Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып қалалық әуе мобильділігінің толыққанды экожүйесін дамытуға қадам жасады. Енді елде аэротакси, жүк жеткізетін дрондар және цифрлық әуе навигациясы жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Alatau City аумағында eVTOL санатындағы инновациялық электрлі ұшу аппаратының алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті. Бұл технология әлемде аэротакси ретінде танылып келеді.
Жоба қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясының АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Италияның технологиялық серіктестерімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Жобаны дамытуға тартылатын инвестиция көлемі 300 миллион АҚШ долларына бағаланған.
Демонстрациялық ұшуға бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity аппараты қатысты. Ұшу көлігі 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған және сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады. Сонымен қатар құрылғы атмосфераға зиянды қалдық бөлмейді әрі іс жүзінде дыбыссыз жұмыс істейді. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы сынақ бортта адамсыз өткізілген.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтты.
Бүгін Қазақстан жаңа буын көлігін дамытуда маңызды қадам жасап отыр. Біз тек аэротакси емес, вертипорттардан бастап цифрлық навигация мен жүк дрондарына дейінгі тұтас экожүйе құру туралы айтып отырмыз. Қазақстанда төмен биіктіктер экономикасы осылай қалыптаса бастайды, – деді министр.
Іс-шара барысында Keeta Drone мен A2Z компанияларының жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз аппараттары да таныстырылды. Олар арнайы UATM цифрлық навигациялық платформасы арқылы басқарылады.
Жобаның аясында Alatau City-де алғашқы вертипорттың құрылысы басталған. Бұл – аэротаксилердің ұшып-қонуына және қуатталуына арналған арнайы алаң. Болашақта әуе мобильділігі желісі Alatau City, Алматы және Алматы облысындағы туристік аймақтарды байланыстырады деп жоспарланып отыр.
Мәселен, жоба жүзеге асса, Алматы әуежайынан Медеуге дейінгі жол небәрі 10-12 минутқа созылуы мүмкін.
AAAG компаниясының мәліметінше, жоба тек жаңа көлік түрін енгізумен шектелмейді. Негізгі мақсат – жаңа индустрия қалыптастыру, инфрақұрылым дамыту және қазақстандық мамандарға жаңа жұмыс орындарын ашу.
Айта кетейік, 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойған болатын. Құжат Urban Air Mobility жүйесін дамытуға арналған арнайы құқықтық режимдер мен әуе аймақтарын құруды қарастырады.
Қазір AAAG компаниясы мемлекеттік органдармен бірге жаңа саланы реттейтін 40-қа жуық нормативтік құжатты әзірлеуге қатысып жатыр. Сонымен қатар компания AutoFlight-пен V2000/V5000 сериялы 50 аппаратты жеткізу туралы меморандумға қол қойған.
Мамандардың айтуынша, eVTOL технологиялары қазір электромобильдер бірнеше жыл бұрын өткен даму кезеңін бастан кешіріп жатыр. Ал Қазақстан бұл бағыттағы жаһандық өзгерістерге алғашқылардың бірі болып қосылған елдердің қатарына енуі мүмкін.