Қазақстандағы емханалар жаңаша жұмыс істейді: МРТ, КТ және дәрігерлер бір жерде болады

Қазақстандағы емханалар жаңаша жұмыс істейді: МРТ, КТ және дәрігерлер бір жерде болады

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында Алматыдағы №37 қалалық емхананың тәжірибесі бүкіл елге енгізілмек. Жаңа стандартқа сәйкес, тұрғындар бір медициналық мекемеде дәрігердің қабылдауынан өтіп, қажетті диагностикалық тексерулер мен ем алу мүмкіндігіне ие болады.

Алматының Бостандық ауданында орналасқан №37 қалалық емхана 2025 жылы салынып, 2026 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта медициналық мекеме 41,5 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Емхана бір ауысымда 500 пациентті қабылдауға есептелген.

Денсаулық сақтау министрлігі аталған емхананың жұмыс тәжірибесін еліміз бойынша енгізілетін Бірыңғай алғашқы медициналық-санитариялық көмек стандартының негізі ретінде таңдады.

Барлық медициналық қызмет бір жерде көрсетіледі

Жаңа стандарттың басты ерекшелігі – пациенттердің қажетті медициналық қызметтерді бір мекемеден алуына жағдай жасау.

Алматыдағы №37 емханада магниттік-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ), рентген, маммография, зертханалық және эндоскопиялық зерттеулер жүргізіледі.

Сонымен қатар мұнда скрининг орталығы, күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия және оңалту орталығы жұмыс істейді.

Осылайша тұрғындар тексеруден өту немесе ем қабылдау үшін бірнеше медициналық мекемеге бармай-ақ, қажетті көмекті бір жерден ала алады.

Дегенмен МРТ мен КТ сияқты зерттеулер медициналық көрсетілімдерге, қолданыстағы ережелерге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебеге сәйкес жүргізіледі.

Электронды кезек пен цифрлық қызметтер енгізіледі

Жаңа үлгі бойынша емханаларда электронды кезек жүйесі жетілдіріліп, пациенттер медициналық көмектің шұғылдығына қарай бөлінеді.

Сондай-ақ тұрғындарға ыңғайлы болу үшін ең көп сұранысқа ие кабинеттер ғимараттың бірінші қабатына орналастырылады.

Медициналық мекемелерде электронды жазылу, телемедициналық кеңес беру және басқа да цифрлық қызметтер дамытылады.

Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалып, үйіне барып медициналық көмек көрсететін мобильді бригадалардың жұмысы күшейтіледі.

Емханалар үш деңгейге бөлінеді

Бірыңғай стандартқа сәйкес, медициналық мекемелер қызмет көрсететін тұрғындар санына байланысты үш санатқа бөлінеді:

Бұл көрсеткіштер бір ауысымда қабылданатын пациенттер санына қатысты.

Жаңа жүйе аясында дәрігерлердің кейбір күнделікті міндеттері тиісті біліктілігі бар мейіргерлерге беріледі. Сонымен бірге медициналық қызмет сапасына ішкі бақылау күшейтіледі.

Дәрігер қабылдауын екі аптаға дейін күту мәселесі шешіле ме?

Қазақстанда бейінді мамандардың қабылдауына жазылу мәселесі әлі де өзекті. Кейбір медициналық мекемелерде пациенттер дәрігерге қаралу үшін екі аптаға дейін күтуге мәжбүр.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі екенін мойындаған.

Мәселені шешу үшін дәрігерлердің жұмыс кестесін бірыңғай цифрлық жүйеде қалыптастыру жоспарланып отыр. Емханалар қабылдау кестесін кемінде 30 күн бұрын жариялауы тиіс.

Сонымен қатар медициналық мекемелердің жұмысы жаңа 100 балдық жүйемен бағаланбақ. Бағалау кезінде дәрігер қабылдауын күту уақыты, диагностикалық тексерулердің қолжетімділігі, емдеу сапасы және пациенттердің қанағаттану деңгейі ескеріледі.

Бұдан бөлек, қазан айынан бастап елімізде дәрігер қабылдауына жазылу мүмкіндігі екі апта сайын тексеріле бастады.

Жаңа стандарттың негізгі мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, кезектерді азайту және тұрғындарға қажетті қызметтерді бір жерде көрсету. Алматыдағы №37 емхананың тәжірибесі осы өзгерістерді Қазақстанның өзге өңірлерінде жүзеге асыруға негіз болмақ.

Оқи отырыңыз

{