхана
Қазақстандағы кітапхана ісінің бастауын Семей қаласындағы алғашқы қоғамдық кітапханамен байланыстыруға болады. Тарихи деректерге сәйкес, алғашқы кітапхана қазақ қауымын ағарту, оқу-білімге тарту мақсатында ашылған.
Оқи отырыңыз:
Бұл бастамаға «Оқуға ықыластылар», «Бастауыш білім алуға қамқорлық» қоғамдары және басқа да қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетіп, халық қаражатына кітапханалар ашыла бастады.
Дегенмен тарихи деректерде 1871 жылы Батыс Қазақстанда, Орал әскери бөлімінің жанынан халық оқырманханасы жұмысын бастағаны туралы мәлімет бар. Сондықтан да оны Қазақстандағы ең алғашқы кітапхана деп айтуға толық негіз бар.
Сонымен қатар еліміздегі алғашқы ірі кітапханалардың бірі 1883 жылы Семейде ұйымдастырылды. Бұл кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатарында ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлы да болған.
XIX ғасырдың аяғында Павлодар, Қарқаралы, Зайсан, Өскемен қалаларында да кітапханалар ашылды. 1906 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында кітапхана жұмыс істей бастады.
Алайда сол кезеңдегі цензураға байланысты кітап қоры өте шектеулі еді. Соған қарамастан, кітапханалар қазақ қоғамының рухани дамуына үлкен серпін берді.
Ал бүгінде Оралдағы Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – өңірдегі 360 кітапхананың әдістемелік орталығы.
2. Ең көп қолжазба мен сирек қорлар сақталған кітапхана
Еліміздегі сирек қорлар мен қолжазбаларға бай кітапханалардың бірі – Абай атындағы Абай облыстық әмбебап кітапханасы.
Бұл кітапхананың тарихы терең. Мұнда кезінде Абай Құнанбайұлы да тұрақты оқырман болған. Қорында 4 мыңнан астам сирек кітап сақталған.
Құнды кітапхананың ашылуына бірден-бір себепкер кесек тұлға Евгений Михаэлис болатын. 1869 жылы Е. Михаэлис Семей қаласына жер аударылып келеді. Ол жазасын өтей жүріп үлкен әлеуметтік жұмыстармен айналысып, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сол уақытта Михаэлис орыс география қоғамының «Известиясына» зерттеу мақала жазып, 1878 жылы ашылған Семей қаласындағы Облыстық санақ комитетін ұйымдастырды. Бұл комитет қазақ өлкесіндегі экономика, тарих, шаруашылық және табиғат мәселесін зерттейтін ғылыми мекеме болды. Соның қасынан шағын кітапхана қорын ашады. Өзі осы мекеменің тұңғыш төрағасы болды. Санақ комитетіне өзінің досы, қазақтың ойшылы Абай Құнанбайұлын мүшелікке кіргізді.
Абай Құнанбайұлы мен Евгений Михаэлистің таныстығы, достығы сол санақ комитетінің жанынан құрылған кітапханадан басталады, деп жазды adebiportal.kz. Абайдың қимас досы айдауда жүрген Михаэлиспен кездесуін жазушы Мұхтар Әуезов былайша айтады:
Михаэлис өзіне керек бір кітапты іздеп кітапханаға келіп тұрғанда, сол жерде Толстойдың кітабын сұрап Абай да тұр екен. Михаэлиске қыр қазағының сол кітапты сұрауы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайдан «Толстой неге керек?» деп сұрағанда, Абай өзінің кітап қарастырып жүрген жайын айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып әңгімелесіп-ақ кетеді. Таяу арада сыйлас, айырылмас дос адамдар халіне жететінін кім білген, – дейді.
Шежірелі тарихи бар кітап қазына орталығы 130 жылдан астам тарихы бар ең көне кітапханалардың бірі. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылы 8 желтоқсандағы шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілді.
Әдебиеттердің хронологиялық ауқымы XVIII ғасырдың екінші жартысынан XIX ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды.
3. Ең көп кітап қоры бар кітапхана
Қазақстандағы ең ірі кітап қоры Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында сақталған.
Мұнда 7 миллионнан астам кітап бар. Кітапхана 1910 жылы негізі қаланып, 1931 жылы Қазақ ССР-нің Мемлекеттік көпшілік кітапханасы мәртебесін алды.
Кітапхананың алғашқы директоры – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов. Ол кітапхана қызметінің негізгі міндеті ретінде «Қазақстан туралы және қазақ тіліндегі барлық баспа басылымдарын жинақтау» туралы мәселе көтерді. Кітапхана осы кезден бастап бүгінгі күнге дейін қазақ халқының және Қазақстанның басқа халықтарының жазба мәдениетін жинақтап, сақтаушы мемлекеттік ұлттық кітап қоймасы қызметін атқарып келеді. Оқырмандардың жыл сайынғы келушілер саны - 1 млн астам адам, кітап берілімі 2 млн данаға жуық. Оларға 1,5 мың орындық арнайы 14 оқу залы қызмет көрсетеді.
Бүгінде бұл мекеме республикадағы кітапханалардың ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде танылған.
4. Ең заманауи кітапхана
Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы – еліміздегі ең заманауи кітапханалардың бірі.
Жылдың басында кітапхананың 50 жылдығы және кітапханаға ақын есімі берілгеніне 30 жыл толуына арналған іс-шара өтті.
Модернизациядан кейін бұл кітапхана жастардың әдеби әрі мәдени орталығына айналды. Мұнда коворкинг аймақтар, Open Space форматындағы залдар, сондай-ақ Silent zone, Single zone, Public space секілді арнайы кеңістіктер қарастырылған.
2016 жылы кітапхана Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қосылды. Кітапхана қоры 320 906 дана кітаптан тұрады, жас оқырмандарға кең таңдау мүмкіндігін ұсынады.
5. Ең цифрлы кітапхана
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – еліміздегі цифрлы технологиялар бойынша көшбасшы кітапхана.
2004 жылы ашылған бұл мекеме «Қазақстандық электрондық мемлекеттік кітапхана қоры» (kazneb.kz) жобасын жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда порталға 70 мыңнан астам электронды материал енгізілген.
ҚР ҰАК әмбебап басылымдарды сақтау және жинақтау, заманауи ақпараттық технологиялар негізінде физикалық және қашықтағы пайдаланушыларға қызмет көрсету бойынша еліміздегі ең ірі кітапханалардың бірі. Кітапхана өз қызметін кітапханалық қызметтің негізгі түрлерінің ақысыз принципіне негіздейді және мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік қолдауды қажет ететін қоғам мүшелеріне қалтқысыз қызмет көрсетеді.
Оқырмандар билігінде ақпараттық және сервистік қызметтің толық жиынтығы бар: электронды каталог, Интернет пен қашықтықтағы деректер базасына қолжетімділік, виртуальды анықтамалық қызмет, құжаттарды электронды жеткізу, кітаптар, газет-журналдар, мультимедиялық басылымдардың бай топтамасы.
ҚР ҰАК-ның қорында 1 500 000- дай басылым бар. Оқу залдары бір мезгілде 700-ден астам оқырманды қабылдайды.
Бұған дейін еліміздің қай өңірлерінде кітапханалар көптігі туралы жазғанбыз. Сонымен қатар белгілі түрколог Ясауи университетінің кітапханасына 3000 кітап сыйға тартты.