Қазақстандағы ең бойшаң ару диплом алды: спортшы жайлы қызық деректер

Қазақстандағы ең бойшаң ару диплом алды: спортшы жайлы қызық деректер

Көктем Қарқын
Фото: El.kz

Спортшы Аяжан Амангельдиева Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасын сәтті аяқтап, диплом алды. Университет ұжымы оны оқуын тәмамдауымен құттықтап, алдағы спорттық мансабына сәттілік тіледі.

Бойы екі метрден асатын адамдар әлемде де, Қазақстанда да өте сирек кездеседі. Сондықтан мұндай ерекше жандар қай жерде жүрсе де көпшіліктің назарын өзіне аударады. Солардың бірі – бойы 205 сантиметр болатын қазақстандық спортшы Аяжан Амангельдиева.

Аяжан – кәсіби спортшы. Ол ұзақ жылдар бойы волейболдан ел намысын қорғап, Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, халықаралық жарыстарда жүлде алған. Қазір спортшы жаңа белесті бағындырып, баскетболда өнер көрсетіп жүр.

Спортқа бес жасында келген

Аяжан спортқа бес жасынан келген. Ұзақ жыл бойы волейболмен шұғылданып, Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді. Ол Өскеменнің «Алтай» және Ақтөбенің «Ақтөбе» клубтарының намысын қорғады.

2025 жылдан бастап спортшы жаңа бағытты таңдап, баскетболға ауысты. Қазір Алматы қаласының «Томирис» баскетбол клубында өнер көрсетіп жүр.

Фото: әлеуметтік желіден

Бойы атасынан берілген

Аяжанның ерекше бойының сыры – арғы тегінде жатыр. Оның айтуынша, бойының ұзын болуы генетикамен байланысты.

Спортшының әкесінің бойы – 185 сантиметр, анасы – 178 сантиметр. Ал өзі бойы 210 сантиметр болған атасына тартқан. Жасөспірім кезінде бойы өте жылдам өсіп, мектеп қабырғасында-ақ қатарластарынан айқын ерекшелене бастаған.

Бүгінде өз бойын артықшылық деп қабылдайтын Аяжан үшін мектеп кезеңі оңай болмаған.

Ол қатарластарынан ерекшеленгені үшін өзіне деген сенімсіздікті бастан өткергенін айтады. Кейде сыныптастарының әзілі мен орынсыз пікірлеріне тап болған. Тіпті кейбір мектеп іс-шараларына бойының ұзындығына байланысты қатыстырылмаған кездері де болған.

Фото: әлеуметтік желіден

Дегенмен уақыт өте келе спорт пен отбасының қолдауы оған өз ерекшелігін қабылдауға көмектескен.

Қазір спортшы бойының мін емес, керісінше өзіне күш пен сенімділік сыйлағанын айтады. Оның пікірінше, ерекше сырт келбет ерте жастан көпшіліктің назарында жүруге, сынға төтеп беруге және өз болмысын қабылдауға үйреткен.

Күнделікті өмірдегі қолайсыздықтар

Аяжан үшін күнделікті өмірде үлкен қиындық жоқ. Ол өз бойына бейімделіп кеткенін айтады.

Дегенмен кейбір тұрмыстық заттар 205 сантиметр бойға арналмаған. Мысалы, жиһаз, қоғамдық көлік, қонақүй төсектері немесе кейбір ғимараттарда ыңғайсыздық сезіледі. Бірақ мұны ол мәселе емес, үйреншікті жағдай деп қабылдайды.

Ал ең үлкен қиындықтың бірі – киім мен аяқ киім табу.

Спортшы көбіне арнайы тіктірілген киімге немесе үлкен өлшем шығаратын брендтерге жүгінеді. Ал спорттық киім мен аяқ киімде мұндай мәселе сирек кездеседі.

 

Оқи отырыңыз

{